Кәрі қыран өлеңін мәнерлеп оқу

Сабақ тақырыбы

Қадыр Мырза-Әлі — «Кәрі қыран» өлеңі.

Сабақ түрі: «Сын тұрғысынан ойлау» технологиясы қолданылған шығармашылық сабақ.

Әдіс-тәсілдер: топтық жұмыс, ізденіс, сұрақ-жауап.

Көрнекіліктер: слайд, кесте, бейнетаспа.

Сабақтың мақсаты

Білімділік

  • Ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы жан-жақты түсінік беру.
  • Символ ұғымын түсіндіру.
  • Өлең мазмұнын меңгерту, оқушы көзқарасын қалыптастыру.

Дамытушылық

  • Оқушылардың шығармашылық және танымдық қабілеттерін дамыту.

Тәрбиелік

  • Өрлікке, адалдыққа, қайсарлыққа тәрбиелеу.
  • Халқымыздың асыл қасиеттерін бойға сіңіруге жағдай жасау.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Оқушылармен сәлемдесу, қатысымды түгендеу.

II. Үй тапсырмасын тексеру

Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі» әңгімесі бойынша сұрақтар.

  • С. Мұратбеков қай жылы, қай оқу орнын бітірді?
  • С. Мұратбеков қай жылы, қай жерде дүниеге келді?
  • Қай салада қызмет етті?
  • Жазушының алғашқы шығармалары қай жылы жарияланды?
  • Ел арасына кең тараған қандай шығармаларын білесіңдер?

Жедел тапсырма: «Кім? Қашан? Қайда?»

Мұғалім шығармадан үзінді оқиды. Оқушылар үзіндінің қай кейіпкерге тиесілі екенін, оқиға уақыты мен орнын анықтайды.

Жаңа сабақ: «Кәрі қыран»

Бағдар

  1. Ақын өмірі
  2. Шығармалары
  3. Бейнетаспа арқылы таныстыру

Ой шақыру: Қыран қандай құс?

  • Жыртқыш құс; тыныс алу жүйесі мықты, биікте қалықтай алады.
  • Көзі өте өткір, қырағы.

Қазақстанда қай жерде мекендейді?

Негізінен таулы аймақтарда; таудың ұшар басына ұя салады.

Неліктен халқымыз қыранды қасиетті құс санаған?

Қыран — жеті қазынаның бірі. Ер азаматтың айбыны мен ерлігі қыранға теңелген.

Мәтінмен жұмыс

  • Өлеңді мәнерлеп оқу.
  • Тақырыбы мен идеясын ашу.
  • Сөздік жұмыс: түсініксіз сөздердің мағынасын анықтау.

Символ ұғымы: негізгі идеяны көрнекілеу

Символ — белгілі бір ұғымды бейнелі түрде танытатын көркем белгі.

Гүл — жастықтың нышаны.

Ақ көгершін — бейбітшіліктің нышаны.

Аққу — махаббаттың нышаны.

Қыран — ерлік пен еркіндіктің рәмізі.

Бұған дәлел — мемлекеттік Туымыздағы күн астында қалықтаған қыран бейнесі: ол еркіндігімізді, биігімізді, кеңістігімізді айқындайды.

Жұптық жұмыс: суреттермен байланыс орнату

1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы

Күн астында қалықтаған қыран бейнесі еркіндік пен биіктікті, тәуелсіз рухты паш етеді.

2) Берел кезеңіндегі самұрық бейнесі

Ежелден-ақ ата-бабаларымыз қыранды киелі құс ретінде қадірлегенін аңғартады.

3) Леонардо да Винчи туындыларындағы қанатты адам

Адамның көкке самғауы, биікті бағындыруы, шексіз мүмкіндікті меңзеу идеясы көрінеді.

Өлеңге поэтикалық талдау

Көркемдегіш құралдар

Теңеулер

«қоладай қайырылып», «өртенген самолеттей», «дөңгелек шарайнадай» және т.б.

Эпитеттер

«ақ кебінді», «ақ алмас шеңгелі», «қырағы көз», «қырдың қызыл түлкісі», «құрыш тырнақ» және т.б.

Кейіптеу

«күрсінді тау ақ қарлы».

Тілдік талдау

Синонимдер

«кәрі — шауқар (шау)», «жасын — найзағай», «тірлік — өмір — ғұмыр».

Антонимдер

«қарттық — жастық», «кәрі — жас», «өлім — өмір».

Фразеологизмдер

«тәрк етіп», «зәбірі артты» және т.б.

Дыбыстық өрнек

Өлеңнен аллитерацияны табу және мәнін түсіндіру.

Қадыр Мырза-Әлінің өлеңін бейнетаспадан тыңдап, мәнерлеп оқуға дағдылану.

Шығармашылық жұмыс

Ойтолғау жазу

Берілген сөздерді мағыналық байланыста қолданып, қысқа ойтолғау құрастыру:

ұланыңын ұлы елдің туған өлке таулы жер Қазақстан Республикасында кең халық ыстық елім ырыс бақыт болашақ

Ескерту: сөз тіркестерін орфографиялық нормаға сай түзетіп қолдануға болады.

Қорытынды және бағалау

«Бес жолдық» тұжырым

Кейіпкерге немесе негізгі образға арнап бес жолды өлең құрастыру:

  • 1-жол: Зат есім
  • 2-жол: Сын есім (2 сөз)
  • 3-жол: Етістік (3 сөз)
  • 4-жол: Синоним (1 сөз)
  • 5-жол: 4 сөзден тұратын сөйлем

Үй тапсырмасы

  1. Өлеңді мәнерлеп оқу, ұнаған шумақтарын жаттау.
  2. «Қырандай қалықтау — арманым» тақырыбына шығарма жазу.

Сабақты психологиялық аяқтау

Тау басына өрмелеп жылан да шығады,

Қалықтап қыран да шығады.

Сенің тауың — білімің, ой-арманың,

Орындалсын болашақ қиялдарың.

Жылан болып өрмелеп күн кешкенше,

Қалықтап ұшсын қиял-қырандарың.

Мекенжай: БҚО, Жаңақала ауданы, Мұқыр ауылы

Мектеп: Ә. Жангелдин атындағы ЖОББМ

Пән мұғалімі: қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ихсанова Шынар Қадырбайқызы