Бала тәрбиесіне ата - анасынан кейінгі жауапты адам өзім деп білем
Тәрбие туралы ұстанымым
«Тәрбиелі – тәртіптің құлы, тәртіпті – елдің ұлы» (Б. Момышұлы).
Бұл сөз мен үшін тәрбиенің өзегі — тәртіп, жауапкершілік және адамдық қадір-қасиет екенін айқындайды.
Әр халық өзінің ұлттық салт-дәстүрі, әдеп-ғұрпы және мәдениетімен биіктейді. Осындай рухани құндылықтар ұрпақтан ұрпаққа ғасырлар бойы жалғасып келеді. Демек, бүгінгі ұрпақ бұл байлықты танып, қадірлеп, өзінен кейінгілерге үйретіп қалдыруы тиіс. Ол үшін жастар тәрбиесіне ерекше назар аударып, халықтық әдеп пен ибаны күнделікті өмірдің дағдысына айналдыру қажет.
Жанұя — адам баласының алтын діңгегі. Адам өмірге келген сәттен бастап отбасының табалдырығын аттайды, сонда өсіп-ер жетеді, алғашқы тәрбиені сол ортадан алады. Сондықтан отбасы — аса қажет әрі қасиетті мектеп. Баланың болмысына ықпал етуде ата-ана тәрбиесінің орнын ештеңе алмастыра алмайды.
«Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген нақыл отбасы тәрбиесінің маңызын дәл көрсетеді.
Ұлттың болашағы — отбасындағы тәрбие сапасына тікелей байланысты.
Отбасымдағы тәрбие өзегі
Біздің отбасымызда жас айырмашылығы әртүрлі болғанына қарамастан, өзара рухани жақындық пен ортақ мақсатқа негізделген ынтымақ бар деп ойлаймын. Адалдық пен мейірімділік, жауапкершілік пен кешірім — әрқайсымыздың жүрегімізде орныққан құндылықтар.
Қазақы тағылымға сай, отбасымыздағы тәрбие мектебінің алғашқы ұстаздары — әкеміз бен анамыз. Олар бізге алдымен өздерін сыйлап-құрметтеуді, өзгелерге, әсіресе үлкендерге, ізеттілік танытуды, ешкімнің көңілін қалдырмауды үйретеді. «Әдепті бол, тәрбиесіздік етпе, көргенсіз болма» деген ескертулерді жиі айтып, бала тәрбиесіне үнемі мән береді.
Сонымен бірге ата-анам бізге ер-азамат болып, халқымызға адал еңбек ету — басты міндет екенін үнемі еске салып отырады.
Ұлағаттың жалғасы: ақын сөзі мен әже өсиеті
ХІХ ғасырда өмір сүрген Дулат Бабатайұлы өз жырларында жас ұрпақ тәрбиесінде ата-ана мен үлкендердің өнегесі ерекше орын алатынын айқын көрсеткен:
Ата-ананың ақылы
Қазылған қара жолмен тең.
Жақсылардың ақылы
Гауһар шырақ шаммен тең.
Бұл жерде ақын ата-ана ақылы мен көпті көрген даналардың өнегесі бала тәрбиесінде таптырмас құрал екенін меңзейді. Өзім де отбасы тәрбиесі туралы ойланғанда, сан түрлі ұстаздарымнан бұрын, ең алдымен әжемді есіме аламын. Мен үшін әжемнің өсиеті әрдайым басымырақ: ол кісідей жүрекке жететін, салмақты насихатты мен басқа ешкімнен дәл сол деңгейде сезінген емеспін.
Еңбек тәрбиесі және қыз бен ұлға бөлек жауапкершілік
Адамды тәрбиелейтін мектептің бірі — еңбек. Еңбексіз өмірдің баянды болмайтыны белгілі. Қоғамдағы өз орнын еңбегі арқылы табатынын түсінген ата-анам бізді еңбекке әлі күнге дейін баулып келеді.
Ұл тәрбиесі
Үйдегі ер бала тәрбиесін әкем өз міндетіне алған. Ол бізді мал бағуға, отын шабуға, аңшылыққа, өнерлі әрі шымыр болуға баулыды.
Қыз тәрбиесі
Қыз балалардың тәрбиесін анам өз жауапкершілігіне алған. Ол бізге үй жинау, төсек салу, ас пісіру, шай құю сияқты тұрмыстық істерді, сондай-ақ кесте тігу, өрнек тоқу, ою-өрнек жасау секілді қолөнерді үйретті.
