Тоғызқұмалақ терминдерін ата

Сабақтың мазмұны

Ашық сабақ тақырыбы: Ойын ережелері мен ерекшеліктері.

Сабақтың типі: Оқу-үйрену сабағы.

Сабақтың түрі: Практикалық (жаттығулар орындау, жарыс).

Уақыты: 45 минут.

Өтетін орны: Видеопроектор кабинеті.

Мақсаты

Білімділік

Ұлттық ойынның тарихымен таныстырып, тоғызқұмалақтың негізгі ережелерін меңгерту.

Дамытушылық

Логикалық ойлау мен есептеу дағдысын дамыту, математикалық амалдарды жылдам орындауға үйрету; компьютерлік сауаттылық, ұқыптылық және дайын бағдарламамен өз бетінше жұмыс істеу қабілетін қалыптастыру.

Тәрбиелілік

Ұйымшылдыққа, достық қарым-қатынасқа, ұжымшылдыққа тәрбиелеу; ұлттық рух пен сананы қалыптастыру.

Құрал-жабдықтар және күтілетін нәтиже

Керекті құрал-жабдықтар

  • Тоғызқұмалақ тақталары
  • Слайд-презентация

Күтілетін нәтиже

Оқушылар ойынды меңгереді, күрделі тактикалық жағдайларды талдап, шешім қабылдай алады.

Сабақтың жоспары

I. Дайындық бөлімі

  1. Ұйымдастыру кезеңі.
  2. Үй тапсырмасын сұрау.
  3. Талқылау сұрақтары:
    • Тоғызқұмалақ ойыны қашан пайда болды?
    • Неліктен «Қойшылар алгебрасы» деп аталған?
    • Қазақ өкілдерінен кімдер ойнаған?
    • Тоғызқұмалақ спортшыларынан кімді танисың?
    • Тоғызқұмалақты қай елдер ойнайды?

II. Негізгі бөлім

Жаңа сабақ: «Ойын ережелері мен ерекшеліктері».

«Тоғызқұмалақ ойыны қазақтың барлық ойынының ішіндегі ең қиыны: ойнаған адамның миы жұмыс істеп, есепшілігі артып, тез тапқыштығы күшейеді.» С. Аманжолов

Негізгі терминдер

Құмалақ Қазан Отау Бастаушы Қостаушы Тұздық Атсырау

Тақта және бастапқы орналасу

  • Ойын арнайы тақтада екі адам арасында ойналады.
  • Тақта: 2 қазан, 18 отау, 162 құмалақ.
  • Басында әр ойыншыға: 1 қазан және 9 отауда 81 құмалақ (әр отауға 9-дан).
  • Алғаш жүріс жасаған ойыншы — бастаушы, екінші — қостаушы.

Отаулардың қазақша атаулары

№9
маңдай
№8
көкмойын
№7
қандықақпан
№6
белбасар
№5
бел
№4
атсыратар
№3
атөтпес
№2
тектұрмас
№1
арт

Ойын ерекшеліктері

Тоғызқұмалақта бекітілген ережеден ауытқитын кейбір жағдайлар бар. Осылар ойынның ерекшеліктері деп аталады.

1) Жүріс жасау

Егер ойын барысында кез келген отауда бір ғана құмалақ қалса, сол құмалақты алып, келесі отауға жүріс жасауға болады. Бұл кезде бастапқы отау бос қалады.

Мысал: бастаушы 6-отаудағы 1 құмалақты 7-отауға жүрсе, 6-отау бос қалады (диаграмма 1–2 жағдайы).

2) Тұздық

Тұздық алу үшін соңғы құмалақ қарсыластың екі құмалағы бар отауларының біріне (9-отаудан басқа) түсіп, ондағы құмалақ санын алғаш рет үшке толтыруы керек.

Ереже: тұздық ойын барысында бір-ақ рет алынады.

Шектеу: аттас отаулардан тұздық алуға болмайды (нөмірлері сәйкес келетін отаулар).

Нәтиже: тұздық жарияланған отауға түскен құмалақтың бәрі тұздық алған ойыншының қазанына аударылады.

3) Атсырау

Ойын соңына қарай қай ойыншының жүретін жүрісі қалмаса, ол атсырауға ұшыраған болып есептеледі. Қарсылас атсырауға түсірсе, өз отауларында қалған құмалақтардың бәрін қазанына салады. Содан кейін ғана қорытынды есеп шығарылады.

Ережелер жиынтығы

  • Жүріс жасау ережесі
  • Құмалақ ұту ережесі
  • Тұздық алу ережесі
  • Атсырау ережесі

Бекіту: «Ми гимнастикасы»

Сабақты пысықтау үшін сұрақ-жауап ұйымдастырылады:

  • Тоғызқұмалақ қазақтың ұлттық ойын түріне кіре ме?
  • Тоғызқұмалақ тақтасы неше бөлікке бөлінген?
  • Әр бөлікте неше отау, неше қазан бар?
  • Тұздық ашуға бола ма, оны қалай ашамыз?
  • Тоғызқұмалақ терминдерін ата.
  • Отаулардың атауларын білесің бе?
  • Бірінші жүріс жасаған ойыншы қалай аталады?
  • Жұп және тақ сандар дегеніміз не?

Көрнекілік және тәжірибе

  • Бейнебаян көрсету: «Тоғызқұмалақ ережелері».
  • Тақтамен ойын: жұптық және жеке жаттығулар.
  • Электронды түрде: компьютер арқылы жеке ойын.
  • Қателермен жұмыс: типтік қателерді талдау және түзету.

Қорытынды

  • Оқушыларды бағалау.
  • Үй тапсырмасы: ережелерді қайталау, есте сақтау және жүйелі түрде жаттығу.

Тоғызқұмалақ туралы өлең

Қызықтырған есепшіні, ойлыны,
Бабалардың бұл — ежелгі ойыны.
Екі адамға тең бөлінген мал-жайы,
Ойнау үшін тақтасы бар арнайы.

Бар он сегіз ұясы оның — кіші отау,
Екі қазан — үлкен келген іші отау.
Бір жүз алпыс екі — барлық құмалақ,
Сексен бірден — екі ойыншы тұр қамап.

Әрқайсысының тоғыз ұя — ойы бал,
Әр ұяның дәл тоғыздан «қойы» бар.
Екі ойыншы — екі қойшы кезекпенен,
Түсіреді ұяға «қой» есеппенен.

Бір-бірінің ұясына айдайды,
«Қой-құмалақ» санын жіті аңдайды.
Ұяда қай жұп болса «қой-құмалақ»,
Бәрі қарсы қазанға кеп құламак.

Солай талай «қой» қазанға түседі,
Есепке оны екі қойшы тізеді.
Кімнің қазаны тез толады —
Сол ойыншы жеңіске жетеді.

Қызықтырған бүгінде де ойлыны,
Міне, осындай бабалардың ойыны.