Ғылым орталығы
Сабақтың тақырыбы
Т. Айбергеновтің «Аруана — бауыр дүние» және «Ана» өлеңдері.
Сабақтың мақсат-міндеттері
Білімдік
Оқушыларға Т. Айбергеновтің өмірі мен шығармашылығы туралы мәлімет беру; өлеңдердің идеялық-көркемдік мазмұнын меңгерту; шығармалардың табиғатын саралап, өзіндік ерекшелігін байқауға бағыттау. Жаңа білімді өз бетінше ізденуге жетелеп, жеке көзқарас қалыптастыруына ықпал ету.
Дамытушылық
Қабылдауын, танымын және белсенділігін арттыру; мәнерлеп әрі сезініп оқуға дағдыландыру; талдау жасау, салыстыру, тұжырым шығару дағдыларын дамыту.
Тәрбиелік
Отанға, туған жерге және анаға деген сүйіспеншілікті күшейту; адамгершілік құндылықтарды дәріптеу.
Сабақтың әдістері
Сын тұрғысынан ойлау, түсіндіру, ізденіс жұмысы.
Сабақтың түрі
Жаңа білім беру, сайыс сабақ.
Көрнекіліктер
Ақын портреті, тақырыптық суреттер, интерактивті тақта материалдары.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Сыныпты сабаққа дайындау, топқа бөлу.
- Сабақтың мақсатымен және бағалау талаптарымен таныстыру.
II. Үй тапсырмасын тексеру: «Тұлғаны танып біл» ойыны
Оқушылар 3 топқа бөлінеді. Әр топқа ақын-жазушылардың портреттері ұсынылады. Портрет бойынша топ мүшелері өз білімдерін еске түсіріп, төмендегілерді қысқа әрі нақты түрде дайындайды:
- өмірі мен шығармашылығы туралы мәлімет;
- әдебиеттегі орны мен қалдырған ізі;
- кесте немесе кластер арқылы қорытындылау;
- бір оқушының ортаға шығып қорғауы;
- қалауы бойынша өлеңді жатқа оқу.
Топтарға бөлініс
- 1-топ: М. Жұмабаев
- 2-топ: Ш. Құдайбердіұлы
- 3-топ: С. Торайғыров
III. Жаңа сабақ
1 Оқулықтағы ақын туралы мәтінді түсініп оқу.
2 Интерактивті тақтадан ақын туралы бейнематериал көрсету (7 минут).
Төлеген Айбергенов туралы қысқаша мәлімет
Төлеген Айбергенов 1937 жылы 8 наурызда Қарақалпақстанның Қоңырат өңірінде дүниеге келген. 1959 жылы Ташкенттегі Низами атындағы педагогикалық институттың қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітіріп, туған ауылында мұғалім болып еңбек етті.
1959–1962 жылдары Қоңырат ауданындағы орта мектепте мұғалім, 1962–1965 жылдары Шымкент облысы Сарыағаш ауданындағы кешкі жастар мектебінің директоры қызметін атқарды. 1965 жылдан бастап Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы әдебиетті насихаттау бюросында жұмыс істеді.
Ақынның өлеңдері республикалық баспасөзде 1957 жылдан жариялана бастады. Туған жерге деген сағыныш пен мөлдір махаббатқа толы өлеңдері 1961 жылы шыққан «Жас дәурен» топтамасына енді.
Отанға, туған елге сүйіспеншілікті, замандастардың рухани әлемін айқын танытқан, қазақ поэзиясына жаңа ырғақ пен тегеурінді екпін әкелген жыр кітаптары: «Арман сапары» (1963), «Өмірге саяхат» (1965), «Құмдағы мұнаралар» (1968), «Мен саған ғашық едім» (1970), «Аманат» (1975), «Бір тойым бар» (1981). Балаларға арналған «Бақшаға саяхат» суретті кітапшасы (1985) жарық көрді.
Орыс тілінде ақынның таңдамалы өлеңдері «Мир созвездья» (1987) атауымен басылып шықты. «Ақ ерке, Ақ жайық», «Жаңғырған Маңғыстау», «Қазақстан», «Сені ойладым», «Мені ойла», «Ақ қайыңдар», «Бір тойым бар» сияқты өлеңдеріне жазылған әндер ел арасына кеңінен тарады.
Ақын Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды (1974, қайтыс болғаннан кейін). 1997 жылы «Таңдамалы өлеңдер» жинағы және ол туралы «Біргемін мен сендермен» естелік кітабы жарық көрді.
Сабақты пысықтау: «1–2–3 орталық» жұмысы
Оқушылар 3 топқа бөлінеді. Әр топ өз атауын таңдап, берілген орталық тапсырмаларын орындайды.
1-орталық: Оқу орталығы
- «Ана» және «Аруана — бауыр дүние» өлеңдерін оқып, мазмұнымен танысып, қысқаша мазмұндау.
- Өлең мазмұны бойынша сурет салып, шағын шығарма жазу.
2-орталық: Жазу орталығы
- Өлеңге жоспар құру.
- Тақырыпқа сай мақал-мәтелдер мен нақыл сөздер жазу.
- Ана туралы өз өлеңін шығару.
3-орталық: Ғылым орталығы
- Ақынның өмірі мен шығармашылығы бойынша мәлімет жинап, зерттеу жұмысын жүргізу; кластер құрастыру.
- «Ақпарат кестесі» стратегиясы бойынша жұмысты толықтыру.
| Шығарманың атауы | Шығарма не туралы? | Тәрбиелік мәні |
|---|---|---|
| «Ана» | — | — |
| «Аруана — бауыр дүние» | — | — |
Ескерту: Кестедегі бос ұяшықтар оқушылардың талдауы мен қорытындысына сәйкес толтырылады.