Балалар сендер құстарды қалай қорғайсыңдар

Ашық сабақ Әлеуметтік орта Қоршаған ортамен таныстыру

Тақырыбы: «Құстар — біздің досымыз»

Бұл сабақ балалардың құстар туралы түсінігін кеңейтуге, табиғатқа жанашырлық танытуға және құстарға қамқорлық жасауға баулуға арналған. Оқу үдерісінде сөздік қорды молайту, ой-өрісті дамыту және өз ойын анық жеткізу дағдыларына да көңіл бөлінеді.

Мақсаты

  • Құстар туралы білімді кеңейту.
  • Қамқорлық пен сүйіспеншілік сезімін ояту.
  • Ой-өрісті дамыту, сөздік қорды байыту.

Интеграция

  • Көркем әдебиет
  • Музыка
  • ҚМТҚ

Көрнекілік

Құстардың суреттері, тақта, үнтаспа, орман бейнесі.

Әдіс-тәсілдер

Психологиялық сәт, сұрақ-жауап, түсіндіру, сергіту сәті.


Психологиялық сәт

Өлең жолдары

Біздер жақсы баламыз,

Өсті ақыл-санамыз.

Қонақтармен ең алғаш,

Амандасып аламыз.

Жарқырасын күніміз,

Жайнап тұрсын гүліміз.

Жақсы ниет, тілекпен,

Бастайық сабақ бүгін біз.

Ұйымдастыру кезеңі

Балалар орындарына отырып, оқу іс-әрекетін бастайды. Тәрбиеші көктем мезгілі туралы әңгіме жүргізіп, жыл мезгілдері, айлар, аптаның күндері бойынша сұрақтар қояды. Бұл бөлім балалардың бұрынғы білімін еске түсіріп, сабаққа назарын шоғырландыруға көмектеседі.

Жұмбақ

Тал басында тамаша үй. Ұя

Тәрбиеші: «Осы ұяда нелер мекендейді?» — деген сұрақ арқылы әңгімені құстар тақырыбына бағыттайды.

Орманға саяхат: құстармен танысу

Балалар музыка әуенімен «орманға» саяхатқа шығады. Сол жерде ертегі ханшайымының хаты табылады. Тәрбиеші хатты дауыстап оқып береді: ханшайым құстар әлемінен «Ерке бұлбұл» атты ертегі жолдаған екен.

Ертегі: «Ерке бұлбұл»

Қысқаша мазмұны

Ертеде бұлбұлдың балапаны өсіп, мінез көрсетеді. Ол ата-анасынан: «Неге ұяны жерге емес, басқа құстардай биікке салмайсыңдар? Неге алып құстардай ірі емессіңдер?» — деп сұрап, мазаларын алады.

Ата бұлбұл өсиет айтады: «Саңқылдап сұңқар, қарқылдап қарға, тыраулап тырна бола алмайсың, шырағым. Ақылың болса өз сәніңмен, өз әніңмен ата жолын жалға».

Бірақ ерке бұлбұл тыңдамай, өзіне серік іздеп ұясын тастап кетеді. Ол құстар әлемін аралап, әртүрлі құстармен кездеседі: қарға, сауысқан, торғай, бүркіт, қарлығаш. Дегенмен, ешқайсысының үні де, тіршілігі де оның жүрегіне жақын болмайды.

Ақыры шаршап-шалдығып өз ұясына оралады. Ана бұлбұлдың әні табиғатты тамсандырып, ерке бұлбұлды тербейді. Таңертең ол туған жердің қадірін түсініп, өз үні мен өз болмысының ең қымбат екенін сезінеді.

Ертегіде кездесетін құстар

  • Қарға
  • Сауысқан
  • Торғай
  • Бүркіт
  • Қарлығаш

Негізгі ой

Әр құстың өз ерекшелігі бар. Адам да өз болмысын қадірлеп, өз қабілетін дамытса — шынайы биікке көтеріледі. Туған жер мен өз ұяңның жылуы әрқашан қымбат.

Сергіту сәті

Мынау менің жүрегім — бәрі осыдан басталған.

Мынау басым — ақылды.

Мынау менің оң қолым,

Мынау менің сол қолым —

Барлық істі атқарған.

Шығармашылық тапсырма: ұя жасау

Тәрбиеші балаларға: «Құстарды қалай қорғаймыз?» — деген сұрақ қояды. Одан кейін балалар үстел үстіндегі түрлі түсті пішіндерден құстарға арнап ұя құрастырады. Дайын болған ұялар «ағашқа» апарып ілінеді.

Қорытынды

Балалар құстарға қамқор болу, оларды күту және табиғатты аялау керектігін түсінеді. Сабақ соңында жылы тілек айтылады: «Құстарымыз аман болсын!»