Тұтқасы тіршіліктің бетінде

Табиғатты аяла да бағала

Мақсаты

  • Табиғатты қастерлеу, жасыл даланың көркемдігін сақтау, табиғатқа жанашырлықпен қарау; оқушыларды табиғатты қорғауға және сүйіспеншілікке тәрбиелеу.
  • Оқушының тілін, ойын және шығармашылық қабілетін дамыту.

Көрнекіліктер

Интерактивті тақта Табиғат туралы суреттер Нақыл сөздер Балалар шығармалары Әуен (сабақ барысында)

Кіріспе сөз

Табиғат ұғымы өте кең. Ол — біздің тіршілік етіп, өмір сүретін ортамыз. Ертеде халқымыз табиғаттың кейбір нысандарын киелі, қасиетті деп танып, оларды өлтіруге, жоюға болмайтынын насихаттаған. Табиғат пен адамды біртұтас деп қараған. Сондықтан адам табиғаттан өз керегін алып, қалғанына зиян келтірмей өмір сүрген.

Халық қастерлеген мекендерді «әулие-бұлақ», «әулие-ағаш» деп атап, көздің қарашығындай қорғаған. Ал қарлығаш, аққу, ұлар сияқты құстарды жақсылықтың жаршысы, бақыттың бастамасы деп біліп, ұясын бұзуға, балапанын жоюға, өздерін өлтіруге мүлде тыйым салған.

Оқушылардың ой-толғаулары

1-оқушы (Аманғали)

Сұлу дала! Менің сүйген еркемсің, Жаным сенен жаратылған өлкемсің. Қандай жақсы қазақ болып туғаным, О, туған жер! Тамашасың, көркемсің.

2-оқушы (Ақгүлім)

Иә, туған жер, өскен ел жүрекке жылы сөздердің бәрі табиғат деген таңғажайып ұғыммен бірігеді. Қазақстанның табиғаты көз тартардай көркем, бар сұлулықты бойына жинаған өлке.

3-оқушы (Аружан)

Табиғат — адам баласын дүниеге әкеліп, бойындағы мейірімін, махаббатын, күн шуағын жүрегімізге ұялатқан аяулы орта.

4-оқушы (Рысбек)

Табиғат — адамның бойына қуат, көңіліне шабыт, сезіміне ләззат ұялататын сұлулық пен әсемдік әлем. Табиғат — әлем денсаулығының сақшысы, жанға дауа шипагер.

Кең дала көресің сонау жатқан, Жібектей жасыл шөппен бетін жапқан. Асқар тау, айдын шалқар, көл, өзен — Әке, сол анам еді мені туған.

5-оқушы (Айдос)

Табиғаттың басты байлығы — жер. «Күте білсең, жер — жомарт» деген халық мақалы тегін айтылмаған. Тіршілік атаулы қоректік нәрін топырақтан алады.

Топырақтан өмір исі шығады, Оны денең тиіп кетсе ұғады. Еңбегіңді еселеп қайтаратын, Жақсылық та топырақтан шығады.

6-оқушы (Ақжол)

Тіршілік атаулының өмірлік өзегі — таза ауа.

Тіршілікте не ғой дейсің ең қымбат? Тіршілікте адам қымбат, сен қымбат. Ал адамға ауа қымбат бәрінен — Ауа қымбат, алатын дем қымбат.

7-оқушы (Жанарыс)

Табиғаттың көркін ажарландырып, жер бетін саялы баққа айналдыратын байлық көзі — су. Су — адамзаттың тіршілік көзі. Сусыз өмірді елестету мүмкін емес.

Су деген тіршіліктің қаны емес пе, Су деген табиғаттың жаны емес пе? Су жоқ жерде өмір жоқ — ол ақиқат, Күміс су, қара жердің сәні емес пе?

8-оқушы (Диас)

Табиғат — өсімдік. Өсімдік — жасыл желек, көк майса, қызылды-жасылды гүлдер. Ол ашыққанда — ас, шөлдегенде — сусын, ыстықта — сая, суықта — пана, ауырғанда — дәрі. Еліміздің дәулеті — жасыл желек орман.

