Ағайынбыз бәріміз Құрметті балалар
Ерлік – елдің қасиеті, жүректілік – жігіттің қасиеті
Бұл мәтіннің басты мақсаты – оқушыларға ерлік пен батылдық туралы түсінік беру, Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстан халқының майданда және тылда көрсеткен еңбегін таныту, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу. Сондай-ақ ерлікпен қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етіп, ардагерлерге құрмет көрсету.
Мақсаттар
- Ерлік пен батылдық ұғымын түсіндіру.
- Қазақстан халқының майдандағы және тылдағы еңбегін паш ету.
- Отансүйгіштікке, елжандылыққа тәрбиелеу.
- Қаза тапқан жауынгерлерге тағзым, ардагерлерге құрмет.
Көрнекі құралдар
- Слайдтар
- Суреттер
- Нақыл сөздер
Мұғалім сөзі
Құрметті балалар, бүгін біз ерлік пен батылдық туралы әңгімелейміз. Сендер де батыр болуды армандайтын шығарсыңдар. Сондықтан ең алдымен ерлік пен батылдықтың мәнін анықтап алған жөн. Қанша ғасыр өтсе де, адамзат тарихында елін, жерін қорғаған батырлардың ерлігі мәңгі есте сақталады.
Ұлы Отан соғысы туралы қысқаша мәлімет
Соғыс – жақсы сөз емес. Оны естігенде көз алдымызға қантөгіс, қырғын, ажал секілді қорқынышты көріністер келеді. XX ғасырдағы ең қанды әрі қасіретті соғыс – Екінші дүниежүзілік соғыс. Алапат жылдар 1418 күн мен түнге, яғни төрт жылға созылды. 1941 жылғы 22 маусымда Ұлы Отан соғысы басталды.
Қазақстанда жасақталған әскери құрамалар
- 12 атқыштар дивизиясы
- 4 кавалериялық дивизия
- 7 атқыштар бригадасы
- 50-ге жуық полк пен батальон
Алғы шептегі дивизиялар және шақырылғандар
Қазақстанда құрылған 310, 312, 314, 316, 391 атқыштар дивизиялары алғы шепте шайқасты.
Ой толғау
Сұрапыл соғыс қанша үйдің адамын жалмады: талай шаңырақтың оты өшті, талай ана қара қағазға сенбей, баласын күтіп ғұмырын сарп етті. Қаншама ару жесір қалды, қаншама сәби жетімдіктің зарын тартты.
Ерлік туралы өлең жолдары
1-оқушы
Жазылған жоқ өткен күн жаралары,
Сиреп кетті-ау қарттардың аралары.
Бабам жауға бермеген туған жерді
Қорғайды әлі бабамның балалары.
Монолог: «Әкеге хат»
Әке! Әке! Тілдесші менімен, әкешім! Әлде хат жазуға уақытың жоқ па? Хат неге жазбайсың, әке? Тым болмаса «аманмын, мына жерде шайқасып жүрмін» деп бір хабарласшы…
Сені соғысқа аттандырғалы ауыл қатты өзгерді. Бұрын ерлер атқаратын жұмысты қазір біз де істеп жүрміз. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген ұран әркімнің аузында. «Жеңіс» деген сөз бізге күш береді.
Сенің алыста шайқасып жүргенің жүрекке салмақ салады. Бір жағынан қорқамыз, бір жағынан апамның да сені талмай күтіп жүргенін сеземіз. Мүмкін ерлігің үшін медаль алып та қойған шығарсың? Мен бала болсам да, соғыс мені ерте есейтті.
Сендер Отан үшін, біз үшін, болашақ ұрпақ үшін майданның қақ ортасында жүрсіңдер. Ал жау не үшін адамдарды баласынан, жарын күйеуінен айырады? Аянба, әке… Болашақ ұрпақтың бақыты үшін жолыңнан тайма. Үйге жеңіспен қайт! Мен сені қатты сағындым. Тезірек аман-сау оралшы, әке!
Бейбіт күндегі борыш және Отан қорғаушылар күні
Отан тыныштығын күзеткен сарбаздарымыздың төл мерекесі де бірлікке, бейбітшілікке үндейді. 1992 жылғы 7 мамырда Қазақстан Президенті Н. Ә. Назарбаев Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы Жарлыққа қол қойды. Сол уақыттан бері бұл күн Қазақстанның дербес Қарулы Күштері құрылған күн, яғни Отан қорғаушылар күні ретінде аталып келеді.
Түйін
Батырлық жасау – оңай іс емес. Бірақ ол адамға қажет істі орындау кезінде қорқынышты жеңуге жәрдемдесетін рухани күш. Ерлік көбіне қоғамдық мәні бар істерде көрінеді. Сондықтан ол – азаматтық қасиеттің негізгі көрсеткіштерінің бірі. Қоғамдық мақсат қойып, қабылданған шешімді табандылықпен жүзеге асыру барысында ерлік айқын танылады.