Рухани жаңғыруЗергерлік және тігін бұйымдары Алқа - омырауға тағатын көбіне күмістен соғылатын әйелдердің сән, әсемдік, көркемдік бұйымы
Рухани жаңғыру: зергерлік және тігін бұйымдары
Қазақтың дәстүрлі зергерлік және сәндік бұйымдары — ұлттың талғамын, эстетикасын, әлеуметтік мәртебесін және рухани дүниетанымын танытатын мәдени мұра. Төменде кең тараған атаулар мен олардың қысқаша сипаттамалары берілді.
Мойын мен омырауға тағылатын әшекейлер
- Алқа
- Омырауға тағылатын, көбіне күмістен соғылатын әйелдердің сәндік бұйымы.
- Моншақ
- Түрлі тастар мен шыныдан жіпке тізіліп, мойынға не қолға салынып, кейде киімге тағылатын сән бұйымы.
- Талмоншақ
- Бірнеше қатар болып тізілетін моншақ түрі.
- Тұмарша
- Сәндік үшін омырауға тағылатын үшбұрышты, салпыншақты күміс бұйым.
- Өңіржиек
- Салпыншақтары бар, үзбелеп жалғанатын, түрлі-түсті тастар қондырылған омырау әшекейі.
- Үкіаяқ
- Үкі тұяғына ұқсатып күмістен соғылатын, астыңғы бөлігіне бірнеше салпыншақ тағылатын бұйым.
Қолға және саусаққа тағылатын бұйымдар
- Білезік
- Күмістен не алтыннан соғылып, білекке салынатын әйел бұйымы. Жасалуына қарай алтын білезік, күміс білезік, құйма білезік, сағат білезік, топсалы білезік, бұрама білезік, қос білезік сияқты түрлері кездеседі.
- Бес білезік
- Алтын-күмістен жасалып, асыл тастар қондырылып, күміс шынжыр арқылы бес сақина бекітілетін аса қымбат білезік.
- Сақина
- Саусаққа салынатын, әртүрлі үлгіде күмістен не алтыннан соғылатын бұйым.
- Балдақ
- Алтыннан не күмістен соғылған жұмыр сақина.
- Жүзік
- Қымбат тастар қондырылған, жалпақ сақина түрі. Ерлер мен әйелдерге арналған нұсқалары болады.
Бас киім мен маңдайға тағылатын әшекейлер
- Маңдайша
- Сәукеле және басқа бас киімдердің маңдай тұсына тағылатын, тас қондырылған күміс әшекей.
- Шекелік
- Сәукеле, тақия сияқты бас киімдерге тағылатын әшекей.
- Көзотаға
- Күміске орнатылған бармақтай асыл тас. Бас киімге және батырлардың дулығасына қадаған.
- Танакөз
- Шар тәрізді күміс әшекейге тас орнатылған, түйме пішіндес сәндік тағым.
Шаш әшекейлері
- Шаштеңге
- Қыздардың өрілген шашының ұшына тағылатын, жібек бау өткізілген күміс әшекей.
- Шолпы
- Шашқа тағылатын қымбат, сылдырмақты алтын не күміс тағым; бұрым сәнін келтіреді.
- Шашбау
- Қыздар шашымен қоса өрілетін, моншақты және зерлі, күміс шынжырлы әсемдік тағым.
- Шашқап
- Шашты күннен және шаң-тозаңнан қорғайтын, қымбат матадан жасалып, сырты моншақ пен жапсырмалармен безендірілетін бұйым.
Киімге тағылатын және тұрмыстық керек-жарақ
- Қапсырма
- Әйел қамзолына тағылатын, түйме қызметін атқаратын жалпақ күміс бұйым.
- Кемер белбеу
- Негізі былғарыдан тігіліп, алтын-күміс әшекейлермен безендірілетін аса қымбат белбеу.
- Қын
- Кемер белбеумен бірге қолданылатын, пышақ салуға арналған әшекейлі былғары қап.
- Оқшантай
- Ішіне шағын зат салынатын, кемер белбеуге өткізілетін әшекейлі былғары қалта.
Құлақ әшекейі
- Сырға
- Құлаққа тағылатын сәнді асыл бұйым. Сапасы мен құрамына қарай түрлері көп.
Әзірлеген
Бегімхан Керімханұлы — Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.