Сәнді фигуралар
Сайыстың мақсаты
Білімділік
Оқушылардың білімге талпынысын күшейту, ойлау қабілетін дамыту.
Дамытушылық
Математикаға қызығушылықты арттыру, белсенділікті дамыту.
Тәрбиелік
Есте сақтауға, қиындықты жеңуге, жауапкершілікке, шапшаңдыққа, тиянақтылыққа баулу және ақпараттық мәдениет қалыптастыру.
Сайыс барысы
Кешті ашу сөзі
Мінекей, залда тыныштық — естілмейді дыбыс түк. Мұны біз де қоштаймыз, кешіккендерді тоспаймыз.
Ғылымдардың жаңасы — математика жайында сайысты біз бастаймыз.
Қош келдіңіздер, қадірлі ұстаздар, әділқазылар және оқушылар! Қымбатты білімсүйгіш жас достар!
Неге математика?
Орыс ғалымы М. Ломоносов: «Ақыл-ойды тәртіпке келтіретін — математика, сондықтан оны оқу керек», — деген. Бүгін сіздер математиканың жұмбақты да тартымды әлемімен танысасыздар және оның қаншалықты қызықты, сан қырлы екенін сезінесіздер.
Жеңіске жету үшін қатысушылар белсенділік танытып, сұрақтарға жылдам әрі дәл жауап беріп, тапсырмаларды дұрыс орындауы тиіс. Математикалық сайыс — еңбек: ұқыптылық, жинақылық және тәртіп сақтаған жөн.
Сайыс кезеңдері
-
1-кезең
Сәлемдесу (сөз басы)
-
2-кезең
Кім шапшаң?
-
3-кезең
Мені түсініп, жарнама жаса
-
4-кезең
Сәнді фигуралар
-
5-кезең
Тәтті сайыс
-
6-кезең
Сұрақ бізден, жауап сізден
Қазылар алқасына құрмет
Шын жүйрік шабысынан танылады, нақты білім — терең ой саналады.
Баға берер әділқазы ортамызда, сіздерге құрметпен қол соғылады.
Қазылар әділдікті орнықтырар, кімнің жауабы кәміл шықты — соны анықтар.
(Қазылар алқасымен таныстыру)
1-кезең: Сәлемдесу
Сәлемдесу — ата-дәстүрдің бір бөлігі. Әрбір жастың парызы — көпшілік алдында бас иіп, ізет білдіру. Осылайша, сайысымыздың бірінші кезеңі басталады.
(Осы кезеңнің қорытынды бағасын қазылардан сұраймыз)
2-кезең: Кім шапшаң?
Бұл кезеңде қатысушылар берілген 5 сұраққа тез әрі нақты жауап береді.
«Кім шапшаң?» сұрақтары (сыныптар бойынша)
5-сынып
- Жай сан деп қандай санды айтамыз? (1-ге және өзіне ғана бөлінетін сан)
- Алғашқы ондық бөлшек кімдердің еңбектерінде пайда болды? (Араб математиктері)
- Натурал сандар дегеніміз не? (Санау үшін қолданылатын сандар)
- Қарыс дегеніміз не? (Бас бармақ пен ортаңғы саусақ ұштарының арақашықтығы)
- Көбейтудің ауыстырымдылық қасиеті қандай? (Көбейткіштердің орнын ауыстырғанда көбейтінді өзгермейді)
6-сынып
- Рационал сандар жиынын нелер құрайды? (Бүтін сандар, оң және теріс бөлшектер)
- Қандай өрнекті әріпті өрнек деп атайды? (Құрамында әрпі бар өрнек)
- Сызықтық функцияның графигі қандай? (Түзу сызық)
- Айырмашылығы тек таңбаларында ғана болатын сандар қалай аталады? (Қарама-қарсы сандар)
- Ең кіші жай сан? (2)
7-сынып
- Берілген шаманың 1/100 бөлігі қалай аталады? (Процент)
- Жазыңқы бұрыштың градустық өлшемі? (180°)
- Сыбайлас бұрыштар дегеніміз не?
- y = ax² түріндегі функцияның графигі қандай?
- Бірдей санды бірнеше рет көбейтуден тұратын өрнек ықшамдалғанда қалай аталады? (Дәреже)
8-сынып
- Төртбұрыштың ішкі бұрыштарының қосындысы? (360°)
- Квадрат түбірлері бар өрнектерді түрлендіруде қандай әдістер қолданылады?
