Қазақстан халқының, Қазақ тілі тірегі
Сабақ тақырыбы мен мақсаты
Тақырыбы
Тіл — тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз!
Мақсаты
- Балалардың ана тілінің қасиетін сезінуіне, мәртебесін көтеруге баулу.
- Танымдық қабілетін арттыру.
- Тілді құрметтей білуге тәрбиелеу.
Ұйымдастыру
- Көрнекілігі
- Плакаттар, слайд.
- Пәнаралық байланыс
- Тіл дамыту, көркем әдебиет, ән-күй.
- Әдіс-тәсілдер
- Аралас, түсіндіру, сұрақ-жауап.
Кіріспе: амандасу және жылы тілек
Тәрбиеші: Балалар, бүгін ерекше күн. Сабаққа көптеген қонақтар келіп отыр. Ендеше, қонақтармен амандасайық.
Балалардың сәлемдесуі:
Арайлап таң атты, Алтын шуақ таратты. Қайырлы таң, балалар! Қайырлы таң, апайлар!
Тәрбиеші: Біз бәріміз бір үйдің баласындай тату-тәтті доспыз. Достығымызды нығайту үшін бір-бірімізге жақсы тілектер айтайық.
- Күніміз жарық болсын.
- Аспанымыз ашық болсын.
- Деніміз сау болсын.
- Еліміз тыныш болсын.
- Досымыз көп болсын.
- Балабақшамыз жайнап тұрсын.
- Нанымыз көп болсын.
Тәрбиеші: Осындай көтеріңкі көңіл-күймен орындарымызға жайғасайық. Бүгінгі сабағымыздың тақырыбы: «Тіл — тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз!»
I. «Ғажайып сәт»: шетелдік қонақпен сұхбат
Есік қағылып, ішке шет мемлекеттен қонақ кіреді. Ол Қазақстанға ұшақпен келген. Арманы — еліміз туралы көбірек білу.
Сұрақ-жауап
- Қонақ:
- Сәлеметсіңдер ме, балалар?
- Тәрбиеші:
- Балалар, бұл қай мемлекет?
- Балалар:
- Қазақстан Республикасы.
- Тәрбиеші:
- Бұл мемлекеттің астанасы қай қала?
- Балалар:
- Астана қаласы.
Еліміз туралы негізгі мәліметтер
- ҚР Елбасы
- Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев
- Мемлекеттік тіл
- Қазақ тілі
Тәрбиеші: Қане, қонағымызға еліміздің Әнұранын орындап берейік.
Балалар Әнұранды орындайды.
Ана тілі туралы тақпақтар
Ана тілің — біліп қой, Еркіндігің, теңдігің. Ана тілің — біліп қой, Мақтанышың — елдігің.
Ана тілім — Жүрегісің анамның. Жүрек — ана, Мен өзіңмен жаралдым. Өсірген ой-білімді, Сүйем туған тілімді. Мақсат етем әр сөздің Мәнін терең білуді.
Ақыл-ойын да ананың Ана тілден аламыз. Ана тілім ардақты, Ақ сүтіндей анамның.
Ана тілім — қазақ тілім, туған тіл, Қасиетті тіліміздің бәрін біл. Ана тілді құрметтеңдер, адамдар, Заманға сай өзге тілдің бәрін біл.
Қазақстан халқының Қазақ тілі — тірегі. Ана тілде айтылады Әнұраны — жүрегі.
Қонақ: Жарайсыңдар, балалар, рақмет! Сендерден көп нәрсе үйрендім. Енді рұқсат болса, мен қайтайын. Сау болыңдар!
II. Мақал-мәтелдер: сөздің мәйегі
Тәрбиеші: «Мақал — сөздің мәйегі». Ендеше, туған тілімізге қатысты мақал-мәтелдерді айтайық.
Ералы
Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады.
Санжар
Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле.
Нұризат
Сөз сүйектен өтеді, таяқ еттен өтеді.
Арсен
Өнер алды — қызыл тіл.
Софья
Жақсы сөз — жарым ырыс.
III. Шешендік сөздер: үш бидің өнегесі
Халқымыз тіл өнеріне, шешендікке әрдайым зор мән берген. Атақты билер, ақындар мен жыраулар ойды ұйқастыра өлеңдетіп, жырмен жеткізген. Қазақ халқының атақты үш биі тіл туралы тағылымды сөз қалдырған.
Әр тілде сөйле — әлемді таң қылып, Ана тілін білмеу қандай заңдылық? Өсер бабаң, байтақ далаң тұрғанда, Қазақ тілі жасау керек мәңгілік.
Жетер енді әркімге бір ермейік, Қазақ болсаң, құлашты бір сермейік. Қанға сіңген ана тілін, халқым-ау, Шұбарлауға ешқандай жол бермейік.
Қазақ, қазақ болғалы Тіл үшін күрес көргені. Көргені көп тілімнің, Мүмкін емес өлмегі.
Тәрбиеші: Рақмет, балалар. Енді бәріміз орнымыздан тұрып, сергіту сәтін жасайық.
Сергіту сәті.
IV. Жұмбақтар: ойды ұштайық
1
Тілден ұшып, құлаққа қонады.
Жауабы: Сөз
2
Қабат-қабат қаттама, ақылың болса, аттама.
Жауабы: Кітап
3
Жағалай-жағалай тас қойдым, жирен атты бос қойдым.
Жауабы: Тіл, тіс
4
Оттан да ыстық, ол не?
Жауабы: Отан
5
Көкпеңбек еді көктемде, қызарады күзге жеткенде.
Жауабы: Алма
6
Жерге тырс-тырс тамады, сайға қарай ағады. Шешуін кім табады?
Жауабы: Жаңбыр
7
Жазда жатсаң көлеңкесіне алады, қыста жақсаң жаның рахат табады.
Жауабы: Ағаш
V. Құрастыру ойыны
Бұл бөлімде балаларға сөздер мен сөйлемдерді құрастыруға арналған ойын ұйымдастырылады: ана тіліне қатысты ұғымдарды біріктіру, дұрыс сөйлем құрау, ойды жүйелеу.
Қорытынды: сұрақ-жауап және тілек
Тәрбиеші: Балалар, бүгін сабаққа өте жақсы қатыстыңдар. Рақмет! Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев «Қазақстанның болашағы — қазақ тілінде» деген. Сендер ана тіліміздің мәртебесін биікке көтеретін сұңқар, бәйгенің алдын бермес тұлпар болуларыңа тілектеспін.
Балалардың қорытынды сөзі
Қол ұстасып тұрайық, Шеңберді біз құрайық. Көріскенше күн жақсы, Сау-саламат болайық.