Жүрегімнің нұры кім
Тәрбие сағаты
- Тақырыбы
- Ана — өмірдің гүлі
- Сабақтың мақсаты
- 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күніне орай аналарды құттықтау; ананы сыйлауға, құрметтеуге және аялауға дағдыландыру. Ана, апа, әже, қарындас, ұстаз — адам өміріндегі ең аяулы жандар екенін ұғындыру. «Ана» деген ең асыл жан екенін түсіндіру.
- Көрнекілігі
- Зал іші мерекеге сай безендіріледі: «Ана көрген — тон пішер, әке көрген — оқ жонар» мақал-мәтелі және «Ана — өмірдің гүлі» тақырыбына суреттер ілінеді. Шарлар, гүлдер және басқа да безендіру элементтері қолданылады.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру бөлімі
Мұғалімнің кіріспе сөзі
Қымбатты да бар мейірімін балаларына арнаған аяулы аналар, бар мейірімін немерелеріне арнаған ақжаулықты әжелер, білім нәрімен сусындатқан ұлағатты ұстаздар және көктемнің мерекесіндей құлпырған ару да әсем қыздар!
Сіздерді көктемнің алғашқы мерекесі — 8 наурыз, Аналар мерекесімен құттықтаймыз. Бүгінгі «Ана — өмірдің гүлі» атты мерекемізге қош келдіңіздер!
Жүргізушілер диалогы
I жүргізуші
- Көгімнің көркі кім?
- Жүрегімнің нұры кім?
- Әлемнің нұры кім?
II жүргізуші
- Ана.
- Ана.
- Ана.
I жүргізуші: Армысың, ару қыздар, абзал ана! Анаға тең келетін бар ма дана? Мерекең бүгінгі күн құтты болсын, Қуанышпен құшағың гүлге толсын!
Ендеше, кезекті тақпақтарға берейік.
Оқушылардың тақпақтары (1–4)
1-оқушы
Жер бетінің ғұмыры —
Күн нұры мен арайлы.
Біздің үйдің жылуы —
Анамыздан тарайды.
2-оқушы
Ана деген — мейірім,
Ана деген — шапағат,
Ана деген — құдірет,
Ана деген — махаббат.
3-оқушы
Еркелесем — күлімдейтін,
Ұрысқаны білінбейтін.
Маңдайымнан иіскеп менің,
«Құлыншағым, күнім» дейтін.
4-оқушы
Жақсы көрем күлкіңді,
Айналайын, ақ мамам.
Менің мамам сүйкімді —
Бәрінен де жақсы адам.
Жүргізуші сөзі
Рахмет, балалар. Қандай әдемі тақпақтарды аналарыңызға арнап жатырсыздар! «Анадан артық жан бар ма?» — баланы өле-өлгенше сүйетін, қуанышына қуанып, түн ұйқысын төрт бөліп, кірпік қақпай, дамылсыз сағынатын жан — осы Ана.
Музыкалық нөмір
Келесі кезекте Аманбай Дильназдың орындауында «Анашым» әнін қабыл алыңыздар.
Оқушылардың тақпақтары (5–7)
5-оқушы
Ана деген — ақылшың,
Ана барда — батырсың.
Қасыңда кім болса да,
Тек анаңа жақынсың.
6-оқушы
Сізге бүгін сый-құрметті,
Жан анашым — мейірім.
Қаласаңыз, би билеп,
Ән де шырқап беремін.
7-оқушы
Ақ жүректі сақтаған,
Жарқын жүзің — бақ маған.
Ақ бетіңнен сүйетін,
Келші, келші, ақ мамам.
Өтпелі бөлім
Ендігі кезекте мерекелік бағдарлама жалғасады: жылы лебіздер, ән-күй, би және аналарға арналған ізгі тілектер.