Бүгін менің әулием сен, ием сен

Сабақ жоспары Табиғатты қорғау Эстетикалық тәрбие

Сабақтың тақырыбы: Аққу — киелі құс

Бұл сабақта оқушылар аққудың биологиялық ерекшеліктерін танып, киелі құсқа деген құрметті сезінеді. Әдебиет, музыка, сахналық көрініс және ғылыми мәліметтер бір арнаға тоғысып, табиғатты аялау идеясын күшейтеді.

Білімділік

Аққу, оның түрлері, көбеюі және тіршілік ету ерекшеліктері туралы нақты мағлұмат беру.

Тәрбиелік

Жойылып бара жатқан аққу түрлерін сақтауға үндеу, табиғатқа жанашырлық пен әсемдікке сүйіспеншілік қалыптастыру.

Дамытушылық

Әртістік және шығармашылық қабілеттерді дамыту, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін нығайту.

Көрнекіліктер мен дайындық

  • Интерактивті тақта, электрондық оқулық.
  • Аққу түрлерінің суреттері, фотоүлгілер, слайд материалдар.
  • Алдын ала тапсырма: оқушыларға бір апта бұрын аққулар туралы материал жинақтау жүктеледі.

Сабақтың барысы (сахналық композиция)

Сахна ашылғанда күй әуенімен «Аққу биі» орындалады. Сәкен Тұрсыбековтың «Көңіл толқыны» күйі ойнап тұрады.

Бастаушы

Ақ, қара, қызыл түстер... Сырттай қарасаңыз, үйлеспейтін үш бояуды бір бойына жинап, айтса тіл жетпейтін, көрсе көз тоймайтын жауһардың жауһарына, асылдың асылына айналған құдіретті сұлулық — бұл!

1-оқушы

Күн құшқан айдын көлде жалғыз аққу,
Қаңқылдап қанатымен сабалап су.
Таранып, қаранады жан-жағына,
Сұлуды тасалама көк торғын бу!

2-оқушы

Тұла бойына сұлулық тұнған құс патшасы — аққу. Ол кіршіксіз тазалықтың, қылаусыз да кінаратсыз пәктіктің символы.

3-оқушы

Күн сәулесі күлімдейді. Баяу желмен тербелген толқын үстінде кішкентай мөлдір көзі жаудырап, ұзын мойнын алға созып, айналаға кербез қарап жүзіп бара жатқан осы бір құстың адам жан дүниесіне тартқан сыйын сөзбен жеткізу мүмкін емес!

4-оқушы

Абзал аққу — сағынышы дархан байтақ жерімнің,
Ару аққу — ажарысың көк айдынды көлімнің.
Сұлу мүсін теңдесі жоқ құс біткенің төресі,
Аса қымбат біздер үшін сенің адал сенімің.

Аққудың түрлері мен ерекшеліктері

Оқушылар слайд пен фотосуреттер арқылы аққудың кең тараған түрлерін сипаттап, олардың сыртқы белгілері мен таралу аймағын түсіндіреді.

Сұңқылдақ аққу

  • Қазақстанда ұялайды.
  • Салмағы: 7–13 кг.
  • Қанат құлашы: шамамен 1,5 м.
  • Ұзын әрі әсем мойнын тік ұстайды; сары тұмсық ұшы қаралау.
  • Ақпан–наурыздан қазанның аяғына дейін кездеседі.

Сыбырлақ аққу

  • Қазақстанда, соның ішінде Батыс Қазақстан облысының су қоймалары мен өзен-көлдерінде кездеседі.
  • Қалың қамыс арасына ұя салып, балапандарын өргізеді.
  • Сарғыш-қызыл тұмсық түбінде қара буылтық болады.
  • Мойнын иіп, тұмсығын суға бағыттап ұстайды.

Қара аққу

Қара аққудың отаны — Аустралия. Ауада қалықтаған кезде ақшыл, ашық қауырсын реңктері қап-қара дене аумағында айрықша көзге түседі. Тарихта түрік сұлтандары қара аққуларды сарай хауыздарында сәндік үшін ұстап, ерекше бағалаған.

Аққу туралы танымдық деректер

Төтемдік ұғым және атаулар

Аққу — қаздар тектес құстардың көне замандардан бері белгілі түрі. Ежелгі түріктер мен қазақтар оны киелі құс санап, төтем ретінде құрметтеген. Аққуды кей өңірлерде «қу» деп атаған. Алтай түріктері қумандардың атамекенін «Қумания» деп атаған деген деректер кездеседі.