Бүгінгі қыз — ертеңгі ана. Ал ана — бала тәрбиешісі. Сондықтан әрбір бойжеткен ертең өз ұрпағын тәрбиелей алатындай болып өсуі керек.
Ата-ана разылығы және адамдық парыз
Жақсы бала — ата-ананың аңсаған қуанышы. Ата-анам менің және бауырларымның қуантқан сәттерінде олардың ерекше шаттанатынын талай көрдім. Ата-ананың сөзін сыйлау, оларды тыңдау, пікірлес болу — отбасы тіршілігінің берекесі.
Сол арқылы бала ата-анасының мерейін өсіріп, оларды өз ортасында құрметке бөлейді. Мұны әр адам адамдық міндеті деп түсінуі қажет. Ал ата-ананың сөзін елемей, олардың қадірін кетірген перзентті халық «жетесіз» деп бағалаған.
Ұл мен қыз ата-анасын қуанышқа бөлеп, бақытқа жеткізуі үшін әдепті болуы керек. Сонымен қатар өзін әлпештеп өсірген ата-анасын дәл солай әлпештеп, аялап-қадірлеуі тиіс деп есептеймін.
Ұстаздық — ұлы міндет
Ұстаз болу, шәкірт тәрбиелеу — үлкен жауапкершілік. Осы міндетті абыроймен атқаруды өзімнің парызым санаймын. Шәкірттерім де алған білімін, тәрбиесін биік нәтижемен дәлелдеуді өз міндеті деп түсінеді.
Ұстаз шәкіртін біліммен, тәрбиемен қоректендірсе, шәкірт ұстазын бойына дарыған сол білім мен тәрбиесі арқылы сүйіндіреді.
Шәкірттерімнің өмірге көзқарасы мен берген бағыт-бағдарым арқылы қалыптасатынына ерекше мән беремін. Кейде өз оқушыларыма ата-анасынан да жақын екенімді сезінемін. Бұл — ұстазға тән балажандылық пен жауапкершіліктің белгісі деп білем.
Оқушыларымның бойындағы қабілеттерді байқап, оны дамытуға бар күшімді саламын. Талантты ашу — күн сайынғы еңбек. Бала тәрбиесінде ата-анадан кейінгі жауапты тұлғаның бірі — ұстаз. Ұстаз болу — шәкірттің болашақ өмірінің кілтін белгілі бір деңгейде қолыңа алу деген сөз: өмірге дайындау, жақсыға жақындату, жаманнан алыстату, шындықты ұғындыру — менің міндетім.
Қоғамға пайдалы тұлға қалыптастыру ұстаз еңбегімен тікелей байланысты екенін жақсы түсінемін. Оқушыларымның мектеп қабырғасынан білім мен тәрбие алып шығуы — менің еңбегімнің нәтижесі. Сондықтан бұл жолда аянбай еңбек етемін.
Отбасындағы тәрбие ережелері
Бала тәрбиесінде отбасының, яғни ата-ананың рөлі бірінші орында тұрары сөзсіз. Өзім төмендегідей қағидаларды маңызды деп санаймын:
- Үйде арнайы уақыт бөліп, баланың тілін дамытып, ой-өрісін кеңейту үшін жаңылтпаш, санамақ, мақал-мәтел, жұмбақ айтқызып, ертегі мен әңгіме оқып беру.
- Бесік жыры, бесікке салу, тұсаукесер, сүндет той сияқты ұлттық рәсімдерді отбасылық дағдыға айналдыру.
- Ұл тәрбиесі мен қыз тәрбиесіне айрықша мән беру.
- Баланың көзінше біреуді кінәлап, айыптамау; өсек пен орынсыз сөзден сақтану.
- Туыстардың, құда-жекжаттың, көрші-қолаңның жақсы қасиеттерін үлгі етіп айтып отыру.
- Адамның «үш жұрты» болатынын ұғындырып, оларды құрметтеуге, туыстық сезімді бекітуге тәрбиелеу.
- Баланы көршімен сыйластыққа, адамгершілікке, парасаттылыққа баулу.
- Кішінің үлкенді тыңдап, айтқанын орындауын дағдыға айналдыру.
- Балаларды үй шаруашылығының барлық түрін меңгеруге үйрету.
- Қонақты қарсы алу, шығарып салу, жол-жоралғы жасау мәдениетін үйрету.
- Ата-бабадан келе жатқан әдет-ғұрыптарды отбасында тұрақты түрде қалыптастыру.
- Отбасының берекесін сақтап, ата-әжесі, әке-шешесі бір үйде тату-тәтті тұру үлгісін балаға өнеге ету.