Балалар мынау қандай жануарлар
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті: Экология негіздері
Бұл оқу іс-әрекеті балалардың үй жануарлары туралы білімін кеңейтіп, әсіресе қой мен ешкімен таныстыруға бағытталған. Сабақ құрылымы ойын, жұмбақ, слайд, бейнесюжет және рөлдік жағдаяттар арқылы ұйымдастырылады.
Мақсаты (білімділік)
Үй жануарлары (түйе, сиыр, жылқы) туралы түсініктерін кеңейте отырып, қой мен ешкіні таныстыру.
Мақсаты (дамытушылық)
Олардың тіршілік әрекеті туралы ұғымдарын кеңейтіп, адамға берер пайдасын түсіндіру.
Мақсаты (тәрбиелік)
Жануарлар адамның қамқорлығы мен күтіміне мұқтаж екенін ұғындырып, қамқорлық жасауға тәрбиелеу.
Көрнекіліктер
- Үй жануарларының суреттері
- Слайдтар мен бейнесюжет
- Электронды карточка (күтпеген дыбыс)
- Асық (түстерді ажырату, санау)
Сабақ барысы
1) Мотивациялық кезең
Қимылды ойын: «Кім шапшаң?»
Үстел үстіне шашылған асықтарды ең тез жинаған балалар жеңімпаз болады. Ойын соңында тәрбиеші балаларды мадақтап, «Енді орнымызға жайғасайық» деп ұйымдастырады.
Күтпеген сәт (электронды карточка)
Кенеттен «мә-мә-мә» деген дыбыс естіледі. Тәрбиеші балалардан: «Бұл қандай дыбыс? Қай жануардың дауысы?» деп сұрап, дұрыс жауапқа жетелейді. Осылайша бүгінгі тақырып — қой мен ешкі екені хабарланады.
2) Іздену-ұйымдастыру кезеңі
Жұмбақ арқылы таныстыру
-
Кішкене ғана бойы бар, айналдырып киген тоны бар. (Қой)
-
Басында екі таяғы бар, төрт аяғы бар, сегіз тұяғы бар, иегінде сақалы бар. (Ешкі)
Слайдпен жұмыс (сұрақ-жауап)
- Бұл қандай жануарлар?
- Неліктен оларды үй жануарлары дейміз?
- Қойдың төлі — қозы, ешкінің төлі — лақ.
- Қой — овца, ешкі — коза.
- Немен қоректенеді? Шөп, су, жем.
Үй жануарлары адамға жақын жерде — қорада, үй маңында тіршілік етеді. Сондықтан оларға жем, су, шөп беріп, күтім жасап отыру қажет. Сонда ғана олардың пайдасын көреміз.
Қой мен ешкінің пайдасы
Ешкі: сүтін ішеміз, етін жейміз, жүнінен түбіт жасалады. Халық түсінігінде ешкі сүті өте нәрлі, емдік мақсатта да пайдаланылған.
Қой: сүтін ішеміз, жүнінен киіз басып, әртүрлі бұйымдар мен киім тоқимыз. Сонымен бірге қойдың асық жілігінен асық алынады.
Қазақ халқы ежелден мал шаруашылығымен айналысқан. Мал — киім, ас-ауқат, көлік көзі болған, тіпті кепкен қиын отын ретінде де пайдаланған. Сондықтан төрт түлікті қадірлеп, көбейтуге мән берген.
Салыстыру, топтастыру және күтім
Айырмашылықты анықтау
Ешкінің сақалы мен мүйізі болады, түсі әртүрлі кездеседі. Сурет арқылы қой мен ешкінің сыртқы белгілері салыстырылады.
Өнімдері (топтастыру)
- Етін жейміз
- Сүтін ішеміз
- Жүнін аламыз
- Киіз басамыз
- Қолғап тоқимыз
- Тон тігеміз
Қамқорлық жасау
- Қораға қамайды
- Жем, су береді
- Шөп салады
- Қорасын тазалайды
- Сауып, күтім жасайды
- Үстін тазартады
Тіл дамыту: шақыру, дыбыстау, пірлері
Өлең жолдары (төлін еркелету)
Қой сүйеді баласын, қоңырым деп,
Ештеңені білмейтін момыным деп.
Ешкі сүйеді баласын, лағым деп,
Тастан-тасқа секірген шұнағым деп.
Сұрақ-жауап
- Қой қалай дыбыстайды? «Мә-мә-мә»
- Ешкі қалай дыбыстайды? «Ме-ме-ме»
- Ешкіні қалай шақырамыз? «Шөре-шөре»
- Қойды қалай шақырамыз? «Пұшайт-пұшайт»
Төрт түліктің пірлері бар: қойдың пірі — Шопан ата, ешкінің пірі — Сексек ата.
Ойындар мен тәжірибелік тапсырмалар
Көлеңке театры: «Ненің көлеңкесі?»
Балалар көлеңкеге қарап жануарды анықтайды, байқағыштық пен салыстыру дағдылары дамиды.
Дидактикалық ойын: «Өз төлін тап»
Жеке жұмыс: жануарларды өз төлдерімен сызық арқылы сәйкестендіру.
Дыбысты ажырату: «Бұл қандай жануардың дауысы?»
Слайд немесе аудио арқылы жануар дауыстарын тыңдап, қай жануар екенін табады.
Асықпен жұмыс (түстер мен санау)
Түрлі түске боялған асықтар арқылы балалар түстерді ажыратады және неше түсті асық барын санайды.
Бейнесюжет және «жайлауға саяхат» жағдаяты
Бейне арқылы бақылау
Балалар бейнесюжеттен үй жануарларының тыныс-тіршілігін тамашалайды. Содан кейін тәрбиеші сұрақтар арқылы түсінгенін нақтылайды: жануарлар қалай қоректенеді, қайда мекендейді, адам оларға қалай күтім жасайды.
Әңгіме балаларды әрекетке шақырады: «Оларды өз көздеріңмен көріп, қамқорлық жасағыларың келе ме?»
Рөлдік жағдаят: «Ата мен әженің жайлауы»
Балалар «жайлауға саяхатқа» шығып, ата-әжемен амандасып, үй жануарларын көреді және қандай өнім алынатынын біледі. Тәрбиеші әжеге балалардың мақсатымен келгенін түсіндіреді, әже қонақтарды қарсы алып, таныстырады.
Қыздар тобы
Әжеге жүн түтуге көмектеседі.
Ұлдар тобы
Астауға шөп салып, жем мен су береді, қора құрастыруға көмектеседі.
Соңында балалар алғыс айтып, балабақшаға оралады. Әже балалардың көмегіне ризашылық білдіреді.
Қорытынды, рефлексия және күтілетін нәтиже
Рефлексия
Дәптермен жұмыс орындалады. Тәрбиеші сабақ мазмұнын сұрақтар арқылы қорытындылап, балалардың жауаптарын тыңдайды.
Мадақтау
Балалар мадақталып, сыйлық ретінде «Жеті лақ» ертегі кітапшасы ұсынылады.
Ән
«Қошақаным» әні саз жетекшісінің сүйемелдеуімен орындалады.
Күтілетін нәтиже
- Оқу іс-әрекетіне қызығушылық пен ынта артады.
- Үй жануарлары туралы, әсіресе қой мен ешкі туралы толық мәлімет алады.
- Қамқорлық, күтім, жауапкершілік туралы түсінігі қалыптасады.