9-оқушы (Назерке)

Табиғат — жануарлар әлемі. Жүгірген аң, ұшқан құс — тіршіліктің сәні. Орман-тоғайдың «емшісі» — тоқылдақ болса, даланың ажары — ақбөкен.

Бөкеннен сұлу аңды мен көрмедім, Өзге аңға жануарды тең көрмедім. Көздері мөлдіреген ақбөкенді, Адамның баласынан кем көрмедім. (Сәкен Сейфуллин)

10-оқушы (Бейбарыс)

Су аруы — аққу. Аққу табиғатымыздың сәні емес пе?

Аққулар, аққулар — мойны сүмбе қанат, Алаңсыз таранады күнге қарап. Тарақ етіп тұмсығын тарайды кеп, Тарайды кеп, тарайды қауырсынын.

Көрініс

Сахна: Мылтық асынған аңшы жан-жағына қарайды. Ұшып келе жатқан екі аққуды көріп, біреуін атады. Тосыннан бір адам шығады.

— Ей, кімсің?

— Тірісің бе? Жаның бар ма?

— Аққуды неге атасың, арың бар ма?

— Таста қаруыңды! Кел бері, кеудеңде жаның бар ма?

— (Екінші адам) Тиме аққуға!

— Мендейлердің атын ал, түйесін ал.

— Тиме аққуға! Аққудың иесі бар.

— Мендейлердің затын ал, биесін ал.

— Тиме аққуға! Аққудың киесі бар.

Аққуды көтеріп алып кетеді.

Көз алдымда көгілдір тау мұнартып, Аспанымда аққудың әні қалқып. Құшақтап бір өзіңді, туған далам, Жатамын көк шалғында жаным балқып.

11-оқушы (Дамир)

Табиғат, сенде бәрі ортақ — Аспаның да, күнің де, айың да. Тегінде жаның жомарт-ақ, Ізгілік жатыр бойыңда.

12-оқушы (Айсана)

Табиғат, қызығам сенің суретіңе, Бас ием сенің құдіретіңе. Тұрасың күллі әлемге нұр таратып, Тіршіліктің тұтқасы — өз бетіңде.

Үндеу және шығармашылық тапсырмалар

13-оқушы (Райымбек)

Табиғат — адам баласын дүниеге әкелген аяулы ана, бүкіл тіршіліктің алтын ұясы, аялы бесігі, құтты қонысы, өсіп-өнер мекені.

Табиғатты сүйіңдер, Сүю үшін біліңдер. Қамқорлық жасау жолында Жанды салып күйіңдер. Апаттан оны сақтаңдар, Ебін тауып баптаңдар.

Шығармашылық жұмыс

  • Егер сен ақын болсаң...

    Табиғаттың сұлулығын түсінуге, қорғауға үйрететін, табиғат ананы қорғауға шақыратын өлеңдер жазар едің.

  • Егер сен суретші болсаң...

    Өрттен жиі зардап шегетін орманды, ластанған ауаны, бүлінген жердің күйін бейнелеп, адамдарды ойландыруға тырысар едің.

  • Егер табиғатқа тіл бітсе...

    Ол адамзатқа аманаттың ауыр екенін, әр тамшы су мен әр талдың қадірін сезінуді ескертер еді.

14-оқушы (Альбина)

2030-дың барысындай, Еш нәрседен саспайтын арысымыз. Өркениетті елімізді гүлдендіру — Алға қойған негізгі парызымыз.

Барлығы хормен

Табиғаттың панасымыз — түйіп айтар сөзіміз.
Табиғаттың панасы — біздің мына өзіміз.

Қорытынды

Ертеден жеткен өсиет сөздер бізге мәңгілік аманат қалдырады: «Көзіңді қалдыр — бұлақ көзін аша жүр; ізіңді қалдыр — жақсы істен мұра шаша жүр; өзіңді қалдыр — бақша өсіріп, жасаң нұр». Яғни, өзіңнен кейінгі ұрпаққа өлмейтін мұра қалдыр: ашқан бұлағың — шырағың, жасаған жақсылығың — жолың, ал жасыл орман — құнарың болмақ.