- Көбейткішті түбір белгісінің алдына шығару
- Көбейткішті түбір белгісінің ішіне енгізу
- Бөлшек бөлімін иррационалдықтан босату
- 1637 жылы арифметикалық квадрат түбір ұғымын ғылымға енгізген кім? (Рене Декарт)
- Пифагор деген кім? (Грек оқымыстысы)
- Катет пен гипотенуза туралы теорема кімнің атымен аталады? (Пифагор)
9-сынып (нұсқа 1)
- Жазықтықтың шегі бар ма? (Жоқ)
- Дәлелдеуді қажет етпейтін сөйлем қалай аталады? (Аксиома)
- y = x³ функциясының графигі қандай?
- Бағытталған кесінді қалай аталады? (Вектор)
- π санының жуық мәні? (3,14)
9-сынып (нұсқа 2)
- Шеңбер центрінен оның бойындағы нүктеге дейінгі қашықтық. (Радиус)
- Екі қатынастың теңдігі. (Пропорция)
- Бұрыш өлшейтін құрал. (Транспортир)
- Жазықтықтағы фигураларды зерттейтін геометрия бөлімі. (Планиметрия)
- Квадраттық функцияның графигі. (Парабола)
Математика — тәртіпке толы мағына мен мән. Математика — заңдылық пен сұлулық. Математика — терең сыр; шетсіз-шексіз дариядай.
(Осы кезеңнің қорытынды бағасын қазылардан сұраймыз)
3-кезең: «Мені түсініп, жарнама жаса»
Тапсырма
Қатысушыларға қиынды түрінде берілген суреттер ұсынылады. Олар суретті құрастырып, нәтижесін қысқаша жарнама ретінде таныстырады.
Қатысушылар құрастырып болғанша, көрермендермен шағын ойын ұйымдастырылады.
Көрермендерге ойын: сөздерді тап
Алдарыңызда әріптерден құралған квадрат берілген. Әріптерді оңнан солға, солдан оңға, төменнен жоғары, жоғарыдан төмен бағыттарында қосып, математикалық мағынасы бар сөздерді табыңыз. Бір әріп бірнеше рет қайталануы мүмкін.
Табылатын сөздер (13 сөз):
бұрыш, қосу, бөлшек, алты, он, рационал, үш, жүз, пайыз, түзу, жұп, жазық, бөлу
(Қазылардан бағаларын сұраймыз)
4-кезең: «Сәнді фигуралар»
Шығармашылық таныстырылым
Қатысушылар сән үлгісін көрсетіп, оны қалай жасағанын қысқаша түсіндіріп өтеді.
Көркем жолдар
Біреуінің жүрегінде түгі бар,
Біреуінің арқалаған қоғамдық жүгі бар.
Біреуінің шүбірлеген күйі бар,
Енді біреуінің қатты істейтін миы бар.
5-кезең: «Тәтті сайыс»
Ереже
Қатысушылар қораптан қағазға оралған кәмпит алады. Қағаз ішінде есеп, жұмбақ немесе мақалдың жалғасы жасырылған. Тапсырманы орындаған соң кәмпитті ашып жеуге болады.
Ұпайлау: әр кәмпит — 1 ұпай. Кім көп тапсырма орындаса және көп кәмпит жесе, соған көп ұпай беріледі.
Тапсырмалар
- -2x + (-25), мұнда x = -10. Өрнектің мәнін тап.
- Екі санның қосындысы 8-ге, көбейтіндісі 15-ке тең. Сандарды тап. (5 және 3)
- 56 санының 24%-ын тап.
- 168 м матадан 65 көйлек тігіледі. Сондай 96 м матадан неше көйлек тігуге болады?
- 12,05 + 0,21 − 5(−4,5) мәнін тап.
