Әдепті бала болыңдар, Тазалап жүр тісіңді

Сыныптан тыс іс-шара: «Әдептілік әлемінде»

Бұл жоспар оқушыларды әдептілікке, адамгершілікке баулып, күнделікті қарым-қатынаста қажет болатын сыпайы сөздер мен мәдени мінез-құлық қағидаларын түсіндіруге бағытталған.

Мақсаты

Оқушыларды әдептілікке, адамгершілікке шақыру; әдептіліктің негізгі қағидаларын түсіндіру; дұрыс сәлемдесу, алғыс айту, кешірім сұрау мәдениетін қалыптастыру.

Көрнекілігі

Плакаттар, әртүрлі карточкалар, тапсырма парақтары, ойын элементтері, суреттер.

Құрылымы

  • 1-бөлім: Әдептілік қағидалары
  • 2-бөлім: Адасқан сөздер
  • 3-бөлім: Өнерлі ел
  • 4-бөлім: Ойлан да, тап

Ұйымдастыру кезеңі

Мұғалімнің кіріспе сөзі

«Әдептіліктің белгісі — иіліп сәлем бергені» дегендей, бүгінгі «Әдептілік әлемінде» атты сыныптан тыс іс-шарамызға қош келдіңіздер! Бүгін әдептіліктің қағидаларын анықтап, бірнеше ойын ойнап, пікір алмасып, сұрақтарға жауап береміз.

Сабақтың 4 бөлімі:

  1. Әдептілік қағидалары
  2. Адасқан сөздер
  3. Өнерлі ел
  4. Ойлан да, тап

«Шаттық шеңбері» — сәлемдесу мәдениеті

Тақтадағы жүрекшелерге назар аударайық. Әр оқушы жүрекшені алып, артындағы белгі бойынша амандасады:

  • Күлкі — бір-бірімізге күлімдеп сәлемдесу.
  • Алақан — қол алысып амандасу.
  • Жүрек — құшақтасып амандасу.

Осылайша, амандасудың өзі — сыйластық пен ізеттіліктің алғашқы қадамы екенін сезінеміз.

«Өзін-өзі тану еліне» саяхат

Бүгін біз «Өзін-өзі тану еліне» саяхат жасаймыз. Бұл елде орман-тоу, өзен-көл, патшалықтар, елді мекендер мен сарайлар бар. Ол елдің өлкелері: Тіл табысу, Білім, Табиғат, Атамұра, Өнерлі ел, Достық. Ең биік шыңы — Адамгершілік.

Тапсырма: «Бұлттарды сейілтейік»

Күннің көзін жапқан бұлттарды ажырату үшін қарым-қатынаста қолданылатын әдепті сөздерді дұрыс тауып айтамыз.

Сәлеметсіз бе? Сау болыңыз! Кешіріңіз! Ғафу етіңіз Рұқсат па?

Маңызды ой

Қоғамның ең үлкен байлығы — әдепті адам. Өйткені әдепсіздік бір адамның ғана емес, тұтас ұжымның беделіне әсер етеді. Халық даналығы: «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді».

Бұл — Тіл табысу өлкесі: мұнда сыпайылық, қамқорлық, мейірім қасиеттері жоғары бағаланады.

Ө. Тұрманжанов — «Ізгі сөз» (үзінді)

Мерей

Мектебімізге барғанда,
Жолыққан бар жандарға
Ертемен, ақ пейілмен:
«Қайырлы таң!» — деймін мен.

Хансұлу

Күндіз де елді елеймін:
«Қайырлы күн!» — деймін мен.

Әли

Үйге кешке келемін,
Не дерімді білемін:
«Кеш жарық!» — деп кіремін.

1-бөлім: Әдептілік қағидалары

Талқылау сұрақтары: «Әдептілік» сөзі нені білдіреді? Әдептілік қағидалары дегеніміз не? Оларға не жатады?

Оқушылар пікірі

  • «Әдептілік — сәлемдесуден басталады».
  • Иіліп сәлем беру — әдептіліктің бірінші қағидасы. Амандасу — бейбіт пейіл мен достық ықыластың белгісі.
  • Қазақ дәстүрінде кіші үлкенге, аттылы жаяуға бұрын амандасады.

Түйін

Әдептілік — туа бітетін қасиет қана емес, тәрбиемен қалыптасатын дағды. «Баулысаң — батыр, үйретсең — шешен» дегендей, адам жақсы ортадан, отбасынан, мектептен, ұстаздан үлгі алып өседі.

Грек философы Демокрит: «Әдепті адам болып қалыптасуда жаратылыстан гөрі жаттығудың рөлі зор» — деген.

Қосымша тапсырма: «Сәлем» сөзін басқа тілдерде айту. Привет, Hello.

2-бөлім: «Адасқан сөздер»

Әдептілік патшалығынан хат

«Біз Әдептілік елінде тұрамыз. Біздің елдің тұрғындары бір-біріне тек “Сіз” деп сөйлейді. Олар өте тәрбиелі, сыпайы». Ендеше өлең жолдарындағы сөздерді қашан, кімге, қандай жағдайда айту керегін анықтайық: «Рахмет», «Кешіріңіз», «Рұқсат па?», «Көмектесейін».

