Витаминдер ерекше органикалық заттар

Сабақ тақырыбы мен мақсаты

8-сынып. Сабақтың тақырыбы: §51. Витаминдер.

Білімділік

Витаминдер, олардың ашылу тарихы, түрлері, ағзадағы маңызы, жетіспегенде және артық болғанда туындайтын аурулар туралы түсінік қалыптастыру.

Тәрбиелік

Оқушылардың сөйлеу мәдениетін дамыту, ел дамуына үлес қоса алатын білімді, мәдениетті, парасатты азамат болып қалыптасуына ықпал ету.

Дамытушылық

Пәнге қызығушылықты арттыру, дүниетанымды кеңейту, ой-пікірін еркін жеткізу дағдысын дамыту.

Пәнаралық байланыс

Биология · ағылшын тілі · орыс тілі · медицина

Сабақ форматы

Баспасөз конференциясы

Көрнекілік

  • Н. И. Луниннің фотосуреті
  • Витаминдер муляжы
  • Электрондық оқулық
  • Флипчарт

Сабақ барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

Сыныптың сабаққа дайындығын тексеру, жұмыс ретін нақтылау.

2) Үй тапсырмасын тексеру (ойын элементі)

Тақтадағы тағам суреттерінің артына сұрақтар жасырылған. Оқушы дұрыс жауап бергенде ғана тағамды «жинай» алады.

Сұрақ Жауап
Зат алмасуды ғылыми түрде қалай атайды? Метаболизм
Заттар мен энергияның алмасуы неше сатыдан тұрады? 2
Энергетикалық алмасу дегеніміз не? Органикалық заттар ыдырағанда энергия бөлінетін реакциялар жиынтығы
Энергияны өлшеу бірлігі Джоуль
Энергетикалық алмасу неше кезеңнен тұрады? 3
Кезеңдерін ата Дайындық, оттексіз, оттекті
Дайындық кезеңінде энергия қайда жұмсалады? Жылу түрінде бөлінеді
Оттексіз кезең қайда жүреді? Цитоплазмада
Анаэробты дегеніміз не? Оттексіз
Оттекті алмасу қайда жүреді? Митохондрияда
1 г май ыдырағанда қанша энергия бөлінеді? 39,1 кДж

3) Жаңа тақырып: «Витаминдер» (баспасөз конференциясы)

Сабақ сценарийі

Бір апта бұрын төрт оқушыға арнайы рөлдік тапсырма берілді. Олар сабаққа өз рөлі бойынша дайындалып келеді: ҚР Президенті, ҚР Денсаулық сақтау министрі, ҚР Тамақтану академиясының президенті, вице-президенті. Сонымен қатар «шетелдік және отандық тілшілер» қатысады.

Витаминдер туралы кіріспе

Витаминдер — ерекше органикалық заттар. Адам оларды өте аз мөлшерде ғана қажет етеді, бірақ витаминсіз ағзаның қалыпты жұмыс істеуі мүмкін емес. «Витамин» сөзі латын тілінен шыққан: vita — өмір, amine — азотты қосылыс.

Тарихи деректер

  • 1880 жыл: орыс дәрігері Николай Иванович Лунин (1853–1957) тышқандарға тәжірибе жасап, табиғи тағам құрамында ағзаға қажет ерекше заттар бар екенін дәлелдеді.
  • Кейбір елдерде қабығынан тазартылған күрішті көп тұтынудан бери-бери ауруы тараған. Күріш қабығынан бөлінген кристалдық заттың аз мөлшері ауруды жеңілдеткенін 1911 жылы К. Функ дәлелдеді.
  • 1922 жыл: орыс дәрігері Н. А. Бессонов қарағай бұтағы мен лимоннан аскорбин қышқылын (С) бөліп алды.

Қазіргі дерек

Қазіргі кезде витаминдердің 30-ға жуық түрі белгілі.

Кімдерге маңызды?

Әсіресе балалар мен жасөспірімдердің өсуі мен дамуына қажет.

Тәуліктік қажеттілік

Адамға тәулігіне шамамен 180–200 мг витамин қажет.

Витамин жетіспесе

Авитаминоз дамиды.

Витамин тым көп болса

Гипервитаминоз (улану белгілері) байқалуы мүмкін.

Витаминдерді жіктеу

Ерігіштігіне қарай витаминдер екі топқа бөлінеді:

Майда еритін

A, D, E, K

Суда еритін

C, PP, B тобы

Витаминдер латын әріптерімен белгіленеді: A, B, C, D және т.б.

Майда еритін витаминдер (A, D, E, K)

A витамині (ретинол)

  • Өсу мен дамуға әсер етеді, иммундық қорғанысты күшейтеді.
  • Көру қабілетін жақсартады.
  • Жетіспесе: тері құрғап, жарылуы; «ақшам соқырлық» (түнде нашар көру).
  • Көздері: сүт, бауыр, қызанақ, өрік, асқабақ.
  • Тәуліктік мөлшері: 2,5–10,5 мг.

