Қымбатты ата - аналар
Сабақ туралы мәлімет
Мектеп
Атырау қаласы, №35 мектеп-гимназиясы
Мұғалім
Асанғалиева Дина
Сабақтың тақырыбы
«Әліппеге мың алғыс»
Сабақтың мақсаты
-
Оқушылардың Әліппеге деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастыру; өздерінің сауатын ашқан «Әліппе» кітабына байланысты өлеңдер мен тақпақтарды мәнерлеп айтуға үйрету.
-
Оқушылардың ақыл-ой өрісін кеңейтіп, дүниетанымын дамыту.
-
Білімге құштарлыққа, мәдениеттілікке және өзін-өзі басқаруға тәрбиелеу.
Көрнекіліктер мен нақыл сөздер
«Әліппе – бүкіл білім мен ғылым соқпағының басы.»
«Қына тасқа бітеді, білім басқа бітеді.»
«Оқу – инемен құдық қазғандай.»
«Кітапсыз – білім жоқ, білімсіз – күнің жоқ.»
Сабақтың барысы
1. Әдеби монтаж
Жүргізушілердің құттықтауы, өлеңдер мен тақпақтар, хор орындауы.
2. Өтірік өлең, жаңылтпаш, санамақтар
Тіл дамытуға арналған көңілді тапсырмалар мен ұйқастар.
3. Концерттік бағдарлама
Әндер мен көріністер арқылы мерекелік қорытынды.
Әдеби монтаж: жүргізушілер сөзі
1-жүргізуші
Армысыңдар, мұғалімдер, әз жандар!
Білім іздеп, инемен құдық қазғандар.
Сан ұрпақты тәрбиелеп, оқытқан
Өмір деген үлкен жолда тарландар.
2-жүргізуші
Қош келіпсіз, ақ жаулықты аналар!
Жүздеріңнен мейірім мен нұр тамар.
Алдарыңызда жауқазындай құлпырған,
Біз – алаңсыз балғын шақты балалар.
1-жүргізуші
Қош келіпсіз, өрт тұлғалы әкелер,
Қыран құстай болашағын мәпелер.
Бүгін міне, Әліппемен қоштасады
Азамат боп, кешегі сәби еркелер.
Қош келдіңіздер, құрметті қонақтар!
2-жүргізуші
Бар кітапқа бас болған — Әліппе, ғылым данасы.
Әліппеден басталған — даналықтың данасы.
1-жүргізуші
Бар білімнің бастауы, бар ғылымның бастауы.
Жас балаға нұр шашқан, қандай кітап тіл ашқан?
Хор: «Әліппе, Әліппе»
2-жүргізуші
Өтті оқу — сан сабақ, бүгін — үлкен салтанат.
Оқулықпен достассақ, Әліппемен қоштаспақ!
Әрі қарай: әндер мен өлеңдер орындалады.
Оқушылардың өлеңдері мен тілектері
Фатима
Қымбатты ата-аналар! Біз енді кітаптар мен журналдарды оқи аламыз. Бұл өнерді бізге досымыз — «Әліппе» үйретті.
Ерғанат
Оқуды көп ойладық,
Қызығына көп тоймадық.
Әріптерді үйреніп,
Сауат аштық — тоймадық.
Айнұр
Бұрқыраған білімнің
Қайнар көзін көріп пе ең?
Том-том қалың кітаптың
Басы болған Әліппем!
Әсем
Енді біз жаза білеміз,
Бұрын білмеуші едік әріп те.
Оқимыз қазір ертек те —
Үйреттің оны, Әліппе!
Хормен
Айтыңдаршы, балалар, болашаққа жол ашар,
Іші толған әріпке білімдіге жарық — не?
Ол — сүйікті «Әліппе»! Ол — сүйікті «Әліппе»!
Кейіпкер: «Әліппе»
Әліппе
Армысыздар, жас достар! Армысыздар, ата-ана!
Болашаққа жол бастар — Әліппең келді ортаңа.
Менің атым — Әліппе, мені анаңдай дәріпте.
Мені оқып ер жеткен Бауыржан да, Мәлік те.
Диана
Әліппем менің, Әліппем!
Сені қолға алып мен
Есігін аштым мектептің
Ертеңгі сәуле жарықпен.
2-жүргізуші
Мектебің — мынау, сыныбың — осында.
Он жыл бойы оқисың.
Тарыдай боп кіресің,
Таудай боп шығасың.
