Өзін - өзі тану пәнінің сабағының жоспарыМұғалім

ӨӨТ

«Өзін-өзі тану» пәні

Сабақ жоспары: еңбекқорлық пен еріншектік

Мұғалім: Қожакеева Г. Ә. Құндылық: Дұрыс әрекет Қасиеттер: еңбекқорлық • тазалық • адалдық • қайырымдылық

Сабақ барысы

Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушылармен амандасу, түгендеу, көңіл күйін сұрау.
  • Сабаққа назар аударту және ортақ ережелерді еске салу.

«5Т» ережесі

Тәртіп Талап Тыныштық Тазалық Татулық

Тыныштық сәті: «Нұрға бөлену»

Ыңғайланып отырыңыздар, денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ-қолыңызды айқастырмаңыз. Қолыңызды тізеңізге немесе үстелге қоюға болады. Көздеріңізді жұмуларыңызды өтінемін.

Елестетіңіз: күн нұры төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай бойлап барады. Кеудеңіздің орта тұсында гүл түйнегі бар. Ол нұрдан баяу ашылып, балғын әрі таза әсем гүлге айналады. Гүл әр ойыңызды, сезіміңізді, эмоцияңыз бен тілегіңізді тазартып, жүрегіңізді ашады.

Нұр бойыңызға тарасын: қолыңыз тек жақсы, ізгі істер істесін; аяқтарыңыз сізді жақсылыққа бастасын; тіліңіз шындық пен ізгі сөзді ғана айтсын; құлағыңыз жақсы сөз бен әсем әуенді естісін; көзіңіз жақсылықты көрсін; ойыңызға нұрлы, мейірімді пікір келсін.

Осы нұрды туыстарыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға бағыттаңыз. Уақытша түсініспей жүрген адамдарға да нұр жіберіңіз. Нұр бүкіл әлемге — адамдарға, жан-жануарларға, өсімдіктерге, барлық тіршілікке тарасын.

Ойша қайталау:

«Мен нұрлымын. Нұр менің ішімде. Мен — Нұрмын.»

Енді осы нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз. Нұрға толы әлем жүрегіңізде сақталсын. Жайлап көзіңізді ашуға болады.

Талқылау сұрақтары

  • Қандай күйде болдыңыздар?
  • Осы тыныштық сәті сіздерге қалай әсер етті?

Үй тапсырмасын тексеру

101-бет: «Еңбекқорлық пен еріншектік» (В. С. Сухомлинский).

  • Еңбексүйгіш пен еріншектің әрекеттері қандай? Ерекшеліктері неде?
  • «Нағыз адамның өткен жылдары өшпейді» дегенді қалай түсінесіңдер?
  • Өзіңді еңбекқормын деп санайсың ба? Неге?

Дәйексөзді талдау

Талқылауға арналған сұрақтар

  1. Еңбек адамға не үшін қажет деп ойлайсыңдар?
  2. Өздерің еңбектің қандай түрлерімен айналысқанды ұнатасыңдар?

Адам, ең бастысы, еңбек етуге — бір іске күш-қуатын, ақыл-ойын жұмсауға ерінбеуі керек. Өйткені жалқаулық адамның өзін де, өмірін де тоздырады. Ал ерінбей еңбек етсең, мақсатыңа, арманыңа жетесің. Арман орындалса, өзіңді бақытты сезінесің.

Жаттау тәртібі

  • 3 рет қайталау;
  • алдымен қыздарға, кейін ұлдарға қайталату;
  • 2–3 оқушыдан жеке сұрау.

Оқиғаны әңгімелеу: «Еңбек жемісі» (Б. Әділ)

Әкесі алты гектар егістік жер алды. Сол-ақ екен, қауырт жұмыс басталды. «Тұр, балам, көктемнің әрбір күні — жылға азық», — деді әкесі. Содан үй іші болып жердің басына келді: әкесі, шешесі, өзі және екі інісі.

Жұмыс қызу жүрді. Сәбіз, картоп, пияз, жүгері, капуста, қауын, қарбыз — екпегендері жоқ. Асан жазғы демалысын атыз басында өткізді, екі інісімен сонда қонып жүрді. Әкесі шағын шатыр құрып берген. Екінші сыныптағы Досан шай дайындаудың шебері еді.

