Әпке драмасын постер жасау арқылы түсіндіру

Онлайн сабақтың мақсаты мен ұйымдастырылуы

8 «А» сыныбымен Д. Исабековтің «Әпке» драмасы тақырыбында онлайн сабақ өткіздім. Сабақтағы негізгі мақсатым — аудан мұғалімдеріне жаңа әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы оқытудың 7 модулін сабақ үдерісіне кіріктіру жолдарын көрсету.

Сабақтың басталуы

Сабақты оқушыларды 1–3 саны аралығында санатып, үш топқа бөлуден бастадым. Одан кейін оқушылар үй тапсырмасын слайд арқылы түсіндіріп өтті.

Топтық тапсырмалар және сабақтағы жұмыс форматы

Келесі кезеңде үш топқа мазмұнды ашуға бағытталған топтық тапсырмалар берілді. Оқушылар жұмыс орындап жатқанда сабақтың ырғағын сақтап, жағымды атмосфера қалыптастыру үшін күй ойнатылды. Үш топ та бірлесе, ұйымшылдықпен жұмыс жүргізді.

1-топ

«Әпке» драмасын постер жасау арқылы түсіндіру.

2-топ

Драма бойынша рөлдік қойылым көрсету.

3-топ

«Әпке» драмасын Фишбоун әдісі арқылы талдау.

Топтардың нәтижесі мен белсенділігі

1-топ: Постер қорғау

1-топтан Алина, Ләйла, Гүлдана, Нұрбол постерді қорғады. Олар драманың мазмұнын ағаш бәйтеректің әр бұтағына жазып, ал ағаштың діңгегіне әпке бейнесін орналастырған. Алина постерді өте әсерлі қорғап, топ жұмысының мазмұнын толық аша білді.

2-топ: Рөлдік қойылым

2-топ драманың соңғы бөлімі бойынша көрініс қойды. Қойылым сәтті шықты: Мөлдір, Айдана, Арман кейіпкерлерді дәл жеткізіп, әртістерше нақышына келтіре ойнады. Оқушылардың дауыс ырғағы кейіпкерлер мінезіне сай үйлесіп отырды.

3-топ: Фишбоун арқылы талдау

3-топ драмадағы проблемаларды фактілермен дәлелдеп, сол мәселелерден шығу жолдарын қарастырды. Бұл топтан Баян мен Индира ойларын ашық, нақты жеткізе алды.

Қамтылу және ынталандыру

Жаңа сабақты топтардың бір-біріне түсіндіруі кезінде барлық оқушы қамтылды. Әсіресе орташа деңгейде оқитын оқушылар да постер жасау, суреттеу барысында қызығушылық танытып, сабақ туралы ойларын еркін қорытындылай алды.

Сөздік жұмысы, рефлексия және теориялық бекіту

Кейін оқушылар «Сөзмаржан» айдары бойынша сөздікпен жұмыс жасап, дәптерге жазды. Одан соң «Мені таң қалдырған нәрсе» бөлімінде драмадағы оқиғалар бойынша өздеріне әсер еткен тұстарды бөлісті:

  • Индира: қазақ қыздарының жат қылықтары қатты әсер еткенін айтты.
  • Әлия: тілдің шұбарлануына назар аударды.
  • Арман: Қамажайдың бауырларының анасын еске алу күніне келмегеніне қынжылғанын білдірді.

Сабақ соңында әдебиет теориясы бойынша драма және драманың түрлері туралы ережелер еске түсіріліп, дәптерге жазылды.

Кері байланыс, бағалау және қорытынды

Қорытынды кезеңде әр топтан бір оқушы «Соңғы сөзді мен айтамын» бөлімі бойынша ауызша кері байланыс берді, ал қалған оқушылар пікірлерін стикерге жазып, тақтаға ілді. Оқушылар өз тобының жұмысын ғана емес, басқа топтардың да жұмыстарын бағалап, ұсыныстарын айтты.

Нәтиже

  • Оқушылар шығармашылықпен жұмыс істеп, топтық жұмыстың тиімділігін түсінді.
  • Бағалауды топ көшбасшылары жүргізіп отырды.
  • Сабақ жалпы мақсатына жетті.
  • Уақыттың тапшылығына байланысты сергіту сәті өткізілмеді; бұл келесі сабақтарда ескерілуі тиіс.