Ертегі айтып бер десең, Айтып берер тағы әжем
Алматы облысы, Панфилов ауданы, Шежін орта мектебі
Мектепалды даярлық сыныбының мұғалімі: Абдықалықова Толқынхан Даулеткелдіқызы
Тілашар
Сабақтың тақырыбы: «Біз балдырған баламыз»
Мақсаты
- Мектеп және мектепке қажетті заттар туралы түсінік беру.
- Балаларды тақпақ, өлең, ертегі айтуға үйрету.
- Сурет бойынша сұрақтарға толық жауап беруге дағдыландыру.
- Білімпаз болуға тәрбиелеу.
Сабақтың барысы
Құрметті ұстаздар, оқушылар, ата-аналар және кешімізге келген қонақтар! Бүгін сіздерді мектепалды даярлық тобы оқушылары дайындаған «Біз балдырған баламыз» атты ашық сабағымызға қош келдіңіздер.
Мектепке бару — отбасылық қуаныштың үлкен мерекесі. Ата-ананың мейірімі мен аяулы алақанының жылуында өсіп, жыл өткен сайын айналасына іңкәр көзбен қарап, бәрін білгісі келетін жас балдырған алтыға толғанда мектеп есігін ашып, үлкен өмірге алғашқы қадамын жасайды. Бұл күн оның жадында мәңгі сақталады.
Үйдің үлкені — әже. Ендеше, алғашқы сөзді сол кісілерге берейік: немерелеріне ақ тілегін айтып, шашуын шашсын.
Шақыру
- Саяттың әжесін ортаға шақырайық.
- Сөз кезегі өзіңізде.
(Әже балаларға ақ тілегін айтып, шашуын шашады.)
Хормен
«Біз балдырған баламыз».
Ана туралы
Өмірде ана — бұлақ, ана — пана,
Өмірді өркендетер ана ғана.
Өсірген талай көсем, талай шешен,
Талай ер, талай ақын, талай дана.
Ана! Ол — біздің елде ардақты адам,
Кіші де, үлкен де оны ардақтаған.
Өзінің аяулысы — Отанды да
«Ана» деп біздің халық текке айтпаған.
Әжелерге арналған өлеңдер
Оқушылар әжелеріне арнап өлеңдерін оқиды:
1-оқушы
Менің әжем, ақ әжем —
Ұл мен қыздың бағы, әжем.
«Ертегі айтып бер» десең,
Айтып берер тағы, әжем.
2-оқушы
Менің әжем, жыр әжем —
Шуағы мол нұр әжем.
Ақ таяққа сүйеніп,
Аман-есен жүр, әжем.
3-оқушы
Жарқын жүзді жан әже,
Сендей болсын бар адам.
Сендей болса бар әже,
Шаттық кетпес баладан!
4-оқушы
Ананың біз гүліміз,
Ана біздің — күніміз.
Ұландарды қуантып,
Ұзақ өмір сүріңіз.
5-оқушы
Шашымды өріп тараған,
Қабағыма қараған.
Үлкен-кіші демейді,
Сыйлайды оны бар адам.
1-оқушы
Әжем менің әлі де
Ұқсамайды кәріге.
Шай қайнатып береді,
Қажет болса бәріне.
2-оқушы
Апам — үйдің данасы,
Атам — үйдің панасы.
Әжем — үйдің тірегі,
Ал балалар — үйдің қуанышы.
Жүргізуші сөзі
Отанды әркім анасындай қастерлейді, бағалап,
Өйткені Отан баласындай бізді өсірер аялап.
Отан деген — атамекен,
Отан деген — туған жер.
Отан — ана,
Отан — үлкен Қазақстан — туған ел.
Елтаңба туралы
Елтаңбасы елімнің — неткен айбат, әдемі.
Тұнығындай көгілдір,
Ортада — аспан әлемі.