Ұстаздарға арнау
Ұстазым, ұлағатым, үлгі-өнегем!
Ұстаз — адамзат баласы бас иетін асыл тұлға. Бұл жазбада ұстаздардың ерен еңбегін, мол қадірін және тарихтағы баға жетпес орнын дәріптей отырып, жас ұрпақты ұстазды құрметтеуге, адамгершілікке, сыйлауға және түсіне білуге тәрбиелеу көзделеді. Сондай-ақ ұстаз мамандығының қыры мен сырын танытып, ұстаз еңбегін әрдайым бағалай білуге жетелейді.
Мақсаты
- Ұстаздардың қоғамдағы орны мен еңбегін кеңінен таныту.
- Жас ұрпақты ұстазды құрметтеуге, адамгершілікке баулу.
- Ұстаз мамандығының мәнін түсіндіру, еңбегін бағалауға үйрету.
Көрнекілігі
- Ұлағатты сөздер жазылған плакаттар
- Кеспе парақшалар
- Гүлдер мен шарлар
Барысы
- 1 Тәрбие сағатын ашу, ұстаздарды төл мерекелерімен құттықтау.
- 2 Ұстаздарға арнау сөздер оқу.
- 3 Ұстаздардың құрметіне өнер көрсету.
- 4 Қорытынды бөлім.
Жүргізуші сөзі
Құрметті ұстаздар, оқушылар! «Ұстазым, ұлағатым, үлгі-өнегем!» атты ашық тәрбие сағатымызды ашық деп жариялаймыз. Қадірлі ұстаздар, сіздерді төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз!
Шәкірттерді тәрбиелеп, білім нәрімен сусындатып, жас буынға дұрыс бағыт-бағдар берудегі еңбектеріңіз жана берсін. Сіздердің сабырлы да салиқалы қызметтеріңіз — болашақтың берік іргетасы.
Оқушылардың арнауы
1-оқушы
Дана да басын иетін,
Дарын да шексіз сүйетін,
Жаныңда мәңгі жүретін,
Жаныңды жақсы білетін.
Суарып ізгі тілекпен,
Жаныңа сенің гүл еккен,
Асуда да бірге асып,
Қиындықта да бірге өскен.
Ұлағатты адам бар. Ол кім?
Деп сен де сұрамайсың,
Мен де сұрамаймын.
Жүрекпен нәрін ұғысқан —
Ол ұстаз, білсең туысқан!
2-оқушы
Ұстаз… қандай қасиетті сөз! Әр адамның жүрегіне ерекше жылылық нұрын себетін аяулы тұлғаның бейнесімен өзектес ұғым. Адам баласының жүрегінде қадір тұтып құрметтейтін екі ұғым болса, соның бірі — ұстаз.
«Ұстаздан тәлім алған» немесе «ұстаз алдын көрген» деген сөздер құлаққа ана тәрбиесін алғандай әсер етеді. Өйткені ұстаз — білім ғана емес, мінез бен мәдениетті де қалыптастыратын тұлға.
3-оқушы
Көзінде жылылық бар,
Сөзінде қылық бар.
Мінезін осы бастан ұғып қал!
Орынсыз күлмегені —
Ойлана біл дегені.
Сыйламай, ренжітіп жүрме оны,
Ұялтып, терлеткенде бетіне жел болып келме.
Сағына еске аларсың ер жеткенде.
4-оқушы
Айта берсек ұстазға тіл жетпеген,
Кімге ұстаз нәрін төкпеген?
Айтыңдаршы, адам бар ма өмірде,
Ұстаздарға қарыздар боп өтпеген?
5-оқушы
Ұстаз болу — жүректіліктің батырлығы,
Ұстаз болу — сезімнің ақындығы,
Ұстаз болу — мінездің күн шуағы,
Азбайтұғын адамның алтындығы.
Ақын жырлағандай, сөзі маржан, үні ән ұстаздардың барын мақтан етеміз.
Ән:
«Ұстаз»
6-оқушы
Ұстаз деген ана ғой,
Қадірлеу керек ұстазды.
Үйреткен бізге білімді,
Ренжітпеу керек ұстазды.
7-оқушы
Сыйлаймыз біз ұстазды,
Тілін алып тыңдаймыз.
Қадірлейміз әрқашан,
Ұмытпаймыз ешқашан.
Жүргізуші
Ұрпақ тәрбиесі ұстазға байланысты. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, өнегелі ұстаздан жақсы шәкірт шығатыны сөзсіз.
8-оқушы
Хан бол, мейлі қара бол,
Дарын бол, мейлі дана бол —
Өтетін бәрі алдынан
Ұстаздар бейне сара жол.
Ұстаздар — ұлттың тірегі,
Ұстаздар — мектеп жүрегі.
Ұрпаққа жетер ұстазбен
Халықтың ұлы тілегі.
Қойылым:
«Сағат»
9-оқушы
Ұстаз, ұстаз — қасиетті есімің,
Құттықтайды барша халық осы күн.
Өзің берген біліміңе қандырып,
Талай ұлан шәкірттерді өсірдің.
10-оқушы
Жаралған жақсы үміт, мұраттардан,
Жансыңдар әлдилеген шуақты арман.
Жатталсын жан жүректе есімдерің,
Адамның аяулы әні сияқты.
11-оқушы
Күндеріңіз толсын гүлге, желекке,
Отбасында болсын ырыс, береке.
Құттықтаймыз шын жүректен сіздерді,
Өмір-думан бақ әкелсін мереке.
Ән:
«Ана»
12-оқушы
Мөлдір бұлақ сылдырлаған суымен,
Ормандарың шулап жатыр нуымен.
Ал баланың тәрбиесін беретін —
Құттықтаймыз, ұстаздар, мерекенің шырайлы күнімен!
13-оқушы
О, ұстаздар, басымды ием сіздерге
Күллі әлемнің Мұғалімдер күнінде.
Жүрегімнің лүпілінен шыққан сөз
Сая тапсын ұлы ұстаз жүрегінің түбінде.
Ән:
«Айналайын»
14-оқушы
Шәкірттер сөз арнап мақтанады,
Бейнелерің жүректерде сақталады.
Біз, жастар, биіктерден көрінеміз,
Үміт пен сенімдерің ақталады.
15-оқушы
Ұстаздар, қандай ғажап асылсыздар,
Жан біткен жанарына нұр сыйлаған.
Күндей боп күлімдеген жарықсыздар.
Қорытынды
Ұстаз шәкіртін саналы, білімді, тәрбиелі азамат ретінде көргісі келеді. «Атаның ұлы емес, адамның ұлы бол» деген ұстанымды жүрекке түйіп, адами қасиеттеріңді биіктетіп, білім шыңына ұмтылыңдар.
Ұстаз атын кір келтірмей, ұстаз сенімін ақтай беріңдер. Ел болашағы — жастардың қолында. Сондықтан заманауи биіктерге самғап, өз жолдарыңды нық таңдаңдар.
Ұстаздарға тілек
Бүгінгі күн құшақтарыңыз гүлге толсын, дендеріңіз сау, көңілдеріңіз шат болсын. Еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға береке-бақыт тілейміз. Мерейлеріңіз үстем бола берсін!