Орындаулар
- Хор: «Отан әні»
- Хор: «Сәлем, саған мектебім»
- Хор: «Әліппе әні»
- Хор: «Қош келдіңіз, Ана тілі»
Тіл дамыту бөлімі: жаңылтпаштар мен өлеңдер
Бұл бөлімде оқушылар дыбыстарды анық айтуға, сөзді тез әрі дұрыс құрауға машықтанады. Төменде мерекелік сабақта орындалған таңдаулы үлгілер берілді.
Айбек
Ыстық көлдің ызғарынан ықпадым,
Ызғырықта ырғайларға ықтадым.
Ырдуанмен ысқырықтай ысқырып,
Ықыршықты ылпаменен ыстадым.
Арша
«Р»-ды анық айтамын:
рельс, рауғаш, ринг, радио, ребус.
«Р»-ды табам: ракета, рояль, робот, рюкзак, разъезд, рама.
Фатима
Қос, қас, құс;
қош, қаш, қыш.
Қон, қан, қын;
қор, қар, қыр.
Құрай білсең — қиысар сөз көп.
Альбина
Пластилинмен жасадым
парашютті, пәуеске арба, парта, пеш, пароходты.
Пианино, піл, пингвин, папаханы,
пышақ, пияз, помидор, панаманы.
Айбек
Қаңбақ, жаңғақ, ақ, шық, жең;
жаңбыр, қайың, таң, тың, сең.
«Ң»-нан сөз жоқ басталған —
«Ң» үлестен бос қалған.
Айнұр
Күз, кез, көз;
күш, кеш, көш.
Кір, кер, көр;
күл, кел, көл.
Кілең қысқа сөз — кім оқиды тез?
Әсем
Ай, тай, май;
шай, жай, сай.
Ой, той, қой;
бой, бай, лай.
Сөз соңында кілең «й» —
аты оның қысқа «й».
Дана
Жая, мая, сая;
аяз, пияз, сия.
Аяқ, таяқ, қия;
шаян, қоян, ұя.
Бәрінде бар «я». Иә?!
Алғыс айту сәті
Мұғалімнің сөзі
Оқушылар, сүйікті Әліппемізге алғысымызды айтып, оны кейінгі бүлдіршіндерге табыс етейік. Енді сіздерден кейінгі бүлдіршіндердің сауатын ашсын.
Хормен: «Рахмет, сізге, Әліппе!»
Жүргізушінің қорытындысы
Әліппемен қош айтысып қаламыз,
енді қолға басқа кітап аламыз.
Ата-ана, қуанышқа ортақ бол —
сауатты боп шықты, міне, балаңыз.
Хормен: «Қош бол, құтты Әліппем!»
Ата-анаға алғыс
Мұғалім: Біздің оқуымызға, жазуымызға, өлең мен жаңылтпаш жаттауымызға көмектескен кімдер?
Хормен: «Ата-анамыз!»
Ендеше ата-анаға алғыс айтайық.
Хормен: «Ата-анаға мың алғыс!!!»
Ұстазға құрмет
Айнұр
Есімде ұстаздың қарсы алғаны,
айқара есік ашып, бастағаны.
Жетектеп бір сыныпқа алып барғаны —
ұстаз-ана жасады мына бізден
ел таңғалар азамат, бір-бір мықты.
Әлихан
Үйретіп бізге алғаш Әліппені,
ұстазым ғылымға жол салып берді.
Адамның ой-арманы, мақсаттары
оқудың сәулесімен жарық көрді.
Алиман
Өмірге жолды бір өзіңмен бастадым,
әліпбиді алғаш сенен жаттадым.
Ұстаз-ана — естен кетпес мәңгілік,
мейіріммен жауырыннан қаққаның.
Фатима
Жүзің жылы, құшағың кең —
сенен түлеп ұшамын мен.
Өзің берген біліміңмен
биіктерге шығамын мен.
Дана
Ақылшы асыл ұстазым,
өзіңе мен де ұқсармын.
Жеткенше қайрат-күш, әлім,
биікке самғап ұшармын.
Қорытынды алғыс
Хормен:
«Ұстаздарға мың алғыс!»
Жалғасы
Мұғалім: Оқушылар, өнерімізді одан әрі жалғастырайық. Өтірік өлеңдерімізді, жаңылтпаштарымызды, санамақтарымызды айтып, тілімізді шыңдайық.