Үйшікте неше бақа

Білім беру саласы: Таным Бөлім: Қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру
Пән аралық байланыстар: Қатынас Әлеуметтік орта Денсаулық

Мақсат (тәрбиеші үшін)

Тәрбиеленушілердің қоршаған орта туралы түсініктерін әртүрлі танымдық іс-әрекеттер арқылы біртұтас педагогикалық үдерісте интеграциялап қалыптастыру.

Мақсат (балалар үшін)

Бұрын меңгерілген материал бойынша құзыреттерді дамыту және қарапайым қиындықтарды еңсеріп, мәселені шешу дағдыларын қалыптастыру.

Міндеттер

Дамытушылық

  • Сөйлеу мәдениеті мен ойлау қабілетін дамыту.
  • Логикалық ойлау әрекеттерін жетілдіру.
  • Оқиға мен салдар арасындағы байланысты табуға, талдауға жағдай жасау.

Оқыту

  • Сөздік қорды орынды қолдануға үйрету.
  • Халық шығармашылығы жанры — ертегімен таныстыру және бекіту.

Тәрбиелік

  • Достыққа және жауапкершілікке тәрбиелеу.
  • Бір-біріне мейірім мен сүйіспеншілік танытуға баулу.

Ұйымдастыру формасы

Саяхат (ертегі әлеміне танымдық сапар).

Қажетті құрал-жабдықтар

  • «Үйшік» саусақ театры.
  • «Үш аю» үстел театры.
  • «Жамауды тап», «Аулада гүл отырғыз» дидактикалық ойын материалдары.
  • Фетрлі фланелеграф («Жыл мезгілдері»).
  • Теледидар (бейнеүзінді көрсетуге).

Сөздік жұмыс

Жамау — киімнің жыртылған жерін бүтіндеуге арналған бөлік.

Билингвалдық компонент

Қайырлы таңдоброе утроgood morning.

Алдын ала жұмыс

Балалармен

  • «Үйшік», «Алдар Көсе», «Үш аю» ертегілерін оқу.

Ата-аналармен

  • Баламен бірге ертегі туралы әңгімелесу, кейіпкерлерді ажырату.

Іс-әрекет кезеңдері

Сабақ құрылымы үш кезеңге негізделеді: мотивация, ұйымдастырушылық-ізденістік жұмыс және қорытынды рефлексия.

1) Мотивациялық-қозғаушылық кезең

«Шаттық шеңбері»

Үлкенге де Сіз,
Кішіге де Сіз.
Сәлем бердік сіздерге,
Құрметпен біз.

Жоғары қарап — тау көрдім,
Төмен қарап — жер көрдім.
Оңға-солға иіліп,
Егеменді ел көрдім.

Балалар қимыл-қозғалыспен өлең жолдарын қайталайды, назарын жинақтайды.

Оқиға желісі: «Ертегі әлемінде»

Балабақшаға жағымсыз хабар келеді: қатты желдің салдарынан ертегі әлеміндегі кейіпкерлер араласып кетіп, өз ертегісін танымай қалған. Балалар оларға көмектесуге келіседі.

Сиқырлы өтпелі сәт

«Көздерімізді жұмамыз, ертегі әлеміне барамыз…»

Әуен қосылады. Тәрбиеші «сиқыршыға» айналып, кейіпкерлер салынған қорапшаны көрсетеді.

2) Ұйымдастырушылық-ізденістік кезең

2.1) «Үйшік» ертегісі: кейіпкерлерді жұмбақ арқылы табу

Тәрбиеші жұмбақ оқиды, балалар қорапшадан сәйкес кейіпкерді тауып шығарады және ертегіні атайды.

Жұмбақтар

  1. Үй-ішін аралап,
    Түнде көп жортады.
    Қаптарды жыртады,
    Мысықтан қорқады.
    Жауабы: Тышқан
  2. Таңдайлары тақылдап,
    Шалшықта шулайды.
    Бірін-бірі мақұлдап,
    Қуанады, ойнайды.
    Жауабы: Бақа
  3. Қалқиған ұзын құлағы,
    Елеңдеп қорқып тұрады.
    Жауабы: Қоян
  4. Өзі бір қу,
    Жүрген жері — шу.
    Жауабы: Түлкі
  5. Күші десең — күші бар,
    Тісі десең — тісі бар.
    Жауабы: Қасқыр
  6. Қыс бойына жатады,
    Тәтті ұйқыға батады.
    Жауабы: Аю

Сұрақ-жауап: санау және «бір/көп» ұғымдары

  • Ертегі қай ертегі?

    Балалар: «Үйшік».

  • Үйшікте кімдер тұрады? Басында нешеу? Кейін нешеу болады?

    Балалар жауаптарын кейіпкерлердің дауысымен айтуға тырысады.

  • Үйшікте неше бақа?

    Біреу.

  • Қорытынды: тышқан — біреу, түлкі — біреу, ал бәрі бірге — көп.

  • Біз топта қаншамыз?

    Балалар өз тобын санап, нақтылайды.

