Өткен сабақпен жаңа сабақты байланыстыру

Ақмола облысы, Жақсы ауданы, Алғабас ауылы

Алғабас негізгі мектебі • География пәні мұғалімі: Қожахметов Тимур Боранбайұлы

Ұлы географиялық ашулар

Бұл сабақ жоспары материктер мен мұхиттардың зерттелу тарихын жүйелі түрде түсіндіруге, картамен және глобуспен жұмыс дағдыларын дамытуға, оқушылардың дербес ізденісіне қызығушылық қалыптастыруға бағытталған.

Сабақтың барысы

Ұйымдастыру кезеңі

Мұғалім сыныпқа кіріп, оқушылармен амандасады, қатысымды тексереді және сабаққа қажетті құралдардың дайындығын қадағалайды. Одан кейін үй тапсырмасы бойынша сұрақ-жауап жүргізіледі.

Үй тапсырмасын тексеру (сұрақ–жауап)

Сұрақ

Жер шары бетінің жалпы ауданы қанша млн км²?

Жауап

510,2 млн км².

Сұрақ

Жер шарында барлығы қанша материк бар және оларды ата.

Жауап

6 материк: Еуразия, Солтүстік Америка, Оңтүстік Америка, Африка, Аустралия, Антарктика.

Сұрақ

Материктердің аудандарын ата.

Жауап

  • Еуразия — 54 млн км²-ден астам
  • Африка — 30,3 млн км²
  • Солтүстік Америка — 24,2 млн км²
  • Оңтүстік Америка — 18,3 млн км²
  • Антарктика — 14 млн км²
  • Аустралия және Мұхит аралдары — шамамен 9,0 млн км²

Сұрақ

Жер шарындағы ірі архипелагтарды ата.

Жауап

Канаданың Арктикалық архипелагы, Малай архипелагы, Шпицберген архипелагы.

Сұрақ

Дүние бөліктері дегеніміз не?

Жауап

Құрлықтың ашылуы мен қоныстану ерекшеліктеріне сәйкес шартты түрде ажыратылатын тарихи-географиялық ірі аймақтар.

Сұрақ

Дүние бөліктері қанша және оларды ата.

Жауап

6: Еуропа, Азия, Африка (Ескі дүние), Америка, Аустралия, Антарктика (Жаңа дүние).

Сұрақ

Дүниежүзілік мұхиттың жалпы ауданы қанша млн км²?

Жауап

361 млн км².

Сұрақ

Дүниежүзілік мұхиттың ең терең жерін ата және оның тереңдігі қанша метр?

Жауап

Тынық мұхиттағы Мариана шұңғымасы — 11 022 м.

Жаңа тақырыпты түсіндіру

Адамзаттың географиялық түсініктері алғашқы қауымдық кезеңнен-ақ қалыптаса бастады. Жер табиғаты, халықтар және олардың тұрмыс-тіршілігі туралы деректер мыңдаған жылдар бойы жинақталып, географиялық зерттеулер тарихы бірнеше кезеңге бөлінді.

I кезең

Ежелгі дәуірдегі білімнің жинақталуы

Ежелгі дәуірлерде ғылым мен мәдениет ошақтары болған Месопотамия, Парсы жері, Египет, Карфаген, Ежелгі Грек және Рим елдерінде жаңа жерлерді игеру мен соғыс жорықтары нәтижесінде географиялық деректер қарқынды жиналды. Грек оқымыстыларының еңбектері географияның ғылыми негізін қалады.

Тарих ғылымының негізін салушылардың бірі Геродоттың тоғыз томдық «Тарих» еңбегінде географияға қатысты алғашқы ғылыми түсініктер берілген.

II кезең

Антикалық ғылымның дамуы

  • Аристотель Пифагордың «Жер шар тәрізді» деген пікірін дамытты, жылды 365 күнге бөліп, Ай мен Күн тұтылуының себептерін түсіндірді.

  • Эратосфен ендік пен бойлықты өлшеуді нақтылап, тұңғыш рет географиялық карта жасады; математикалық географияның негізін қалады.

  • Страбон географияны «жер туралы ғылым» ретінде қарастырып, Жерді сипаттайтын «География» атты 17 кітап жазды.

