Әнұран айту
Сабақтың мақсаты
Бұл тәрбие сағаты оқушылардың мемлекеттік құндылықтарға қатысты білімін жүйелеп, азаматтық ұстанымын нығайтуға бағытталады.
1-мақсат
Мемлекеттік рәміздер тарихы туралы жаңа мәлімет беріп, оқушылардың жинақтаған білімін тиянақтау.
2-мақсат
Оқушыларды өз ойы мен пікірін еркін жеткізуге дағдыландырып, жеке тұлға ретінде қалыптасуына ықпал ету.
3-мақсат
Елін, жерін сүюге, Отанын құрметтеуге, мемлекет құндылықтарын қорғауға және ел жетістіктеріне қуанып, мақтан ете білуге тәрбиелеу.
Көрнекіліктер
- Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері
- Лондон–2012 Олимпиада жеңімпаздарының суреттері
- Суретті кітаптар
- Рәміздер туралы DVD-диск
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру бөлімі
- Оқушылармен амандасу
- Сабақтың тақырыбы мен мақсатын таныстыру
- Әнұран орындау
II. Негізгі бөлім
Мұғалімнің кіріспе сөзі
Ел тәуелсіздігінің ең басты белгілерінің бірі — өзіне ғана тән мемлекеттік рәміздерінің болуы. Көне түркі дәуірін айтпағанның өзінде, XV ғасырда Қазақ хандығының да өз байрағы, шекарасы болған.
Кеңестік дәуірде де одақтас республикалардың бірі ретінде Қазақстанның Туы, Елтаңбасы, Әнұраны болды. Алайда бұл толық дербестігімізге, егемендігімізге кепілдік бере алмады: біз одақ құрамындағы тәуелді ел едік.
Қазақстан толық тәуелсіздікке 1991 жылы қол жеткізді. Содан кейін әлемдік қауымдастық елімізді дербес мемлекет ретінде тани бастады.
Мемлекеттік рәміздерге неге ерекше мән беріледі? Өйткені Отанға сүйіспеншілік пен ел тарихына құрмет ең әуелі мемлекеттік рәміздерді қадірлеуден басталады. Тәуелсіз Қазақстанның рәміздері — болашағымыздың, тұрақты әрі оң бағыттағы дамудың айқын белгілері.
Сонымен бірге Конституцияны да мемлекеттік құндылықтардың ажырамас бөлігі ретінде құрметтеу — әр азаматтың парызы. Бүгінгі тәрбие сағаты осы құндылықтар туралы білімдеріңді саралап, тереңдетуге арналған.
Ой қозғау: Конституция туралы
- Тәуелсіз Қазақстан тарихында Конституция қанша рет қабылданды? Жауабы: 2 рет (1993 ж., 1995 ж.).
- Қолданыстағы Конституция қанша бөлімнен және қанша баптан тұрады? Жауабы: 9 бөлім, 98 бап.
- ҚР Конституциясының 1-бабының 1-тармағында не туралы айтылады? Жауабы: Қазақстан өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады; оның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары.
- Ата заңымыз қандай кепілдіктер береді? Жауабы: адам қадір-қасиетінің қорғалуы; тіл мен діннің дамуы; ар-ождан бостандығы; адал еңбектен тапқан мүлік пен меншіктің қорғалуы.
Қосымша дерек
- 7-бап: мемлекеттік тіл — қазақ тілі.
- 14-бап: заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең.
- 29-бап: азаматтардың денсаулығын сақтауға құқығы бар.
- 30-бап: мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуға кепілдік беріледі; орта білім алу міндетті.
- 9-бап: мемлекеттік рәміздер — Ту, Елтаңба, Гимн; сипаттамасы мен қолданылу тәртібі заңмен белгіленеді.
- 34-бап, 2-тармақ: әркім мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге міндетті.
Ой қозғау: Мемлекеттік рәміздер туралы
- Мемлекеттік рәміздер қашан қабылданды? Жауабы: 1992 жылғы 4 маусым.