«Биыл өнім жаман болмас», — деді әкесі жайқалған көкөністерге көз салып. «Еңбек етсең, Жер-ана да иіс сала береді». Әкесінің сөзі келді: егін мол өнім берді, әсіресе қауын-қарбыз теңкиіп, көздің жауын алды.

Сауда бақшалықта-ақ қызды: бейтаныс ағалар көлікпен келіп, өздері тиеп әкетті. Әкесі мәз болып, мұртынан күлетін. Оқудан келісімен Асан атызға асығатын — ата-анасына көмектесу керек. Әлі де жиналмаған өнім көп еді, қызанақтар жерге түсіп, ағып жатты.

Бір күні ауыл балалары масақ теруге келді. Олардың ішінде Асанмен бірге төртінші сыныпта оқитын Айкүміс те бар. Екеуі отырып қауын жеді. «Қауының қандай тәтті!» — деді Айкүміс. Асан марқайып қалды. «Тойып же, кешке бес-алты қауын ала кет. Ауыр болса, үйіңе өзім апарып тастайын», — деді. Айкүміс үнсіз ғана әдемі жымиып қойды.

Сол күні әкесі ерекше көңілді болды. «Ертең менімен бірге жүріңдер, базарға апарып, керектеріңді алып берем», — деді үш ұлына. Үй іші жаңа бешпент-шалбарды қайта-қайта киіп көріп әлек. Ал ең кішкентай Досан жаңа велосипедтің дөңгелегіне жел беріп жүр. «Жаз бойғы еңбектеріңнің өтеуі ғой», — деді әкесі әдетінше мұртынан күліп.

Талқылау сұрақтары

  • Еңбек барысында балалардың қандай қасиеттері байқалды?
  • Балалар еңбек нәтижесін қалай көрді?
  • Еңбектің жемісін көргенде сендер қандай сезімде боласыңдар?

Шығармашылық іс-әрекет: топтық жұмыс

Оқушылар үш топқа бөлінеді. Топтық жұмыстың ережесі түсіндіріледі және орындау уақыты белгіленеді.

1-топ

«Еңбектің жемісі»

Өлең құрастыру.

2-топ

Еңбекқор және еріншек бала

Мінездеме беру, салыстыру.

3-топ

«Адал еңбек»

Коллаж жасау.

Қорытындылау

Еңбексүйгіштік, еңбекқорлық және еңбекті бағалай білу адамды құрметке бөлейді. Ақиқатқа көз жеткізіп, әр ісімізді дұрыс әрекетпен орындауға ұмтылайық.

Топпен ән айту: «Болайықшы осындай»

Сөзі мен әні — А. Меңжанованыкі.

Жақсы бала еңбекшіл,
Ер азамат болады.
Қиындықты жеңіп кіл,
Құшағы гүл толады.

Қайырмасы:

Еңбекшіл осындай,
Болайықшы, досым-ай!

Таза бала мұнтаздай,
Сүйсінеді қараған.
Ұқыпты деп бұл қандай,
Жақсы көрер бар адам.

Үй тапсырмасы

105-бет: «Әдемі әже» (Р. Әбілқадырова).

Сабақтың соңғы тыныштық сәті

Баяу әуен қосылады. Көзімізді жұмып, еркін жайғасайық. Енді бүгінгі сабақтан нені түсіндік, қандай жақсы нәрселерді үйрендік, өзімізге нені алдық — соны ойланайық.

Мен осы әсем әрі көрікті әлемді сүйемін. Егер әр әрекетіміз дұрыс болса, жан дүниемізде тыныштық орнайды. Тыныштық — жүрегіңді тыңдау.

Осы ойларды жүрегімізге сақтап, көкейімізге түйіп алайық. Жайлап көздеріңізді ашуға болады.

Тақырып: еңбекқорлық, тазалық, адалдық, қайырымдылық.

Ой өзегі: дұрыс әрекет — күнделікті таңдаудан басталады.