Шақырады далалар

ШҚО, Тарбағатай ауданы, Қабанбай ауылы

К. Төгісов атындағы орта мектебінің мектепалды даярлық мұғалімі Баяхметова Жанат Жанахметқызы ұсынған «Армысыз, әз — Наурыз!» тақырыбындағы мерекелік ертеңгілік.

Мақсаты

Балалардың Наурыз мейрамы туралы түсінігін тереңдету, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге баулу және мерекелік орта арқылы шығармашылық белсенділігін арттыру.

Міндеттері

  • Білімділік: Наурыз — ұлы мейрам туралы білімін кеңейту, ұлттық салт-дәстүр мен әдеп-ғұрыппен таныстыру.
  • Дамытушылық: Ойлау, қабылдау, шығармашылық және әртістік қабілеттерін дамыту.
  • Тәрбиелік: Мерекелік көңіл-күй қалыптастыру, елге сүйіспеншілік пен салт-дәстүрді құрметтеуге тәрбиелеу.

Көрнекіліктер

Наурызға арналған суреттер Интерактивті тақта Киіз үй Шарлар Дөңгелек үстел Бесік Арқан

Ертеңгіліктің ашылуы

Тәрбиешінің кіріспе сөзі

Жер әлемді жайнатып, әнші құстарды сайратып, Наурыз тойын тойлатып, Ұлыстың ұлы күні келді, ағайын! Той құтты болсын! Ақ мол болсын!

Құрметті ұстаздар, ата-аналар, балалар! Бүгінгі Наурыз мейрамына арналған «Армысыз, әз — Наурыз!» атты ертеңгілігімізді бастауға рұқсат етіңіздер.

Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен, жаңа ағытқан қозыдай жамырасып өріскен. Құтты болсын — әз Наурыз!

Наурыздың мәні

22 наурызда күн мен түн теңеліп, жер-ана бусанып, көктемнің нұры төгіледі. Көктем аруы мен Наурыз серісі жер бетін гүлге бөлеп, әр шаңыраққа Қызыр баба береке дарытады. Бүгін сол қадірлі қонақтар біздің де төрімізге жетіп отыр. Қарсы алайық!

Көрініс: Наурыз қонақтары

Жер-ана (Алтынай Ж.)

Армысыздар, дархан елім! Мен — Жер-анамын! Наурыз құтты болсын! Еліміз тоқ болсын! Уайым-қайғы жоқ болсын!

Сахналық әрекет: шашу шашылады.

Қызыр ата (Диас)

Ақ батасын береді.

Сахналық әрекет: бата беру.

Көктем аруы (Камила)

Жер дүниені жылытып, Көктем аруларың мен де келдім ортаңа. Тойларың тойға ұлассын!

Наурыз жігіті (Руслан)

Баршаңызды қуантқан Наурыз жігіт мен болам. Думандатып даламды, ерекше бүгін той қылам!

Күн мен Түн

Күн (Алтынай А.)

Сәулесі көп күнмін.

Түн (Аслия)

Жұлдызы көп түнмін.

Екеуі: Бірдей болып біздер, теңелеміз бүгін.

Балалардың тақпақтары

Тәрбиеші: Наурыз тойын бастайық, ән мен жырым төгілсін. Жаңғырып ата-салтымыз, ақ тілектер өрілсін — деп ортамызға кішкентай бүлдіршіндерді шақырамыз.

1-бала (Алдияр)

Бата беріп атамыз, бата беріп апамыз,
Тәтті болып жасалған, Наурыз дәмін татамыз.

2-бала (Балғын)

Көктем келді бүгін, күнім төкті нұрын.
Сайрап барлық құстар, ән салуға құштар.

3-бала (Арнұр)

Түрлі-түсті әшекей, гүлдер шықты жайнап.
Келіп жеткен бүгін Наурыз тойын тойлат.

4-бала (Ақнұр)

Сәнді көктем нұрымен, Наурыз тойы жырымен,
Көңіл гүлдей жайнасын, далада құстар сайрасын.

5-бала (Руслан)

Кіргізіп көркін даланың, бәйшешек қырда қаптады.
Көріңіздер қуанып, Наурыз таңы атқанын.

6-бала (Камила)

Күн мен түн теңеледі, жер шуаққа бөленеді.
Наурызым келді жадырап, соны тойлар ел енді.

7-бала (Диас)

Наурыз тойы — салтымыз, көгерсін деп халқымыз.
Ырым етіп жиылып, көшеге тал егеміз.

8-бала (Кәусар)

Сансыз көкек сұңқылдап, көктем келді еркелеп.
Мерекесі халқымның — Наурызым керемет!

9-бала (Ернұр)

Нәзік үнмен сыңқылдап, құстар жетті далама.
Наурыз құтты болсын деп айтамыз біз баршаңа.