- Туға сипаттама беріңдер. Жауабы: көгілдір түсті мата; ені — 1 м, ұзындығы — 2 м; авторы — Шәкен Ниязбеков.
- Туда бейнеленген элементтер туралы не білесіңдер? Жауаптар талқыланады (күн, қыран, ұлттық өрнек және т.б.).
- Елтаңбаның авторлары кімдер? Жауабы: Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.
- Елтаңба элементтері нені білдіреді? Жауаптар талқыланады (шаңырақ, уық, пырақ және т.б.).
- Әнұран туралы қандай мәлімет айта аласыңдар? Жауабы: алғашқы гимн 1992 жылғы желтоқсанда қабылданды; қазіргі Әнұран 2006 жылғы қаңтарда қабылданды.
- Әнұран авторлары туралы айтып өт. Жауаптар талқыланады.
Маңызды түсінік
Рәміздер — мемлекеттерді бір-бірінен ажырататын және елдің бет-бейнесін айқындайтын нышандар.
Халықаралық рәсімдердегі рәміздер
- Мемлекет басшыларын қарсы алу және шығарып салу кезінде сол елдің Әнұраны орындалады — бұл ресми құрметтің ең жоғары белгісі.
- Шетелдегі ресми іс-шараларда және парламентаралық кездесулерде делегация жанында Ту тұрады.
- Шетелде Ту, негізінен, екі жағдайда көтеріледі: мемлекет басшысының сапары кезінде және Олимпиада жеңімпаздары анықталғанда.
Лондон–2012: ел мерейі
ХХХ жазғы Олимпиада Англияда өткенін бәрің де жақсы білесіңдер. Дүбірлі додада топ жарып, егемен еліміздің абыройын асқақтатқан спортшыларымыздың жетістігі — ортақ мақтаныш.
Әсіресе алтын медаль жеңіп алған спортшыларымыздың арқасында Лондон төрінде 7 рет Көк Ту көтеріліп, 7 рет Әнұран шырқалды. Қазақ халқы үшін 7 санының киелілігі дәстүрімізде ерекше орын алады.
Біз спортшыларымыздың әрқайсысымен мақтануымыз керек. Олардың ел намысы үшін жасаған еңбегі мен ерік-жігерінен үлгі алу — бүгінгі ұрпақтың парызы.
Сендер де дәл сол саңлақтарымыз секілді елін сүйетін, туған тілін, дінін, рәміздерін, Ата заңын қастерлеп, қорғай алатын азамат болып қалыптасады деп сенемін.
III. Қорытынды бөлім
Тәрбие сағатын қорытындылау үшін «Қазақстан» сөзжұмбағын бірігіп шешу ұсынылады:
Сұрақтар
- Қазақстан жерін мекендейтін халық?
- Лондон Олимпиадасында 95 кг жұлқа көтеру және 131 кг серпе көтеру нәтижесімен олимпиадалық әрі әлемдік рекорд жаңартқан ауыр атлет?
- 63 кг-ға дейінгі салмақта олимпиадалық рекорд жасаған ауыр атлет?
- Елтаңбаларды зерттейтін ғылым саласы?
- Елтаңбаның екі жағында не бейнеленген?
- Еліміз солтүстік-батыста қай елмен шектеседі?
- 1999 жылы ЮНЕСКО шешімімен Астанаға қандай атақ берілді?
- Желтоқсан оқиғасының басты қаһарманы?
- Түркияда ҚР Президентіне арналып ескерткіш ашылған. Ескерткіш қай қалада орналасқан?
Жауаптар
- Қазақ
- Зульфия Чиншанло
- Майя Манеза
- Геральдика
- Пырақ
- Ресей
- Бейбітшілік қаласы
- Қайрат Рысқұлбеков
- Анкара
Қорытынды тілек
Терең тағылымға толы тәрбие сағатында белсенділік танытқандарың үшін рақмет. Елін сүйетін, жерін қорғайтын, салт-дәстүрді қадірлейтін, мемлекеттік құндылықтарды қастерлей білетін азамат болып өсулеріңе тілектеспін.