Машиналардың құрылысы
Ашық сабақтың мазмұны
Бұл ашық сабақ «Топырақты негізгі және тұқым себер алдында өңдеуге, жайылым мен шалғынды жақсартуға арналған машиналар мен құралдар» тарауын қорытындылап, бекітуге арналған.
Сабақтың мақсаты
- Оқыту мақсаты
- Оқушылардың (болашақ мамандардың) жан-жақты дамуын қамтамасыз ету, ойлау мен іс-әрекетте жүйелілікті қалыптастыру, тарауды қорытындылап, білімді бекіту.
- Дамыту мақсаты
- Ой-өрісті, кәсіби білімді, жұмысқа ынтаны және қабілетті дамыту.
- Тәрбиелік мақсаты
- Ұқыптылыққа, сабырлылыққа, еңбексүйгіштікке баулу.
Сабақтың түрі
Бекіту сабағы
Сабақтың әдісі
Ойын, сайыс, сұрақ-жауап
Пәнаралық байланыс
Тракторлар мен автомобильдер (І курс), агрономия негіздері (І курс), қазақ тілі мен әдебиеті (І курс)
Көрнекілігі
Ауыл шаруашылығы машиналарының макеттері, сызба плакаттар, буклеттер, интерактивті тақта
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру бөлімі
- Оқушыларды түгелдеу, оқу құралдарын тексеру.
- Сабақтың түрі мен мақсатын хабарлау.
II. Тарауды бекіту (сайыс форматы)
Сабақ басталар алдында оқушылар осы тарауда қарастырылған алты ауыл шаруашылығы машинасына сәйкес 6 топқа бөлінеді. Әр топтың атауы, ұраны және таңбасы болады. Сайыс тапсырмаларына топтағы барлық оқушы міндетті түрде қатысады. Дұрыс жауап берген топқа ұпай қосылып отырады. Жалпы ұран: «Біліміңе білім қос».
1-топ: Соқа
«Қиясына шығып ойдың, алға таудай талап қойдым.»
2-топ: Сыдыра жыртқыш
«Өнеріммен өрге жүзем, еңбегіммен өмір сүрем.»
3-топ: Тырма
«Еңбектенем ер атанып, алға басам әлем танып.»
4-топ: Нығыздауыш
«Біз жалынды жастармыз, білімге жол бастаймыз.»
5-топ: Өңдеуіш
«Еңбек етсем еселі, оңға ісім өседі.»
6-топ: Тегістеуіш
«Ізденістен ілгері іске.»
Сабақтың поэтикалық кіріспесі
Сабақ өлеңмен басталып, әр машинаның атқаратын қызметі қысқаша аталады:
Топырақты жыртуға алғаш соқа келеді.
Кесектерін бұзуға сыдыра жыртқыш ілеседі.
Ұсақтауға арналған тырманың көп тісі топыраққа дөп түседі.
Ылғалды сақтау үшін нығыздауыш топырақты таптайды.
Тұқым себердің алдында өңдеуіш топырақты майдалап ұсақтайды.
Ойпаң-қырат жерлерді тегістеуіш жоспарлап, біркелкі етеді.
«Ал, кәнекей қырандар, тракторға қоныңдар!»
Сайыс құрылымы
- 1 «Бәйге» (викториналық сұрақтар)
- 2 Машиналардың құрылысы
- 3 Егіншілікке қатысты мақал-мәтелдер
- 4 Жұмбақтар
- 5 Үй тапсырмасы: «Машиналар айтысы» (артықшылықтары мен кемшіліктері)
- 6 Қорытынды
Викторина: «Бәйге» сұрақтары мен жауаптары
Негізгі сұрақтар
Тақырып: соқа, сыдыра жыртқыш, тырма, нығыздауыш, өңдеуіш, тегістеуіш
1) Атқарылатын жұмысына қарай соқалар қалай жіктеледі?
Жауабы: Жалпы және арнаулы жұмыс соқалары.
2) Корпус санына қарай соқалар қалай аталады?