Өлең-жауаптар (хормен)

Апаң сенің базардан
Алма сатып әкелді...
Мұндайда не деу керек?

«Рахмет, апа!» — деу керек.

Көшеде жүріп көршіңді
Байқамай қағып кеттің...
Мұндайда не деу керек?

«Кешіріңіз!» — деу керек.

Көшеде танысың кезікті,
Сәлем беруді ұмыттың...
Не деу керек?

«Сәлеметсің бе!» — деу керек.

Әжең түскі асқа тәтті қойды,
Сен жұрттан бұрын қол создың...
Не дегенің жөн еді?

«Рұқсат па?» — деу керек.

Үй артында қоқыс үйіліп жатыр,
Қарт кісі зорға еңкейіп тазалап жүр...
Не дегенің жөн еді?

«Көмектесейін» — деу керек.

Қысқа қорытынды шумақтар

Сыйлап үлкен ағаны, сәлем берген баланы кім дейміз?

Әдепті екен — бұл дейміз!

Кітап, дәптер, қаламы кір шалмаған баланы кім дейміз?

Ұқыпты екен — бұл дейміз!

Таудай биік талабы бар, жақсы оқитын баланы кім дейміз?

Үлгілі екен — бұл дейміз!

Ән: «Ақ тілек» (Серік, Ясмин орындауында).

3-бөлім: «Өнерлі ел» — көріністер арқылы ой қозғау

Көрініс 1: «Бала мен қария»

Көше бойымен бір қария келе жатты. Жасы ұлғайғандықтан, бүкірейіп қалған. Бір бала оған жақындағанда жол берді. Қария алғыс білдірді.

Сұрақ: Қандай сөз айту керек?
«Сәлеметсіз бе, ата, өтіңіз».

Көрініс 2: «Автобуста»

Есен автобуста отыр еді. Бір аялдамада қарт әжей кірді. Есен орнынан тұрып: «Отырыңыз» — деді. Әжей алғыс айтты. Автобус қозғалғанда Есен байқамай алдыңғы адамды итеріп қалды. Әлгі адам ашуланды. Есен: «Кешіріңіз» — дегенде, ол да сабасына түсті.

Талқылау: Есеннің әрекеті дұрыс па? Оны әдепті бала деуге бола ма?

Жылдам сұрақ-жауап

1) Өзіңе көмектескен адамға не дейсің?
Рахмет.
2) Тамақ ішіп болған соң не дейсің?
Тамағыңыз дәмді екен, рахмет.
3) Байқаусызда біреуді қағып кеттің. Не дейсің?
Кешіріңіз!
4) Мектептен қайтар кезде нені ұмытпау керек?
Сау болыңыз!
5) «Әдептілік» сөзін орысша және ағылшынша қалай айтамыз?
Вежливость, politeness.

4-бөлім: «Ойлан да, тап»

Тапсырма: берілген суреттерге сүйеніп, Мейірімділік, Достық, Бейбітшілік тақырыптары бойынша ойларыңды бейнелеңдер (музыка қойылады, оқушылар жұмыс орындайды).

1-қатар

Достық. Мейірімділік. Бейбітшілік тақырыбы.

2-қатар

Әлемде бейбітшілік болсын!

3-қатар

Адамдар арасында бір-біріне деген достық сақталсын!

Мақал-мәтелдерді аяқтау

  • Сыйламаған жолдасын, сыйлай алмас өз басын.
  • Балаң жаман болса, көрінгеннің мазағы.
  • Тіліңмен жүгірме, біліміңмен жүгір.
  • Ақылды қария — ағып жатқан дария.
  • Өз білмегеніңді кісіден сұра, үлкен жоқ болса, кішіден сұра.
  • Әдептілік белгісі — иіліп сәлем бергені.
  • Әдепті бала — ата-анасын мақтатар, әдепсіз бала — ата-анасын қақсатар.
  • Әдепті бала — арлы бала, әдепсіз бала — сорлы бала.
  • «Сіз» деген — әдеп, «біз» деген — көмек.
  • Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар.
  • Өнерлі жігіт — елдің көркі, үкілі қамыс — көлдің көркі.

Қорытынды

Есте сақтайтын ережелер

  • Үлкен кісі кірсе, орныңнан тұрып сәлем бер.
  • Сәлемдескенде адамның жүзіне тура қара.
  • Қарсы келген адамға, әсіресе қыз балаға жол бер.
  • Біреу сүрінсе немесе құлап қалса, көмектесіп демеп жібер.
  • Жолдастарыңмен сыпайы сөйлес, айғайлама.

Өлең жолымен аяқтау

Сыйла үлкен кісіні,
Қамқорлыққа ал кішіні.
Сақтап көше тәртібін,
Бағдаршамның ал тілін.
Әдепті бала болыңдар,
Тазалап жүр тісіңді.

Бүгінгі сыныптан тыс іс-шарамыз осымен аяқталды. Қатысқандарың үшін рахмет! Енді бәріміз әдепті болып, сабақты жақсы оқитын оқушы болайық.