D витамині (кальциферол)

  • Күннің ультракүлгін сәулесінің әсерінен теріде түзіледі.
  • Сүйек ұлпасының беріктігін қамтамасыз етеді.
  • Жетіспесе: сәбилерде мешел (рахит), қаңқаның дұрыс қалыптаспау қаупі.
  • Көздері: балық уылдырығы, құс еті, жұмыртқа.
  • Тәуліктік мөлшері: 2,5 мг.

E витамині (токоферол)

  • Зат алмасуға және көбею қызметіне әсер етеді.
  • Эритроцит қабықшасын зақымданудан қорғайды.
  • Жетіспесе: қаңқа бұлшықеттерінің әлсіреуі, жыныс бездерінің қызметінің төмендеуі.
  • Көздері: өсімдік майы, жұмыртқа, көкөністер, жасыл жапырақтылар.
  • Тәуліктік мөлшері: 10–20 мг.

K витамині (филлохинон)

  • Қанның дұрыс ұюына қажет.
  • Жетіспесе: қанның ұюы бұзылады.
  • Ішектегі микроорганизмдер синтездейді.
  • Көздері: қырыққабат, қызанақ, бауыр.
  • Тәуліктік мөлшері: 0,2–0,3 мг.

Суда еритін витаминдер (C, PP, B тобы)

C витамині (аскорбин қышқылы)

  • Жұқпалы ауруларға қарсы тұру қабілетін арттырады.
  • Сүйек пен тістің беріктігіне ықпал етеді.
  • Тотығу кезінде зиянды қосылыстардың түзілуін тежейді.
  • Жетіспесе: құрқұлақ, қызыл иектің қанауы.
  • Көздері: бұрыш, аскөк, көк жуа, қызанақ, қырыққабат, картоп, лимон, құлпынай, итмұрын.
  • Тәуліктік мөлшері: 60–100 мг.

B1 витамині (тиамин)

  • Зат алмасуға қатысады.
  • Ас қорыту сөлдерінің бөлінуін күшейтеді, жүрек жұмысын қолдайды.
  • Жетіспесе: бери-бери, жүрек және асқазан қызметінің бұзылыстары.
  • Көздері: бауыр, бүйрек, ет, сүт.

B2 витамині (рибофлавин)

  • Ұрықтың және баланың өсуі мен дамуына қатысады.
  • Жетіспесе: көздің мөлдір қабықшасының қабынуы, катаракта қаупі.
  • Көздері: бауыр, ет, сүт, жұмыртқа, бұршақ.

B5 витамині (пантотен қышқылы)

  • Май қышқылдарын және бүйрек безі гормондарын түзуге қажет.
  • Жетіспесе: әлсіздік, тез шаршау, бас айналу, терінің жарылуы; ауыз шырышты қабықшасының бұзылуы; жүйке жүйесі шағымдары.
  • Көздері: бидай, бұршақ, картоп, бауыр, жұмыртқа, теңіз балықтары.

B6 витамині (пиридоксин)

  • Нәруыз алмасуына және ферменттердің түзілуіне қатысады.
  • Аминқышқылдар алмасуын реттейді.
  • Жетіспесе: қояншық, селкілдеуік, қаназдық.
  • Көздері: бидай, бұршақ, ірімшік, сиыр еті, бауыр, теңіз балықтары.
  • Тәуліктік мөлшері: 2,3 мг.

B12 витамині (цианкобаламин)

  • Қан түзілуіне қажет, жүйке ұлпасының өсуін реттеуге қатысады.
  • Жетіспесе: қаназдық.
  • Көздері: бауыр, бүйрек.
  • Тәуліктік мөлшері: 2–3 мг.

PP витамині (никотин қышқылы)

  • Ішек-қарын қызметіне, жасушалық тыныс алуға және бауыр қызметіне әсер етеді.
  • Жетіспесе: дәрменсіздік, теріде дақтар мен көпіршіктер; пеллагра қаупі.
  • Көздері: бауыр, жұмыртқа, қара нан, жаңғақ.
  • Тәуліктік мөлшері: 15–25 мг.

Витаминдердің сақталуы және қауіпсіз қолдану

Тағамды сақтау және өңдеу кезінде витаминдер бұзылуы мүмкін. Әсіресе C витамині жылуға және ұзақ сақтауға сезімтал. Сондықтан жеміс пен көкөністі қабығын мүмкіндігінше жұқалап аршу ұсынылады.

Авитаминоз

Витамин жетіспегенде зат алмасу бұзылып, әлсіреу және түрлі ауру белгілері пайда болады.

Гипервитаминоз

Витаминді шамадан тыс қабылдау улануға әкелуі мүмкін. Дәрумендік препараттарды тек дәрігер кеңесімен қолдану қажет.