2.2) «Сиқырлы жол»: қозғалыс, көру арқылы қабылдау және «жамау» ойыны

Балалар «сықырлы жолмен» жүріп, келесі ертегіге өтеді. Орындықтарға отырып, теледидардан «Алдар Көсе» ертегісінен үзінді көреді («Сиқырлы тон»).

Талқылау сұрақтары

  • Бұл ертегіні танисыңдар ма?
  • Байдың киімі қандай? (жаңа, әдемі, бүтін)
  • Алдардың киімі қандай? (ескі, жыртық)

Дидактикалық ойын: «Жамауды тап»

Түс пен пішін

Пальтоның түсін атау, жамаудың қай геометриялық пішінге ұқсайтынын анықтау.

Екінші тапсырма

Бас киімнің түсін атау және жамауды пішінмен сәйкестендіру.

Нәтиже: балалар Алдар Көсеге киімін жамауға көмектеседі, әрі қарай жолға шығуына мүмкіндік береді.

Пішіндер әлемі: «Не неге ұқсайды?»

Шеңбер

Күнге, тәрелкеге және басқа заттарға ұқсайды.

Төртбұрыш

Терезеге, кітапқа, үстелге ұқсайды.

Үшбұрыш

Үй шатырына, печеньеге және басқа пішіндерге ұқсайды.

Жыл мезгілі: көктем белгілерін еске түсіру

Балалар қазіргі мезгілді атайды және көктемде болатын табиғи құбылыстарды сипаттайды: күннің жарқырауы, қардың еруі, жаңбыр, шалшық, ағаш жапырақтары, гүлдердің шығуы.

Сергіту сәті

Шөп үстімен жүреміз — сытыр-сытыр-сытыр
Тас үстімен жүреміз — тарс-тарс-тарс
Шалшық сумен жүреміз — шолп-шолп-шолп
Жолдарменен жүреміз — топ-топ-топ

2.3) «Үш аю» ертегісі: өлшемді салыстыру және реттеу

Балалар дөңгелек үстел басына жиналып, аюлардың аттарын еске түсіреді және «үлкен–орташа–кіші» ұғымдарын нақтылайды.

Сұрақтар

  • Аюлардың аттары қандай? (Михайло Иванович, Настасья Петровна, Мишутка)
  • Қайсысы ең үлкен? Қайсысы ең кішкентай?
  • Әр аю қай орындықта отырады?

Қорытынды: үлкен аю — үлкен орындықта, орташа аю — орташа орындықта, кішкентай аю — ең кішкентай орындықта отырады.

Ойын-әрекет: «Аюлар үйінің алдына гүл отырғызайық»

Балалар үстел үстіндегі әртүрлі көлемдегі гүлдерді салыстырып, ең үлкенін және одан кішіректерін таңдайды, түстерін атайды.

Сергіту сәті

Орнымыздан тұрамыз,
Алақанды ұрамыз.
Бір отырып, бір тұрып,
Тез шынығып шығамыз.

Нәтижесінде «аюлар үйінің алды» әдемі безендіріліп, балалар өз еңбегінің нәтижесін көреді.

Осы кезеңде балалар кейіпкерлерге көмектесіп қана қоймай, санау, салыстыру және пішіндерді ажырату дағдыларын тәжірибеде бекітеді.

3) Рефлексиялық-түзетушілік кезең

Көмекші суреттер арқылы қорытынды жасалады: балалар тақта алдында жартылай шеңберге тұрып, ертегілер сюжеті бейнеленген суреттерге қарап жауап береді.

Қайталау сұрақтары

  • Біз қай ертегілердің кейіпкерлеріне көмектестік?
  • Үйшікте «бір» және «көп» ұғымдарын қалай ажыраттық?
  • Үлкен аюға қандай орындық керек? Ал кішкентай аюға ше?
  • Шеңбер қандай заттарға ұқсайды?

Қорытынды

Саяхат аяқталды: балалар ертегі кейіпкерлерін өз ертегісімен қайта табыстырды, «бір–көп», «үлкен–орташа–кіші», «жоғары–төмен» сияқты түсініктерді нығайтты, геометриялық пішіндерді күнделікті заттармен байланыстырып үйренді.

Соңында тәрбиеші балаларға алғыс айтып, «сиқыршы бейнесінен» қайта тәрбиеші рөліне оралады.

Күтілетін нәтиже

Педагог үшін

Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты талаптарына сай мақсаттарды жүзеге асыру барысында, білім салаларын интеграциялау арқылы педагогикалық үдерісті ұйымдастырудағы кәсіби құзыреттілікті арттыру.

Балалар үшін

Біледі және түсінеді

  • Үлкен–кішкентай, орташа, жоғары–төмен.
  • Бір, көп, «біреу де емес» ұғымдары.
  • Заттардың не үшін қолданылатыны.

Игеруі

  • Қоршаған ортадағы заттарды геометриялық пішіндермен сәйкестендіру.
  • «Көп–аз» қатынасын күнделікті жағдайларда ажырата білу.