Оқушыларға отбасындағы жарастық туралы түсінік бере отырып, сүйіспеншілік құнды сезім екенінің мәнін ұғындыру
Сабақтың тақырыбы: Отбасы жарастығы
Сабақтың мақсаты
Оқушыларға отбасындағы жарастық туралы түсінік бере отырып, сүйіспеншіліктің құнды сезім екенін ұғындыру.
Міндеттері
- Отбасы жарастығы мен татулығы туралы түсінік қалыптастыру.
- Отбасында жағымды қарым-қатынас жасау дағдыларын дамыту.
- Өзара сыйластыққа тәрбиелеу.
Сабақтың басталуы
Сәлеметсіңдер ме, оқушылар! Бүгінгі сабаққа деген көңіл-күйімізді «бармақ» әдісі арқылы көрсетейік: көңіл-күйіміз жақсы болса — бармақты жоғары, орташа болса — қиғаш, төмен болса — төмен қаратып көрсетеміз.
Көңіл-күйі орташа болған оқушылар сабақ соңына дейін көтеріңкі көңіл күйге жетеді деп сенемін.
Өткен сабақта біз сүйіспеншілік тақырыбын қарастырған едік. Сол тақырыпқа сай табиғатқа деген сүйіспеншілігімізді білдіріп эссе жазған болатынсыңдар — енді бірнешеуін тыңдайық.
Біз табиғатты аялап, қамқор боламыз. Ал бізді кім еркелетіп, кім аялайды? Әрине, ата-ана.
Пазл арқылы ой қозғау
Алдарыңда жатқан суреттерді құрастырып көріңдер: пазлдар арқылы отбасы бейнесін жинақтаймыз.
Суреттерден отбасындағы қандай құндылықтарды байқадыңдар? Бұл отбасыларды қандай отбасы деп сипаттар едіңдер?
Бүгінгі тақырыбымыз — «Отбасы жарастығы».
Әңгімелесу (Ойланайық, пікірлесейік)
Әңгімелесу барысында оқушылар алған білімдерін өмірлік тәжірибемен салыстырып, ойларын дәлелдеуге мүмкіндік алады. Төмендегі сұрақтар бойынша пікір алмасамыз:
Отбасы жарастығы дегеніміз не?
Бақытты отбасы қандай болады?
Тату отбасында қандай қасиеттер болады?
Түйін сөз
Адамға өмірдегі ең қымбат — отбасы.
Отбасында сүйіспеншілік, сыйластық, татулық, бауырмалдық болғанда бірлік нығаяды. Бір-бірін аялап, кешіріп, түсіне білгенде отбасы берік болады.
Егер бір-бірімізді жақсы көріп, бір-бірімізден еш нәрсе жасырмай, ашық сөйлесек — ең бақытты, ең тату отбасыға айналамыз.
Аудио арқылы байланыстыру
Сабақ тақырыбын өмірмен байланыстыру үшін «Отбасы татулығы» туралы аңыз аудиожазба арқылы тыңдалады. Оқушылар отбасындағы жарасымның негізі — сүйіспеншілік, кешірім, бірлік және шыдамдылық екенін өздері пайымдайды.
Аңыз: «Отбасы татулығы»
Баяғыда бір үлкен отбасы өмір сүріпті. Отбасындағы адамдар саны өте көп екен — бір қауым ел болып, бірге тұрыпты. Бұл отбасы ерекше болыпты: олардың өзара келісімде, татулықта өмір сүруі елді таңғалдырған.
Ол жерде ұрыс-керіс, дау-жанжал деген мүлде болмайды екен. Бұл туралы хабар патшаның құлағына да жетеді. Патша естігенінің анығын білгісі келіп, сол ауылға келеді.
Ауыл тап-таза, барлығы жеткілікті, тыныштық пен береке орнаған. Патшаның көңілі толып, ерекше шаттыққа бөленеді. Сыйластығы жарасқан бақытты отбасында қариялар төрде, уайым-қайғысыз, ал балалары мәз-мейрам екен.
Бұған патша таң-тамаша болып, олардың қалайша тату-тәтті өмір сүретінінің мәнісін білгісі келеді. Ауыл ақсақалына келіп, татулық пен бірлікке қалай жеткендерін айтып беруін өтінеді.