10-бала (Алтынай Ж.)

Қар су болып жөнелді, қалды дала жалаңаш.
Күн нұрына кенелді, бүршік жарды қара ағаш.
Наурыз тойын тойлауға дүрлігуде ел іші,
Жалғасын тапсын жыл сайын өнердің алтын кеніші.

11-бала (Расул)

Келіп көктем құстары, бау-бақшада ән салды.
Үлкен-кіші жиылып, Наурыз күнін қарсы алды.

Өнер бөлімі: би

Домбыра биі (қыздар тобы)

Тәрбиеші: Ұлы өнерді халқымыздан үйренген, жүректерді күмбірлетіп күйменен. Қыздарымыз қызғалдақтай қырмызы, мың бұрала домбыра биін билеген.

Батырлар биі (ұлдар тобы)

Тәрбиеші: Ұлдарымыз өнерлі — көрсетеді өнерді. Ел қорғайтын ертеңгі батыр болар өрелі.

Наурызға арналған жалғасы тақпақтар

12-бала (Алтынай А.)

Көктем келсе әрдайым, болады ғой Наурыз!
Сіздерге бүгін арналар, өнерім менен әніміз.

13-бала (Мағжан)

Дастарқанда дәніміз, жайдарымыз бәріміз.
Жарасу бар, жаулық жоқ — қандай жақсы, Наурыз!

14-бала (Аслия)

Көкке бояп өңірді, көктем келді көңілді.
Бау-бақшада, орманда құстар әні төгілді.

15-бала (Ақтілеу)

Қарды ерітіп жылғасы, Наурыз келді — жыл басы.
Шуақ төкті жарық күн мейрамында халықтың.

16-бала (Еңілік)

Балалар-ау, балалар! Шақырады далалар.
Көктем келді гүл алып, құстар келді жыр алып.

17-бала (Нұрқасым)

Наурыз тойын тойлайық, өнерге терең бойлайық.
Жаңғыртып ата салтымды, қызығына тоймайық.

18-бала (Мадина)

Әнші де бар ортада, биші де бар бұралған.
Наурыз тойым жаңғырсын дәстүр, салттан құралған.

19-бала (Ислам Қ.)

Ұлттық ойын ойнайық, қой десе де қоймайық.
Бабадан қалған аманат — Наурыз тойын тойлайық.

20-бала (Аяла)

Наурыз көже дәмінен дәм татыңыз, халайық.
Ұлттық дәстүр-салтымның өнегесін алайық.

21-бала (Ислам)

Аңқытып жұпар иісін, дастархан толы ас болсын.
Батасымен үлкеннің баршаңызға бақ қонсын.

22-бала (Нұрасыл)

Ұлыс оң болсын, қайда барсаң жол болсын.
Ұлыс бақты болсын, төрт түлік ақты болсын!

Бата және ұлттық ойындар

Бата-сайыс (ұлдар)

«Жаңбырмен жер көгерер, батамен ер көгерер» деген аталы сөз бар. Осы орайда өнерлі ұлдарымыз бата айтудан сайысқа түседі.

Марапаттау номинациялары

«Жамбылдың жамбозы», «Сырымның саңлағы», «Төле бидің тұяғы», «Қазбек бидің қарлығашы» және т.б.

Ұлттық ойындар

  • Қол күрес
  • Аударыспақ
  • Қыз қуу
  • Асық ату
  • Арқан тартыс

Ата-аналармен байланыс: әжелер өнегесі

Тәрбиешінің сөзі

Бауырласқа тәнтіміз, бұзылмаған салтымыз. Кең даламның ежелгі — қазақ деген халқымыз. Өзге ұлттай біздің де бар дәстүр мен салтымыз. Осы тойымызда ата-аналарымызды да құр қалдырмай, ортаға әжелерді шақырамыз. Әжелер — келінге үлгі, ұрпаққа өнегелі тәрбие беретін ұлағаттың ұйытқысы.

Сұрақ-жауап және «Той бастар»

  1. Қазақ халқында той көп. Қандай тойларды атар едіңіз?
  2. Қазақтың ұлттық тағамдарына нелер жатады?
  3. Қазақтың ұлттық киімдеріне нелер жатады?
  4. Қазақтың ұлттық әшекей бұйымдарына нелер жатады?
  5. Наурыз көже қалай дайындалады?

Сахналық бөлім: әжелерге сыйлық табысталып, «Той бастар» әні орындалады (әжелер тобы).

Дастархан: Наурыз көже және ақ тілектер

Қонақтарды дастархан басына шақырып, Наурыз көжеден дәм татқызу. Үлкендер тілек айтып, бата береді.

Қорытынды ой

Наурыз — бірлік, береке, татулық мейрамы. Әр шаңыраққа құт қонып, жаңа жыл игілік әкелсін.