Жауабы: Бір, екі, үш, төрт, бес, алты, сегіз және тоғыз корпусты.
3) Тракторға тіркелуіне қарай соқалар қалай бөлінеді?
Жауабы: Тіркемелі, жартылай аспалы және аспалы.
4) Жалпы жұмысқа арналған соқалар топырақты қанша тереңдікке дейін жыртады?
Жауабы: 27 см.
5) Соқа теориясының негізін салушы кім?
Жауабы: Орыс ғалымы, академик В. П. Горячкин.
6) Сыдыра жыртқыштар топырақ түйіршіктерінің диаметрін қаншаға дейін ұсақтайды?
Жауабы: 50 мм-ге дейін.
7) Сыдыра жыртқыштар қалай жіктеледі?
Жауабы: Дискілі және түренді.
8) Сыдыра жыртқыштардың маркаларын атаңыз.
Жауабы: ЛДГ-5, ЛДГ-10, ППЛ-10-25.
9) Сыдыра жыртқыштар арамшөптер мен өсімдік қалдықтарын қанша пайызға дейін кесе алады?
Жауабы: 100%-ға дейін.
10) Тырмалар жұмыс органдарының құрылысына қарай қалай аталады?
Жауабы: Тісті, серіппелі және дискілі.
11) Тырмаларды салмағына қарай неше топқа бөледі?
Жауабы: Ауыр, орта және жеңіл салмақты.
12) Тырма жердің бетін қанша тереңдікке дейін қопсытады?
Жауабы: 3–4 см.
13) Нығыздауыштардың қандай түрлері бар?
Жауабы: Тегіс тісті, шығыршық тәрізді, тұтас және іші қуыс нығыздауыштар.
14) Қуыс нығыздауыштардың ішіне не толтырылады?
Жауабы: Су немесе құм.
15) Нығыздауышқа ұқсас геометриялық фигура?
Жауабы: Цилиндр.
16) Өңдеуіштер топырақ түйіршіктерінің диаметрін қаншаға дейін ұсақтайды?
Жауабы: 3 мм-ге дейін.
17) Тегістеуіштің маркалары қандай?
Жауабы: ПА-3, МВ-6,0 тегістеуіштері.
18) Соқаның жырту тереңдігі қалай реттеледі?
Жауабы: Тірек дөңгелегі арқылы.
19) Түреннің пішіні қандай геометриялық фигураға ұқсайды?
Жауабы: Трапеция.
20) Тіркеуіштер қандай тракторларға агрегатталады?
Жауабы: ДТ-75М, Т-4А.
21) Өңдеуіштерді белгіленген тереңдікке қарай қалай реттейді?
Жауабы: Тереңдікті реттейтін механизм винтімен.
22) Тырманың өңдеу тереңдігі қалай реттеледі?
Жауабы: Батареяның шабуыл бұрышын өзгерту арқылы.
23) Сыдыра жыртқыштың жырту тереңдігін «қызметін атқарушы» орган қандай?
Жауабы: Тіреуіш дөңгелек.
II тур: Машиналардың құрылысы
Соқа (негізгі жұмыс органдары)
- Дискілі пышақ
- Шым аударғыш
- Түрен
- Қайырма, жақтау (атыз тақтасы)
- Корпус
Сыдыра жыртқыш (құрылысы)
- Рама
- Екі оң жақ секция
- Екі сол жақ секция
- Брустар
- Дөңгелектер
- Гидробасқару механизмі
- Тегістегіштер
- Реттелетін төмендеткіштер
Тырма (құрылысы)
- Рамаға байланған металл брус түріндегі сүйретпе
- Тісті брус
- Көлбеулікті реттеу пышағы
Нығыздауыш (құрылысы)
- Бір алдыңғы және екі артқы буын
- Рама
- Он үш диск
- Ось
- Тіркеме
- Жүгі бар жәшік
Өңдеуіш (құрылысы)
- Рама
- Тіркеу тетігі
- Дөңгелек
- Жұмыс органдарының тереңдігін реттейтін механизм
Тегістеуіш (құрылысы)
- Тартқыш арқалық
- Ортаңғы секция
- Тіреуіш дөңгелек
- Гидроцилиндр
- Гидрожүйе
III тур: Егіншілік туралы мақал-мәтелдер
«Топырағын таппаған дән өнбейді» деген ойды негізге ала отырып, егіншілікке қатысты мақал-мәтелдер айтылады:
- Жердің сәні — егін, ердің сәні — білім.
