Нұрдәулет Ақыштың Компьютер жанындағы жанжал әңгімесін мәнерлеп оқу
Сабақ туралы қысқаша мәлімет
Мектеп және мұғалім
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Қ. Пірімов атындағы ауыл, №103 мектептің бастауыш сынып мұғалімі — Тоқсанбаева Биғанша.
Сабақтың тақырыбы
Нұрдәулет Ақыш: «Компьютер жанындағы жанжал» әңгімесі.
Сабақтың мақсаты
- Білімділік: мәтінді болжау стратегиясы арқылы түсіндіріп меңгеру; сұрақтар мен тапсырмалар және топтық жұмыс арқылы ой-өрісті кеңейту.
- Дамытушылық: оқушы ойын жинақтап, өз бетінше қорытынды жасау дағдысын қалыптастыру.
- Тәрбиелік: қызығушылықты арттыру, белсенді оқуға ынталандыру; өз пікірін еркін айтуға және көзқарасын дәлелдеуге тәрбиелеу.
Түрі
Дамытушылық
Типі
Жаңа білімді хабарлау
Әдіс-тәсілдер
Сұрақ-жауап, болжау кестесі, «бес жолды өлең»
Көрнекілігі
Суреттер, тірек сигналдары.
Сабақтың барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
Психологиялық дайындық
Бүгінгі сабағымызға қонақтар қатысып отыр. Қонақтармен амандасып, сабағымызды бастайық.
Үлкенге де — сіз,
Кішіге де — сіз.
Сәлем бердік сіздерге,
Құрметпенен біз.
Топқа бөлу және жұмыс тәртібі
Сабақ басталысымен әр топтың басшысы тағайындалып, топ атаулары анықталады. Әр топ басшысы өз тобының жұмысын ұйымдастырып, мүшелерінің белсенді қатысуын қадағалайды.
Оқушылар сабақтан күтілетін нәтижелерді айтады: сабақты көңілді өткізу, жақсы баға алу, ұстазды құрметтеу, табиғатты қорғау, аспанымыздың ашық болуы.
Келе жатқан 8 наурыз — көктем мерекесі құтты болсын!
2) Үй тапсырмасын тексеру
С. Торайғыровтың «Арыстан мен тышқан» мысалын мәнерлеп оқу. Үй тапсырмасын қорытындылау үшін қазақтың ұлттық ойындарының бірі — асық ойыны қолданылады.
1-сұрақ
Арыстан тышқанды неге өлтірмекші болды?
2-сұрақ
Тышқан қалайша өлімнен құтылды?
3-сұрақ
Ол берген уәдесін қалай орындады?
3) Жаңа сабақ
Автор туралы
Бүгін біз ақын-жазушы Нұрдәулет Ақыш шығармашылығына тоқталамыз. Ол 1950 жылы 15 мамырда Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Маңырақ ауылында дүниеге келген. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.
Әр жылдары «Мектеп», «Жалын», «Балауса» баспаларында, сондай-ақ «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз», «Қазақстан мұғалімі», «Халық кеңесі», «Заң» басылымдарында түрлі қызмет атқарған.
Балаларға арналған туындылары
- «Жұмбақ іздер»
- «Қиырдан келген көгершін»
- «Киелі көздің қарашықтары»
- «Бей уақытта жанған от» және т.б.
Жазушы — Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың иегері.
Бүгін Нұрдәулет Ақыштың «Компьютер жанындағы жанжал» әңгімесімен танысамыз.
Ой қозғау
«Интернет» әдісі бойынша талқылау: Компьютер туралы не білеміз? Компьютердің мүмкіндіктері, қолданылуы және ақпарат іздеу жолдары туралы ой бөлісеміз.
Келесі қадам: «Тағы нені білгіміз келеді?» деген сұраққа жауап беру арқылы тақырыпқа қызығушылықты арттыру.
Мәтінмен жұмыс: болжау кестесі
Әңгімені бірнеше бөлікке бөліп оқимыз және болжау кестесі арқылы мазмұнын алдын ала топшылаймыз. Оқушылар 3 топқа бөлінеді:
Алғырлар
Топ басшысы: Нағашыбай
Білгірлер
Топ басшысы: Төлеген Құлпыбай
Тапқыштар
Топ басшысы: Ғани Ғасырбек
1-бөлім бойынша тапсырмалар
- Мәтінді оқу
- Әңгімелеу
- Бөлімге ат қою
- Сурет салу
2-бөлім бойынша тапсырмалар
- Мәтінді оқу
- Әңгімелесу
- Бөлімге ат қою
- Сурет салу
Талдау
- 1-бөлім: оқушылар қойған атауды тыңдау, түсінгенін айтқызу. «Мерекелік қалаға Айдынның үйіне қонаққа келуі» тақырыбындағы суреттерді тексеріп, тақтаға ілу.
- 2-бөлім: оқушылар қойған атауды тыңдау, түсінгенін айтқызу. «Айдынның интернетке шығуы» тақырыбындағы суреттерді тексеріп, тақтаға ілу.
Талқылау: компьютердің пайдасы мен зияны
Пайдасы
- Ақпаратты жылдам табу
- Оқу мен шығармашылыққа көмектесу
- Байланыс және жаңа дағдыларды меңгеру
Зияны
- Уақытты тиімсіз өткізу қаупі
- Көзге және денсаулыққа салмақ түсуі
- Қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдары
Түйін: компьютерді мақсатпен және уақыт тәртібімен қолдану — ең дұрыс әдет.
4) Қорытынды бөлім
Сабақты «Бәйге» ойыны арқылы қорытындылаймыз.
Әр сұрақ — мәтінді түсіну және өз ойын дәлелдеу дағдысын нығайтуға бағытталған.
Бағалау
Өзін-өзі бағалау
1-сұрақ
Әңгімеге кімдер қатысты?
2-сұрақ
Балалар компьютерде қандай ойын ойнамақ болды?
3-сұрақ
Олардың ойындары неліктен үзілді?
4-сұрақ
Мәтіннен интернет туралы нені түсіндің?
5-сұрақ
Сен компьютерде қандай ойындар ойнайсың?
Үй тапсырмасы
- Нұрдәулет Ақыштың «Компьютер жанындағы жанжал» әңгімесін мәнерлеп оқу.
- Компьютердің суретін салу.