СПИРТТЕРСабақтың мақсаты:Білімділік

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Сабақтың тақырыбы

Спирттер

Форматы

Рөлдік ойын: сот отырысы үлгісіндегі пікірталас

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Спирттердің жіктелуін, химиялық және физикалық қасиеттерін салыстыру арқылы оқушылардың спирттер туралы білімін жүйелеу және қорытындылау.

Дамытушылық

Спирттер тарауы бойынша игерген білімді толықтырып, ойлау қабілетін, ізденімпаздығын және талдау дағдыларын дамыту.

Тәрбиелік

Еңбекқорлыққа, ұйымшылдыққа баулу; болашақта білікті, саналы маман болуға тәрбиелеу.

Сабақтың өту формасы: «Органикалық химия соты»

Сабақта оқушылар сот отырысы форматын сахналай отырып, әртүрлі рөлдерді орындады: айыптаушы, қорғаушы, жәбірленуші, айыпталушы, сот кеңесшілері және куәгерлер. Мақсат — спирттің зияны мен пайдасын дәлелдер арқылы таразылап, ғылыми негізде қорытынды жасау.

Рөлдер

  • Хатшы
  • Жәбірленуші
  • Айыптаушы
  • Қорғаушы
  • Айыпталушы: этил спирті
  • Куәгерлер (дәрігер, полиция қызметкері, химик)

Сабақ барысы

Хатшының мәлімдемесі

Спирттен жапа шеккен, спирттік ішімдіктердің салдарынан денсаулығынан айырылып, өмірінде түрлі қиындық көрген жәбірленушінің шағымы бойынша іс қозғалды. Істі «Органикалық химия соты» қарауға алды. Сөз жәбірленушіге берілді.

Жәбірленушінің сөзі

Этил спирті суда жақсы ериді. Одан әртүрлі спирттік ішімдіктер дайындалады. Ал оны үнемі ішетін адам маскүнемдікке ұшырауы мүмкін.

Мұндай адамның мінез-құлқы өзгереді: дөрекі, ұстамсыз, әдепсіз болуы ықтимал. Спирттің әсерінен түрлі ауруларға шалдығады. Ол адамның жұмысқа қабілетін, ұқыптылығын, байқампаздығын төмендетіп, сана-сезімін улайды.

Талап:

Спиртті айыптауды сұраймын.

Айыптаушының уәжі

Спирттің зиянды екені рас, мұны көпшілік мойындайды. Алкоголь — қан құрамына түсетін шарап спирті. Адам арақ-шарапты әуелде әуестікпен бастап, кейін оны әдетке айналдырып, онсыз тұра алмайтындай күйге түседі. Нәтижесінде алкоголизм дертіне шалдығып, денсаулығы бұзылады.

Айтылғандарды дәлелдеу үшін куәгерлер тыңдалды.

Куәгер: дәрігер

Спирттік ішімдікті үнемі тұтыну есту және көру қабілетінің нашарлауына әкелуі мүмкін, сондай-ақ қауіпті ауруларға (гастрит, жара, қатерлі ісік) ұрындырады. Сонымен бірге маскүнемнен туған балаларда орталық жүйке жүйесінің зақымдану қаупі артып, ұстамалы ауруға жиі шалдығуы ықтимал.

Куәгер: полиция қызметкері

Арақтың әсерінен ұрлық, тонау сияқты қылмыстар жиілеп, жүргізушілер жол апатына түсуі мүмкін. Мұның соңы қайғылы оқиғаларға әкеледі. Осы себепті спиртті айыптап, жазалау ұсынылды.

Сот төрайымының сұрағы және айыпталушының жауабы

Сот төрайымы: Айыпталушы — этил спирті. Айтылған кінәларды мойындайсыз ба?

Этил спирті: Мені өте зиянды деп айыптағандарыңызбен, халық шаруашылығында және медицина саласында тигізетін орасан пайдаымды да ескерулеріңізді сұраймын.

Қорғаушының уәжі

Спиртке қатысты айтылған айыптауларды тыңдай отырып, қарсы пікір білдіремін. Барлық келеңсіздіктің себебі тек спирт деп айту дұрыс емес. Спирттік ішімдіктерді кім дайындайды, олардың дүкен сөрелерінде самсап тұруына кім жауапты? Әрине, адамдардың өздері.

Спирттің пайдасы да аз емес. Мұны дәлелдеу үшін куәгерлер тыңдалды.

Куәгер: дәрігер (медицина)

Спирт медицинада кең қолданылады: дезинфекциялау, антисептикалық өңдеу және кейбір дәрілік ерітінділерді дайындау барысында қажет.

Куәгер: химик

Спирттердің химиялық қасиеттері мен қолданылу аясы түсіндірілді (сабақта көрнекі құрал ретінде кодоскоп пайдаланылды). Өндірісте спирттер еріткіш, шикізат және синтез процестерінің құрамдас бөлігі ретінде маңызды орын алады.

Сот шешімі

Куәгерлердің сөздерін тыңдай келе, спирттің зиянымен қатар пайдасы да бар екені ескерілді. Сот үкімі төмендегідей жарияланды:

Үкім мәтіні

Қазақстан Қылмыстық істер кодексінің қоршаған орта және оны зиянды әрекеттерден қорғау туралы 85-бабына сәйкес, №3 Алға қазақ орта мектебінің «Органикалық химия соты» халық шаруашылығына тигізетін пайдасын ескере отырып, спиртті айыптау жазасынан босатады.