Көбеюі және физиологиясы

  • 3–9 жұмыртқа табады.
  • 38–45 күнде балапан шығарады.
  • Ұясының ені 2 метрге дейін жетуі мүмкін.
  • Жұмыртқаны көбіне аналығы басады; аталығы қорек тасып, күзетеді.
  • Дене қызуы: 41–42°C; жүрек соғысы: 260–300.

Жұмыртқа туралы түсінік

Халық арасында «жылан екеш жыланға дейін аққудың жұмыртқасына тимейді» деген сөз бар. Дегенмен аққу жұмыртқасы ірі болғандықтан, жыланның оны толық жұтуы қиын екені айтылады.

Балапан атауы және өсуі

Аққудың балапанын «көгілдір» деп атайды. Алғашында толықтай аппақ болмаса да, оның нәзік көркі көз тартады. Балапан бірнеше рет түлеп барып, ересек аққуға айналады. Көгілдір 4 жасқа дейін ата-анасының жанында жүретіні айтылады.

«Айналайын, қарағым кекілдім-ай,
Балапаны аққудың секілдім-ай...»

Халық өлеңінен

Жұптасу мәдениеті және мінез-құлқы

Жұп құру

Төрт жасында аққу толысып, жұп құрады. Аталық аққуды кей деректе «саһар» деп атайтыны айтылады. Аққулар өзге құстардай тұрақсыз болмай, бір-біріне өмірлік серік болуға ұмтылатын құс ретінде суреттеледі.

Тату тіршілік

Аққулардың мінезі байсалды: олар айғай-шу шығарып, бірін-бірі шоқып, төбелесуге бейім емес. Күндіз бірге жайылып, бірге серуендейді, түнде біріне бірі сүйеніп ұйықтайды.

Күші, ұшуы, өмір жасы

  • Салмағы: 15–20 кг-ға дейін.
  • Қанат қарымы: 2 метрге дейін.
  • Жылы жаққа қайтқанда 8 500–9 000 м биіктікке көтерілуі мүмкін.
  • Ұшу жылдамдығы: 90–100 км/сағ шамасында.
  • Өмір сүру ұзақтығы: 30–40 жыл.
  • Көктемде аталықтың тұмсық үстіндегі қара дағы үлкейіп, айқынырақ көрінеді.

Өнер мен әдебиеттегі аққу бейнесі

Аққу туралы ән де, жыр да, күй де мол. П. Чайковскийдің «Аққу көлі», Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы, Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйі — адамдардың аққуға деген іңкәрлігін айғақтайтын туындылар.

Бастаушы

Неткен құдірет! Ғажайып жыр! Ақынның арманы орындалды! Өзі өмірден өтсе де, поэзия көгінде, жыр дариясында аяулы ақынның аппақ аққу, ақ қанат құстары қалықтап самғап жүр!

22-оқушы

Мұқағали ағамыздың талантына бас иген ұлы адамдардың бірі — Нұрғиса Тілендиев.

Деп қояды Нұрекең ноталатып,
Жағаламақ жайлауын жоталатып.
Мұқағали сөзіне бір ән жаздым,
Оны дағы орындау — бізге бақыт.

23-оқушы

О, құдірет, неткен шалқар күй едің сен!
Бүгін менің әулием сен, ием сен!
Алпыс екі тамырда қан орнына,
Тұрған сынды киелі күй күмбірлеп!

Музыкалық үзілістер

  • «Жалғыз аққу» әні (оқушы орындауында).
  • «Табиғатым» әні (оқушы орындауында).
  • Н. Тілендиевтің «Аққу» күйі (оқушы орындауында).
  • М. Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан сахналық үзінді.

Қорытынды ой: табиғатты аялау — адамдық биік өлшем

Сынып жетекшісінің сөзі

Қазақ халқы «обал-сауап», «адал-арам» ұғымдарын ұрпақ бойына сіңіріп келген. Қасиетті Құрандағы 6666 аяттың 140-тан астамы қоршаған дүниені таза сақтауға, табиғатқа жауапкершілікпен қарауға үндейді.

Тәрбие өзегі

Тазалықты, сыйластықты аққулардан үйренеміз. Олардың тыныштығын бұзбай, жұптарын жазбай, киелі құсты аялау — табиғатқа деген құрметтің көрінісі.

Татулықты паш етіп жүр аққу құсым — аруым,
Халқым оған оқ атпаған, кеземеген қаруын.
Аққу келсе сағынып туған жеріне,
Жас балаша қуанған күллі аймақ, ауылым.

Аққу атқан қатыгезді халқым мүлде сүймеген,
Аққу ойлап, мұңлы-зарлы күйге енем.
Тыныштығы бұзылмасын, жазылмасын жұптары —
Тазалықты, сыйластықты аққулардан үйренем.

Мәнерлеп оқу үшін ұсынылатын өлең жолдары