- Көктемгі әрекет — күзгі берекет.
- Жері байдың — елі бай.
- Жер құтты болса, мал сүтті болады.
- Мал баққандікі, жер жыртқандікі.
- Жер тойынбай, ел тойынбайды.
IV тур: Жұмбақ жасыру ойыны
1) Жұмбақ
Жабайы аңдай емес ол,
Пайдасы бар адамға.
Көктем келсе далаға,
Дайын тұрар әманда.
Жауабы: Сыдыра жыртқыш
2) Жұмбақ
Жердің бетін жасырып,
Бар қулығын асырып.
Су орнына неге ол,
Құм ішеді тасынып.
Жауабы: Нығыздауыш
3) Жұмбақ
Ойдым-ойдым жерлерді,
Басып кетіп барады.
Қырда-қырат жерлерді,
Жазық етіп барады.
Жауабы: Тегістеуіш
4) Жұмбақ
Жердің беті жұп-жұмсақ,
Өте майда топырақ.
Қандай мықты екен ол,
Ойланайық жақсырақ.
Жауабы: Өңдеуіш
5) Жұмбақ
Қара жерді қопарған,
Трактордан от алған.
Темірлерден түйілген,
Болаттардан иілген.
Жауабы: Соқа
6) Жұмбақ
Соқадан соң жүретін,
Бар бейнетті көретін.
Қандай мықты ол тағы,
Тракторға жегетін.
Жауабы: Тырма
V тур: Үй тапсырмасы — «Машиналар айтысы»
Оқушылар үйден дайындап келген айтыс үлгілері арқылы машиналардың артықшылықтары мен кемшіліктерін салыстырады.
1-кезек: Соқа мен сыдыра жыртқыш
Соқа
Менен сәл-ақ жеңілсің,
Көлемің үлкен болса да.
Отасаң да арамшөп,
Қаулап шығар артыңша.
Сыдыра жыртқыш
Металдың құр сорысың,
Салмағың бар артықша.
Өткеніңмен жыртып жер,
Кесек қалар артыңша.
2-кезек: Тырма мен өңдеуіш
Тырма
Мен жүрмесем алдыңда,
Бөлшегің қалар мұқалып.
Жарамайсың жұмысқа,
Топыраққа қақалып.
Өңдеуіш
Қалдырасың артыңа,
Қыруар іс қаншама.
Жүрмесем мен ізіңнен,
Өнбейді дән мұншама.
3-кезек: Нығыздауыш пен тегістеуіш
Нығыздауыш
Тасса да күшің бойыңда,
Мықтылар бар соңыңда.
Жылдам жүрмей шабандап,
Қаласың құмның қомында.
Тегістеуіш
Жыртқан жерді еңбекпен,
Таптаудан еш тынбайсың.
Қайта жүр деп соңымнан,
Тырмадан көмек сұрайсың.
Қорытынды
Мұндай дәстүрлі емес (ойын және сайыс түріндегі) сабақтардың артықшылығы — оқушылардың бәсекелестік арқылы бір-бірінен озуға талпынып, білімін тереңдетуі және дағдыларын шыңдауы. Болашақ мамандарды даярлау барысында бұл тәсілдің маңызы зор: ол оқушылардың қызығушылығын арттырып қана қоймай, мұғалімнің де сабаққа дайындалу кезіндегі ізденісін күшейтеді.
Шолпан Балманова
Қызылорда облысы, Арал қаласы, №2 кәсіптік лицейінің арнаулы пән оқытушысы