Оқушының сабаққа әзірлігі
Сабақтың тақырыбы
«Шайырдан қалған асыл сөз»
Сабақтың типі
Аралас сабақ.
Өткізу әдісі
Түсіндірмелі-суреттемелік, сұрақ-жауап.
Көрнекілік
- Музыкалық аспап
- Үнтаспа
- Слайдтар
Негізгі шығармасы
Нұртуған Кенжеғұлұлының «Қолыма қалам алып жазамын хат» термесі.
Сабақтың мақсаттары
а) Жалпы мақсат
Нұртуған Кенжеғұлұлының өмірі мен шығармашылығы туралы мағлұмат беру; шығарманы терең түсіндіріп, замана ағымы мен өмір болмысы жайлы ойды ашу; келешекке жетелейтін астарлы, ғибратты сөз өнерін қастерлете отырып, мақпал мақамдарды меңгерту.
ә) Білімділік
Астарлы сөз ұғымына назар аударту, философиялық көзқарасты шыңдау; мақамның ноталық нұсқасын талдау арқылы сөз мәдениетінің құдіретін сезіндіру және музыкалық сауатты жетілдіру.
б) Дамытушылық
Есте сақтау қабілетін және қабылдау сезімін дамыту; сөз қорын байыту; сөз бен мақам арасындағы байланысты үйлесімді түрде жетілдіру.
в) Тәрбиелік
Жыр әлемі мен сөз мәйектерінің салмақты қырларын таныта отырып, мәні терең жыр маржандарымен сусындату; адамгершілік қасиеттердің қайнарын бойға сіңіруге тәрбиелеу.
Нұртуған Кенжеғұлұлы: өмірі мен мұрасы
Нұртуған Кенжеғұлұлы 1889 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданы, Аманөткел ауылдық кеңесіне қарасты Мырзас елді мекенінде дүниеге келген. Шыққан тегі — Әлімнің Жақайымының Бәйімбет руы.
Әкесі Кенжеғұл — астарлы, философиялық мазмұндағы сөзге ұста, шымшымаға шебер, әзіл мен оспақта алдына жан салмаған жүйрік болған. Анасы Айсұлу ескі жыр-дастандарды әсерлі әңгімеге айналдырып айтатын.
Ақын ерте жастан жетімдіктің тауқыметін тартып, көкірегі шерге толады. Шайырлық жолының алғашқы соқпағы да осы ішкі қасіреттен бастау алады.
Өнер жолында оған ұстаздық еткен — сауатты сері, шайырлықтың қыр-сырына қанық аталас ағайыны Сұлтан Рахметұлы. Нұртуған 13 жасынан бастап шайырлық жолға түсіп, екі жыл медреседе дәріс алады. 15 жасынан бастап белгілі ақындар санатына қосылады.
Ол Абайды да ұстаз тұтып, поэзияның пірі санаған. Абайдың терең философиясын үлгі еткен.
Шығармашылық ауқымы
Ақынның шамамен 40 мыңға жуық жол мұрасы бар: жыр-дастандар, нақыл-өсиеттер, хат өлеңдер, терме-толғаулар, төрттағандар.
Негізгі тақырыптары
Мұраларының басым бөлігі — батырлық жырлар, елдік пен еңбек, адамгершілік туралы дастандар. Білімінің аздығына қарамастан, ойының ұшқырлығы мен өрісінің кеңдігіне сүйеніп, ірі туындылар жазуға талпынған.
Дастандары
- «Мәулімнияз – Едіге»
- «Орақ – Мамай»
- «Ақ Кете Шернияз»
- «Қарасай – Қази»
- «Шұбырынды, ақтабан»
- «Тағаймұрат»
Нұртуған өз еңбектерін халқына және болашақ ұрпаққа арнап, елді бірлікке, озық мәдениетке, білім мен өнердің шыңына шақырды. Ол сөздің қуатын ерекше сезініп, халықтың қуанышы мен қайғы-мұңын өнер арқылы жеткізе білді.
Нұртуған жыраулықты кәсіп етіп, ресми түрде «жырау» атанбаса да, ұрпағына «Нұртуғанның жыраулық мектебі» деген ат қалдырды.
Шәкірттері
Бақытжан Жұбаназарұлы, Жәмет Сайымұлы, Дәріқұл, Еңсепбай, Көпжасар, Кәрібоз — ақынның мол мұрасын түгелге жуық жатқа білген жыраулар.
Өмірден өтуі
Ақын соңғы демі қалғанша өлең жазуын тоқтатпай, халқына қызмет етумен болды да, 1930 жылы 41 жасында дүниеден өтті.