Дұрыс әрекет

Өзін-өзі тану 2–3–4-сынып Құндылық: Дұрыс әрекет

Сабақтың өзегі: білім, әдеп және жауапкершілік

Бұл сабақ 2–3–4-сыныптарға арналған және білімнің адам өміріндегі маңызын аша отырып, оқушыларды «дұрыс әрекет» құндылығына тәрбиелеуді мақсат етеді. Сабақ барысында әдеп, қанағат, парыз, ризашылық, сондай-ақ дұрыс ой мен дұрыс сөз ұғымдары нақты әрекетпен байланыстырылып түсіндіріледі.

Тақырыптар (сынып бойынша)

  • 2-сынып: Оқуға құштарлық
  • 3-сынып: Білім — ақиқат бастауы
  • 4-сынып: Білімге құштарлық

Құндылық және қасиеттер

Әдеп Қанағат Парыз Ризашылық Дұрыс ой Дұрыс сөз

Негізгі идея: білім — тек ақпарат емес, ол адамның мінезі мен таңдауларын тәрбиелейтін тірек.

Сабақтың мақсаты мен міндеттері

Сабақ мақсаты

Оқушыларға білімнің адам өміріндегі маңызын түсіндіре отырып, оларды дұрыс әрекет құндылығына тәрбиелеу.

Міндеттері

  • Білім мен ақыл туралы түсінік қалыптастыру.
  • Әдептілікке, ризашылыққа, қанағатшылдыққа баулу.
  • Дұрыс ой мен дұрыс сөз арқылы жауапкершілікті сезінуге және дүниетанымды кеңейтуге бағыттау.

Ресурстар

Оқулық, дәптер, аудио және бейнежазбалар.

Сабақ барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

  • Сәлемдесу.
  • Оқу құралдарының дайындығын тексеру.

2) Тыныштық сәті — «Күннің нұры»

Ұзақтығы: 5 минут

Медитациялық жаттығу

Ыңғайланып отырыңыздар, денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ-қолдарыңызды айқастырмаңыз. Қолдарыңызды тізеңізге немесе үстелге қоюға болады. Көздеріңізді жұмуларыңызды өтінемін.

Елестетіп көріңіз: күннің нұры төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай баяу тарайды. Кеудеңіздің орта тұсында гүл түйнегі бар. Ол нұрдың әсерінен жайлап ашыла бастайды. Балғын, таза, әсем гүл әр ойыңызды, сезіміңізді, эмоцияңызды және тілегіңізді тазартып, жүрегіңізді жарыққа толтырады.

Нұр сәулесі бойыңызға біртіндеп таралып, күшейе түседі. Оймен осы нұрды қолдарыңызға түсіріңіз: қолдарыңыз нұрға бөленіп, сәуле шашсын. Қолымыз тек жақсы, ізгі істер жасайды және баршаға көмектеседі.

Нұр аяқтарыңызға тарасын: олар да сәуле шашып, сізді тек жақсылық жасайтын жерлерге апарады. Аяқтарыңыз нұр мен махаббат құралына айналады.

Нұр барған сайын күшейіп, денеңізден шығып, жан-жағыңызға сәуле шашады. Осы нұрды туыстарыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға және таныстарыңызға бағыттаңыз. Түсініспей қалған, ренжіскен адамдарға да нұр жіберіңіз — олардың да жүрегі жарыққа толсын.

Нұр бүкіл әлемге: барлық адамдарға, жануарларға, өсімдіктерге және барлық тіршілік иесіне таралсын. Ғаламның түкпір-түкпіріне нұр бағыттаңыз.

Ойша қайталау

Мен нұрлымын…
Нұр менің ішімде…
Мен нұрмын…

Осы нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз. Нұрға толы әлем жүрегіңізде екенін сезініңіз. Осы әсем күйді сақтаңыз. Жаймен көздеріңізді ашуға болады. Рахмет!

3) Үй тапсырмасын тексеру

Оқылатын тапсырмалар

  • 2-сынып: «Табанды бала»
  • 3-сынып: «Білім мен байлық»
  • 4-сынып: «Құштарлық»

Талқылау сұрақтары

  • Баланың ғалым болуына қандай қасиеттер көмектесті?
  • «Оқу — инемен құдық қазғандай» дегенді қалай түсінесіңдер?
  • Талапты баланың білімге құштарлығын қалай аңғаруға болады?
  • Әдептілік құндылығын қалай түсінесіңдер?
  • Дұрыс сөйлеу не үшін адамға қажет деп ойлайсыңдар?
  • Дұрыс әрекеттің құндылықтарын атаңдар.