III кезең

Ұлы географиялық ашулар (XV–XVIII ғасырлар)

Бұл кезең жаңа жерлердің ашылуымен байланысты және география тарихындағы ең ірі бетбұрыстардың бірі болып саналады. Теңіз қатынасының дамуы, сауда жолдарын іздеу және мемлекетаралық бәсеке зерттеулерді күшейтті.

1492 • Христофор Колумб

Атлант мұхиты арқылы Үндістанға жол іздеу барысында Багам және Кіші Антиль аралдарын ашып, Жаңа Дүниедегі зерттеулерге жол ашты. Кейін Вест-Индия деп аталған аймаққа тағы үш рет сапар жасады.

1498 • Васко да Гама

Португал кемелері Каликутқа (Үндістан) жетіп, теңіз арқылы Шығысқа шығатын тұрақты бағытты қалыптастырды.

1499–1503 • Америго Веспуччи

Колумб ашқан жерлерге үш рет саяхат жасап, олардың Үндістан емес, жаңа құрлық екенін дәлелдеуге үлес қосты.

1538 • Герард Меркатор

Дүниежүзі картасында Американың солтүстік және оңтүстік бөліктері ұғымын енгізіп, оларды «Жаңа Дүние» ретінде атады.

1519–1522 • Магеллан және Элькано

Испан экспедициясы тұңғыш рет Жер шарын айналып өтіп, еуропалықтар үшін беймәлім Тынық мұхитты танытты.

XVII–XVIII ғғ. • Тасман, Кук

Абель Тасман кейін өз атымен аталған аралды ашты; Джеймс Кук Жаңа Зеландияны және Аустралияның шығыс жағалауын зерттеп, мұхит пен аралдар туралы маңызды деректер қалдырды.

XVIII–XIX ғғ. • Беринг, Чириков

Орыс экспедициялары Американың солтүстік-батыс бөлігі мен Алеут аралдарын зерттеуге зор үлес қосты.

1803–1806 • Крузенштерн, Лисянский

Тынық, Үнді және Атлант мұхиттары арқылы өткен экспедиция көптеген жаңа аралдарды сипаттап, навигациялық деректерді толықтырды.

1819–1821 • Беллинсгаузен, Лазарев

1820 жылғы 28 қаңтарда Антарктика материгін ашты.

1909 / 1911 • Пири, Амундсен

Р. Пири Солтүстік полюске, Р. Амундсен Оңтүстік полюске жетті.

Негізгі ой

Бүгінгі күні «ашылмаған жер жоқ» деуге болады, алайда географиялық ашулар тоқтады деген сөз емес. Қазіргі зерттеулерде ғарыштық және аэрофото/аэрокескін түсіру, геофизикалық әдістер, деректерді компьютерлік өңдеу кеңінен қолданылады. География табиғи ортаны қорғау, ресурстарды тиімді пайдалану, мұхиттарды жаңа құралдармен тану, табиғи апаттарды болжау және алдын алу бағыттарына басымдық береді.

Жаңа сабақты бекіту (сәйкестендіру)

Оқушылар берілген жылдар мен оқиғаларды сәйкестендіреді.

Жылдар Оқиға / Экспедиция
1 1819–1821 Ф. Беллинсгаузен мен М. Лазарев экспедициясы Антарктика материгін ашты.
2 1803–1806 И. Ф. Крузенштерн мен Ю. Ф. Лисянский экспедициясы Тынық мұхиттағы көптеген аралдарды сипаттады.
3 1519–1522 Фернан Магеллан және Себастьян Элькано экспедициясы Жер шарын алғаш айналып өтті.
4 1499–1503 Америго Веспуччи Колумб ашқан жаңа жерлерге үш рет саяхат жасады.
5 1648 Семен Дежнев Беринг бұғазы арқылы Солтүстік Мұзды мұхиттан Тынық мұхитқа өтті.

Қорытынды

Сабақ барысында материктер мен мұхиттардың зерттелу кезеңдері жүйеленіп, Ұлы географиялық ашулар дәуіріндегі негізгі экспедициялар мен олардың география ғылымына қосқан үлесі қарастырылды.

Үйге тапсырма

  1. Тақырыпты оқу және негізгі даталар мен есімдерді қайталау.
  2. Кескін картаға географиялық ашылулар мен зерттеу бағыттарын түсіру.
  3. Қосымша тапсырма: тақырып бойынша қысқаша реферат жазу.