Қарт үнсіз ғана қағазға мұқият жазып шығады: жүз рет сүйіспеншілік, жүз рет кешірім, жүз рет бірлік.
Үш сөзді оқыған патша таңғалып: «Осы-ақ па?» — дейді. Ақсақал: «Иә. Барлық жақсы отбасылар тек осы қасиеттерден құралады», — дейді де, сәл ойланып, «шыдамдылық» деген сөзді қосып қояды.
Талқылау сұрақтары
- Өсиет әңгіменің мәні неде?
- Неліктен патшаны ұйымшыл отбасы қызықтырды?
- Отбасының сыйластығына қалай қол жеткізуге болады?
- Отбасының татулығы қандай табыстарға жеткізеді?
- Отбасының татулығы мен бірлігі кімге және неге байланысты?
- Әрқайсымыз оған жауаптымыз ба? Неліктен?
- Сендердің отбасыларыңның татулығы мен бақыты қандай құндылықтар мен қасиеттерден құралады?
Плакатпен жұмыс
Оқушыларға А3 форматында отбасы мүшелеріне сипаттама жазу тапсырмасы беріледі. Әр топ өз плакатын қорғайды.
Ана — қымбат алақан, жылы сөз, мейірімді жүрек.
Әке — асқар тау, отбасының тірегі, қамқоршы.
Бала — ұрпақ жалғастырушы, үміт пен қуаныш.
Ата-әже — еркелететін, ардақты, ақыл айтатын жандар.
Шығармашылық жұмыс (топтық)
«Бүгінгі тақырыптан қандай ой түйдік? Отбасы құндылығы туралы не білдік?» деген бағытта топтық тапсырмалар орындалады.
1-топ: «Отбасы коллажы»
Берілген суреттер арқылы отбасына байланысты мақал-мәтелдер құрастырып, коллаж жасайды.
2-топ: Жағдаяттарды талдау
1) Саят ата-анасын басқа балалардың ата-анасымен жиі салыстырады. Кейде Саятқа өз ата-анасы басқалардікіндей емес сияқты көрініп, оларға ренішпен қарай бастады. Саяттың іс-әрекеті дұрыс па? Қандай ақыл-кеңес берер едіңдер?
2) Сыныптасыңның анасы қатты ауырып қалды, ал сендер қала сыртына саяхатқа билет алып қойғансыңдар. Не істер едіңдер? Саяхаттан бас тартасыңдар ма? Досыңа қандай көмек ұсынасыңдар?
3-топ: Суретпен жұмыс
Берілген бейнелердің қайсысын өз отбасы мүшелеріне теңер едіңдер? А3 парағына суреттерді жапсырып, неліктен сол бейнеге теңегендеріңді түсіндіріп беріңдер.
4-топ: Мақал-мәтелді аяқтау
1) Ата ____________________ , Бала ____________________
2) Ағасы бардың ____________________ , Інісі бардың ____________________
3) Әкесін ____________________ , Баласы ____________________
4) Ананың ____________________ , Атаның ____________________
5) Аға ____________________ , Апа ____________________
6) Жас ____________________ , Жас ____________________
Рефлексия және кері байланыс
«Алма ағашы» әдісі
Сабақтың тақырыбын бекіту үшін «алма ағашын» жасаймыз: ағаш бастапқыда бос тұрады, біз оны алмалармен толтырамыз. Әр алмаға отбасындағы құндылықтарды жазамыз.
Ағашты қалай күтіп-баптасақ, бақытты отбасымыздың құндылықтарын да солай сақтай білейік.
«Ыстық микрофон»
Бүгінгі сабақтан көп ой түйдік. Отбасы жарастығы — татулық, сыйластық және бірлік екенін түсіндік. Енді осы сәтті пайдаланып, микрофон арқылы отбасымызға және ата-анамызға жүректен шыққан тілектерімізді жолдайық.
Топпен ән: Қ. Нұртас — «Жанұям»
Аман болсын ата-анамыз, бізді өсіріп баптаған, Аман жүрсін бауырымыз, алыстағы аңсаған. Берік болсын босағамыз, отауымыз қосылған, Ең керегі — тату-тәтті болсын менің жанұям. Жанұяның бір қызығы — арадағы бала, Онсыз үйде болған емес құт-береке, сірә. Жастайымнан еркелетіп өсірген, Аман болшы, теңдесі жоқ Атаменен Ана!