Ана дейміз бәрімізде аңқылдап

Көктем мерекесіне арнау

Армысыздар, аяулы ұстаздар, аналар және патша көңіл көрермендер! Көктемгі жауқазындай құлпырған әсем де сұлу қыздар! Құрметті аналар, қызғалдақтай құлпырған қыздар, қадірлі ұстаздар!

Сіздерді көктемнің алғашқы айында еліміздің барлық өңірінде кеңінен тойланатын 8 Наурыз — әжелер, аналар, қыздар мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз. Күн жер бетіне мол шуағын шашып, тіршілік ояна бастаған шақта Аналар мерекесінің аталып өтуі — өмірдің өзімен үндес әдемі дәстүр.

«Ана» — қасиетті ұғым

Ана… қандай мейірлі, қандай шапағатты сөз! Үш әріптен құралған осы қасиетті ұғымның түп төркінінде қаншама ұлы сезім жатыр. Бұл өмірде ана мейірімін қадірлемейтін жан бар ма? Жақсылық атаулының бәрі де ана сүтімен дарып, ана әлдиімен қалыптасады.

Ізгі тілек

Мерекелеріңіз құтты болсын, қасиетті аналар! Сіздерге бақыт, ұзақ әрі қызықты ғұмыр, әлемнің нұрын және көктемнің шуағын тілейміз. Ананың тілегінен, жүрегінен, махаббатынан, құшағынан қасиетті ештеңе жоқ. Бұл жарық дүниенің мәні де, сәні де — сіздер.

Өлең өрнегі

Ана — жұмақ, мен — шуақ саябағы.
Ана — шырақ, мен — сұрақ санадағы.
Ана — теңіз, мен — қайық тербетілген.
Ана — бұлақ, мен — құрақ жағадағы.

Ана деген — асыл жандар болаттай,
Ана деген — мөлдір жандар бұлақтай.
О, адамдар, қадірлей біл ананы,
Жат қылыққа ақыл-ойды тонатпай.

(Ән орындалады.)

Қонақтарды қарсы алу

Енді бүгінгі кештің көркін кіргізетін, салиқалы ақылын, тұшымды ойын ортаға салып, қыздарымызбен еркін сырласатын қадірлі қонақтарымызды ортаға шақырайық.

Күміс Қапашқызы

«Ана деген — бәйтерегі өмірдің. Ана деген — алтын қазық, алтын бақ», — деген ізгі тілекпен қарсы алайық.

Жанар Садуақасқызы

«Ана деген тіршілікке пана боп, әрбір үйдің жұлдызы боп жанады», — деген жырдың жалынымен ортаға шақырамыз.

Мейрамгүл ханым

Мейірбан мінезді, парасатты қонағымыз.

Садық Қуанқызы

«Мектепте — ұстаз, үйде — пана», сабырлы да сымбатты Садық апайымызды қарсы алайық.

Базаргүл апай

«Жыл құсындай көктем сайын оралар, құтты болсын, нұрға толсын мерекең», — деп батыл да бақытты апайымызды шақырамыз.

Алмагүл апай

«Аналардың мен алдында бас иіп, ана жайлы жүректен жыр толғадым», — деген ниетпен ақжарқын апайымызды ортаға шақырайық.

Күміс Ақанқызы

«Аналармен өмір мәңгі көрікті, тіршілікті келешекке жалғаған», — деген жыр жолдарымен күміскөмей қонағымызды шақырамыз.

Айжан апай

«Ана деген үш-ақ әріп — тіршілік… адамзаттың жүрегінде сақталатын мәңгілік», — деп Айжан апайымызды қарсы алайық.

Қонақтарымыз жайғасқан соң, осы асыл жандардың құрметіне әсем әуенді ән тарту етіледі. Қабыл алыңыздар.

Сұхбат тақырыптары: тәрбие және отбасы

Енді әсерлі әңгімемізді бастайық. 8 Наурыз — халықаралық деңгейде аталып өтетін мерекелердің бірі. Осы мейрам сіздердің отбасыларыңызда қандай ерекшелікпен өтеді?

Қыз тәрбиесіне көзқарас

  • Қазіргі қыздардың тәрбиелену үдерісіне көзқарастарыңыз қандай?
  • «Қызым үйде, қылығы түзде» деген сөздің мәнін бүгінгі күні қалай түсінеміз?
  • Өз қыздарыңыздың басқан қадамын қаншалықты бақылауда ұстайсыз?

Еркіндік пен жауапкершілік

Кей отбасылар қыз баланы «қонақ, жатжұрттық» деп санап, бетінен қақпай, мейлінше еркін өсіреді. Алайда кейде осындай тәрбиенің салдарынан ұзатылған қыз барған жерінде мінез көрсетіп, түсініспеушілік туындап жатады. Осыған қатысты пікірлеріңіз бен уәждеріңізді тыңдағымыз келеді.

«Баланы жастан» деген ұстаным

«Баланы жастан» деген пікірге толық қосыламыз. Бірде Бернард Шоудан: «Баланы қай жастан тәрбиелеген қолайлы?» — деп сұрағанда, ол: «Балаңыз неше жаста?» — деп қарсы сұрақ қойыпты. «Өмірге келгеніне екі апта болды», — деген жауапқа: «Сіз дәл екі аптаға кешіктіңіз», — депті.

Ал қазақта: «Балаңды 7 жасқа дейін патшадай сыйла…» деген қанатты сөз бар. Осы екі пікірдің қайсысы сізге жақын? Тәрбиенің өзегі — мейірім мен тәртіптің тепе-теңдігі деп ойлайсыз ба?

«Қиын бала» мәселесі

Қазіргі педагогтар мен ата-аналарды толғандырып жүрген өзекті тақырыптардың бірі — «қиын бала» мәселесі. Жалпы, «қиын бала» деген кім, және ол қайдан шығады?

Үлгі арқылы тәрбиелеу

Психологияда «байқатпай тәрбиелеу» деген ұғым бар. Бұл тәсілдің әсері күшті екені анықталған. Психологтар: «Құрғақ сөз — тәрбие емес. Бала ата-анасының істегенін істейді», — дейді. Демек, балаға қалай өмір сүру керегін айту ғана емес, оны іс жүзінде көрсету маңызды.

Қорытынды тілек

Мереке қарсаңында кешімізге келіп, салиқалы да саналы ақыл-кеңестеріңізбен және ой-пікірлеріңізбен бөліскендеріңіз үшін көп рақмет!

Аналар, арулар және сұлу қыздар! Мәңгі әсем гүл болып қала беріңіздер.

Шын жүректен құттықтаймыз сіздерді, ең бақытты, ең құрметті болыңыздар!

Автор туралы

Омирова Бибигүл Азатқазиевна — тарих және «Өзін-өзі тану» пәндерінің мұғалімі.
ШҚО, Үржар ауданы, «Благодарное орта мектебі» КММ.