Халық даналығы: «Ас жүрген жерде ауру жүрмейді». Демек, күнделікті тамақ сапасы мен әртүрлілігі — денсаулықтың маңызды тірегі.

Денсаулық және қоғам: негізгі ойлар

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымдарының деректеріне сәйкес, адамның денсаулық жағдайы өмір салты мен тамақтануға шамамен 70% тәуелді.

«Ас адамның арқауы»: күш-қуат ең алдымен тағам арқылы келеді. Әсіресе бала күніндегі дұрыс тамақтану — болашақ денсаулықтың іргетасы.

Әл-Фараби қағидасы

«Адам денесінің жетілуі — денсаулық: егер дені сау болса, оны сақтамақ керек; ал егер сау болмаса, денді сауықтыру керек».

Сұрақ-жауап (тілшілер сұхбаты)

1) Қуырылған ұлттық тағамдар туралы

Сұрақ: Неге қазақ халқы бауырсақ, қуырдақ сияқты қуырылған тағамдарды жиі тұтынады?

Жауап: Бұл — ұлттық тағамдар. Дегенмен денсаулық үшін мөлшерді сақтау және жалпы рационның теңгерімі маңызды.

2) Ұнды байыту тәжірибесі

Сұрақ: Ұнды қайта өңдеу кезінде витаминдердің көп бөлігі жоғалады. Қазақстанда ұнды витаминдермен және минералдармен байыту бар ма?

Жауап: Иә. Бұл әдіс Қазақстанда 2002 жылдан бастап енгізілді: витаминдермен, темірмен және мырышпен байытылған жоғары және бірінші сұрыпты бидай ұны өндіріледі.

3) Майлы тағам дәстүрі және холестерин

Сұрақ: Майлы тағамды көп тұтыну холестеринді арттырады. Бұған не дейсіз?

Жауап: Көшпелі өмір салтында суыққа төтеп беру үшін қуаттылығы жоғары тағам қажет болған. Қазіргі жағдайда бұл әдетті денсаулыққа сай бейімдеу, мөлшерді бақылау маңызды.

4) Азық-түлік құнарлылығы неге төмендеуі мүмкін?

Сұрақ: Бұрынғыға қарағанда қазіргі көкөніс пен еттің құнарлылығы төмен деген пікір бар. Себебі неде?

Жауап: Себептердің бірі — экологиялық факторлар: топырақ, ауа және су құрамының ластануы өнім сапасына әсер етуі мүмкін.

5) Дәстүрлі тағам мен авитаминоз

Сұрақ: Қазақ халқы бұрын көкөніс пен бау-бақшаны аз өсірсе де, авитаминозбен көп ауырмағаны неліктен?

Жауап: Ет пен сүт өнімдерін тұрақты тұтыну рационда A, D, K, B12 сияқты витаминдердің жеткілікті болуына ықпал еткен.

6) Авитаминоздың алдын алу

Сұрақ: Авитаминоздың алдын алу үшін не істеу керек?

Жауап: Рационды үнемі әртараптандыру, көкөніс пен жеміс-жидекті көбірек тұтыну, маусымдық тағам таңдауға мән беру.

Сабақты қорытындылау және бекіту

Бекіту сұрақтары

  1. Витаминдер дегеніміз не? Олардың түрлері қандай?
  2. Витамин жетіспегенде немесе шамадан тыс қабылдағанда қандай аурулар туындайды?

Кесте тапсырмасы

Кестені толтырыңдар: витамин түрі, қорек көзі, ағзадағы маңызы, тәуліктік мөлшері, жетіспегенде туындайтын аурулар.

Витамин Қорек көзі Ағзадағы маңызы Тәуліктік мөлшері Жетіспесе
A
D
C
B
K
E
PP

«Құпия сан» ойыны (3 минут)

Шарт: дайын алты ұғым берілген. Мұғалімнің сұрағына сәйкес дұрыс нөмірді таңдайсыңдар.

Берілген ұғымдар

  1. Авитаминоз
  2. Токоферол (E)
  3. Тиамин (B1)
  4. Гипервитаминоз
  5. Никотин қышқылы (PP)
  6. Кальциферол (D)

Сәйкестендіру

  1. Витаминдерді шамадан тыс қабылдау — 4
  2. D витаминінің атауы — 6
  3. PP витаминінің атауы — 5
  4. E витаминінің атауы — 2
  5. Витамин жетіспеушілігі — 1
  6. B1 витаминінің атауы — 3

Бағалау және үй тапсырмасы

  • Сабақ барысында оқушылардың белсенділігі мен жауаптарына қарай бақылау, бағалау.
  • Үйге тапсырма: §51. Витаминдер (оқып келу).
  • Қосымша: E витамині туралы мәлімет жинап келу.

Қорытынды ой: күнделікті тағам құрамына назар аудару — денсаулықты сақтаудың ең қолжетімді әрі ең тиімді жолдарының бірі.