Екінші пойыздың жылдамдығын тап

Сабақтың тақырыбы

Шамалар арасындағы тәуелділіктің мысалдары

Сабақтың мақсаты

Шамалар арасындағы тәуелділік туралы білімдерін пысықтау.

Сабақтың міндеттері

Білімділік

Жылдамдық, уақыт, қашықтық туралы білімдерін толықтыру.

Дамытушылық

Жылдамдық, уақыт, қашықтық шамаларының өзара тәуелділігіне берілген есептерді шешу дағдыларын жетілдіру; оқу үдерісін жүйелі жүргізу және сыни тұрғыдан ойлау қабілетін дамыту.

Тәрбиелік

Математиканы жақсы меңгеру басқа пәндерді игеруге көмектесетінін түсіндіру; рухани қолдау көрсету және математикалық мәдениетке баулу.

Сабақтың құрылымы

Ұйымдастыру

  1. Топқа бөлу: оқушылар туған күндеріне байланысты топтарға бөлінеді.
  2. Ынтымақтастық атмосферасын қалыптастыру: топ мүшелері қол ұстасып, бір-біріне жақсы тілектер айтады.

Тапсырмалар (Блум таксономиясы бойынша)

Оқу әрекеттері және қолданылатын етістіктер

Білім

  • Жылдамдық, уақыт, қашықтық туралы сұрақтар топтамасын құру.
  • Топта талқылау.

Етістіктер

еске түсіру, анықтау, мақұлдау, қайталау, атау, әңгімелеу, ұсыну, табу

Түсіну

  • Құрастырылған сұрақтарды басқа топ мүшелеріне қою.

Етістіктер

қайта қарастыру, сәйкестендіру, талқылау, тарту, мойындау, түсіндіру, әңгімелеу, айқындау

Қолдану

III тапсырма

  1. Екі қаладан бір-біріне қарама-қарсы екі автобус шықты. Бірі 70 км/сағ, екіншісі 60 км/сағ жылдамдықпен жүрді. 3 сағаттан соң олар кездесті. Екі қаланың арақашықтығын тап.
  2. Астана станциясынан бір уақытта қарама-қарсы бағытта екі пойыз шықты. 5 сағаттан соң пойыздардың арақашықтығы 950 км болды. Бірінші пойыздың жылдамдығы 90 км/сағ. Екінші пойыздың жылдамдығын тап.
  3. Алматы станциясынан бір мезгілде қарама-қарсы бағытқа екі пойыз жолға шықты. Бірі 80 км/сағ, екіншісі 100 км/сағ жылдамдықпен жүрді. Қанша уақыттан кейін олардың арасы 720 км болады?
  4. Айлақтан бір мезгілде екі теплоход кері бағытта жолға шықты. Бірі 40 км/сағ, екіншісі 30 км/сағ жылдамдықпен жүзсе, 2 сағаттан соң олардың арақашықтығы қанша км болады?

II тапсырма

Кесте бойынша есеп құрастыр.

Қашықтық Жылдамдық Уақыт
300 км 60 км/сағ ?

I тапсырма

  1. 30 км/сағ жылдамдықпен жүрген теплоход 6 сағатта қанша километр жол жүреді?
  2. 80 км/сағ жылдамдықпен қозғалған машина 320 км жолды неше сағатта жүреді?
  3. Қаладан ауылға дейінгі қашықтық 240 км. Жүк машинасы 4 сағатта ауылға жетті. Оның жылдамдығын тап.
  4. Жүк пойызы 8 сағатта 256 км жол жүрді. Оның жылдамдығы қандай?

Етістіктер

көрсету, тағайындау, орындау, суреттеу, қолдану, пайдалану, айналысу

Талдау

Әрбір тапсырманы орындау жолын топ алдында түсіндіріп, талқылайды.

Етістіктер

ажырату, саралау, дәлелдеу, салыстыру, тәжірибеден өткізу, қарама-қарсы қою, зерделеу

Жинақтау

  1. Қарама-қарсы қозғалыс кезінде жақындасу жылдамдығы қалай анықталады?
  2. Қарама-қарсы қозғалыс кезінде қашықтық қалай өрнектеледі?
  3. Бір бағыттағы қозғалыста салыстырмалы жылдамдық қалай табылады?

Етістіктер

тұжырымдау, оқыту, әзірлеу, дамыту, қайта анықтау, ұсыну, жасау

Бағалау

Топ мүшелері бүгінгі сабақтағы жұмысын өзара және өзін-өзі бағалау арқылы қорытындылайды.

Етістіктер

жорамалдау, бағалау, таңдау, баға қою, анықтау, санау, өлшеу