4) Дәйексөз

Ы. Алтынсарин

«Өнер, білім — бәрі де оқуменен табылған».

Талқылау: Неліктен Ы. Алтынсарин өнер мен білім оқумен табылады деп есептеген? Дәйексөзді бірге айту ұсынылады: 2 рет ұлдарға, 2 рет қыздарға, 1 рет бүкіл сыныппен.

5) Әңгімелеу — «Сәтемір хан»

Сәтемір жеті жасында ата-анасынан жетім қалады. Бір күні далада ойнап жүріп, ескі тамның түбіне шаршап сүйенеді. Сол сәтте бір аяғы ақсақ құмырсқаның тамның төбесіне өрмелеп бара жатқанын көреді. Құмырсқа орта шеніне жеткенде құлап түседі, қайта тұрып қайта өрмелейді — тағы құлайды. Үшінші рет талпынып, бар күшін салып, қисая-мисая жүріп, ақыры тамның төбесіне шығып кетеді.

Мұны көрген Сәтемір ойға қалады: ең кішкентай жәндіктің өзі тынбай еңбек етеді; өзі ақсақ болса да, қайта-қайта талпынып, ақыры мақсатына жетті. «Ал мен талап іздемей, ойын қуып жүргенім ақылсыздық екен», — деп, ойынын тастап қалаға барады.

Қалада білімді, оқымысты молдаға үй сыпыруға жалданып, ақысына оқу оқиды. Уақыт өте Сәтемір асқан данышпан, әлемге аты жайылған адамға айналады.

Әңгіме бойынша сұрақтар

  • Сәтемір құмырсқаға қарап нені түсінді деп ойлайсыңдар?
  • Неге ол ойынын тастап қалаға кетті?
  • Бала неге жетістікке жетудің бір жолы — білім деп ойлады?
  • Білімнің адам өміріне қандай пайдасы бар?
  • Білімді өз бойымызға қандай жолмен жинақтауға болады?

6) Шығармашылық жұмыс (топтық)

Сынып екі топқа бөлінеді. Топтар бір-біріне жұмбақтар жасырады. Жауап бере алмаған топтың ұпайы кемиді.

Дағды

Тыңдау, ой қорыту, дәлелдеу, бірлесіп әрекет ету, өзара сыйластық.

7) Топпен ән айту

«Ұстазым, менің ұстазым»

Сөзі: А. Шамкенов · Әні: Ә. Еспаев

1-шумақ

Тұлғаңды арманымa ұқсатқанмын,
Үлгіңді көңіліме қыстатқанмын.
Есімде, әліппені жаттатқызып,
Ең алғаш қолға қалам ұстатқаның.

Қайырмасы

Ұстазым, менің ұстазым,
Өзіңмен өткен қыс-жазым.
Қалдырған ізің мәңгілік,
Жадымда тұрар жаңғырып,
Ұстазым, менің ұстазым.

2-шумақ

Зердемді сен ашпасаң не етер едім,
Өмірден сыбағасыз өтер едім.
Ғажайып дүниенің сырын жайып,
Қияға қызықтырып жетеледің.

Қайырмасы

Ұстазым, менің ұстазым,
Өзіңмен өткен қыс-жазым.
Қалдырған ізің мәңгілік,
Жадымда тұрар жаңғырып,
Ұстазым, менің ұстазым.

3-шумақ

Өзіңнен өмірге азық ала бердім,
Ұшырып мені алысқа қала бердің.
Бойымда отың кетті ұшқын атқан,
Келеді жана бергім, жана бергім.

8) Үй тапсырмасы

Оқулық бойынша

  • 2-сынып: 6-сабақ — «Кітаптың жыры»
  • 3-сынып: 5-сабақ — «Ана қиялы»
  • 4-сынып: 5-сабақ — «Әже әңгімесі»

Дәптер бойынша

5–3–2 сабаққа арналған 1 және 2-тапсырмаларды орындап келу.

9) Соңғы тыныштық сәті

Көзімізді жұмып, осы сабақта айтылған ойлар мен істерді ой елегінен өткізейік. Айтылған жақсы ойларды жүрегіміздің түкпіріне орналастырайық. Енді көздеріңізді ашуға болады. Сабақ аяқталды. Бүгінгі күндеріңіз қуаныш әкелсін!

Нұсқау сөз

«Тыныштық… бар жерде, тыныштық… бүкіл әлемде».