- Жоқ өзінде бас та, қас та, мойында, ұзындығы жазулы тұр бойында. (Сызғыш)
- Он бір түйе, бес жылқы, екі сиыр, бес ешкі, екі қоян, үш түлкі. Барлығы нешеу? (28)
- Дүкеннен 19 теңгеге сауда жасадың. Сенде тек 3 теңгеліктер, сатушыда тек 5 теңгеліктер бар. Қалай төлейсің? (24 теңге беріп, 5 теңге қайтарып аласың)
- Егер түнгі 12-де жаңбыр жауып тұрса, 72 сағаттан кейін күн шығады деп күтуге бола ма? (Жоқ, ол кезде де түн болады)
- Жазылуында қанша әріп болса, сонша цифр болатын сан? (Он)
- Екі ағаш, әр ағаш түбінде екі ін, әр інде екі күшіктен. Барлығы неше түлкі күшігі? (8)
- Екі әкесі мен екі баласы 3 алманы бір-бірден бөліп жеді. Бөлмеде неше адам? (3)
- Бес бұтақты ағашта, бұтақ сайын бес алма. Біреуін бер алашқа, қалады сонда неше алма? (24)
Мақал-мәтелдерді толықтыр
- Жеті жұрттың тілін біл, (жеті түрлі білім іл)
- Білікті бірді жығар, (білімді мыңды жығар)
- Екі жақсы қас болмас, (екі жаман дос болмас)
- Досыңды үш күн сынама, (үш жыл сына)
- Бір елі ауызға — (екі елі қақпақ)
- Отыз тістен шыққан сөз, (отыз елге тарайды)
- Бір кісі қазған құдықтан, (мың кісі су ішеді)
- Білгенің бір тоғыз, (білмегенің тоқсан тоғыз)
Жас дарын — жас ғұмырдың талғамы. Дәл бүгін қанат қағып сыналарда, сан сұрақтан сүрінбей, самғай ұш!
6-кезең: «Сұрақ бізден, жауап сізден»
Ереже
Бұл кезеңде математикаға қатысты байырғы есептер беріледі. Әр сұрақ 5 ұпаймен бағаланады.
Байырғы есептер
1) Қасқыр, ешкі және шөп
Шаруа өзеннен қасқыр, ешкі және шөпті өткізуі керек. Қайыққа шаруа өзі мінеді және қасына бір ғана затты (қасқыр не ешкі не шөп) ала алады. Егер жағалауда қасқыр мен ешкі қалса — қасқыр ешкіні жейді. Егер ешкі мен шөп қалса — ешкі шөпті жейді. Қалай өткізеді?
Жауабы: алдымен ешкіні өткізеді, кері қайтады. Қасқырды өткізеді де, кері қайтарда ешкіні алып келеді. Шөпті өткізеді, кері қайтады. Соңында ешкіні өткізеді.
2) Үш қақпан және 21 қоян
Әкесі үш қақпанның «жеті қояннан» беретінін айтады. Бір түнде өзі құрып, 21 қоян ұстайды. Бірақ: екінші қақпанға бірінші қақпаннан 2 қоян көп, ал үшінші қақпаннан 2 қоян кем түскен. Әр қақпанға қанша қоян түсті?
Жауабы: 1-қақпан — 5, 2-қақпан — 7, 3-қақпан — 9 қоян.
3) Табақ тарту есебі
Егер екі адамға бір табақтан тартса, бір табақ жетпей қалады. Ал үш адамға бір табақтан тартса, ет артылып қалады. Меймандар саны мен табақ саны қанша?
Жауабы: адам саны — 12, табақ саны — 5.
4) Кемпірдің тапқырлығы
Ұрылар сиыр ұрлауға келгенде, кемпір шелек суды сапырып отырып: «Сарманға бер, Құрманға бер, есіктегі екеуге бер, өзің іште маған бер…» деп өлең айтады. Ұрылар «үй толы адам» деп шошып кетеді. Үйдегі адам саны мен ұрылар саны қанша?
Жауабы: үйде 6 адам, ұры 5.
5) Есеттің жылауы
Мысық тырнаса — 5 минут жылайды, ара шақса — 3 минут артық жылайды. Анасы ұстап алып сабынмен жуғанда, ара шаққандағыдан екі есе көп уақыт жылайды. Анасы 11 минут жуындырды. Жуынғаннан кейін Есет қанша уақыт жылады?
Жауабы: 5 минут.
6) Асық ойыны
Үш бала асық ойнады. Екіншісінде 8 асық қалды. Үшіншісі: «Сендегі барлық асық менің ұтып алғаныма тең», — дейді. Біріншісі: «Ең көп ұтылған мен болдым», — дейді. Ойыннан кейін кімде неше асық қалды?
Жауабы: 1-бала — 4, 2-бала — 8, 3-бала — 18.
Сан сырына үңіліп, білім шыңына бірге шығайық. Математиктер жасасын!
(Кеш қорытындысын хабарлау үшін сөз қазылар алқасының төрағасына беріледі.)
Алдарыңызда жайнаған жүздер, сіздермен әлі талай кездесеміз. Әділқазы, көрермен, сау тұрыңыздар — алда жарқын күндер күтіп тұр.
Осымен «Математика аруы» атты сайысымыз аяқталды. Келесі кездескенше, сау-саламат болыңыздар!