Жасалу жолдарына көңіл аудару

Сабақтың тақырыбы

Қос сөздің жасалу жолдары (ашық сабақ)

Сабақтың мақсаты

1) Білімділік

Оқушылардың қос сөздер туралы түсінігін кеңейту, олардың жасалу жолдары туралы жүйелі мәлімет беру.

2) Дамытушылық

Күрделі сөздер құрамындағы қос сөздерді таныта отырып, олардың жазылу емлесін және жасалу тәсілдерін ажырата білуге бағытталған тапсырмалар орындау. Жұмысты еліміздің Тәуелсіздігі мерекесімен байланыстыра жүргізіп, оқушылардың ой-өрісін дамыту, сөздік қорын молайту, танымдық қабілетін жетілдіру.

3) Тәрбиелік

Оқушыларды зейінді болуға, дұрыс әрі сауатты сөйлеуге, жүйелі ойлауға, ұқыпты жазуға баулу. Өз еліне деген мақтаныш пен сүйіспеншілік сезімін тәрбиелеу.

I. Ұйымдастыру кезеңі

Бүгінгі сабағымыз ерекше өтеді. Мұғалім оқушылардың назарын тарихи даталарға аударып, ой қозғайды:

  • 1991 жыл, 16 желтоқсан — бұл дата нені еске түсіреді?
  • 1986 жыл, 16–18 желтоқсан — бұл оқиғаның мәні қандай?

Талқылау бағыты

Бұл күн — әрі мерекелі, әрі қасіретті. Біз бұл күнге кімдердің ерлігі арқылы жеттік? Сабақта тәуелсіздікке жол ашқан ата-бабаларымыз бен аға-апаларымызды еске алып, олардың рухына тағзым етеміз. Мерекені лайықты қарсы алу үшін әрқайсымыздың да үлесіміз қажет.

II. Өткенді қайталау

Үй жұмысын тексеру

Деңгейлік тапсырмалар тексеріледі. Үш оқушыға карточка бойынша жеке тапсырма беріліп, тақтада орындатылады. Оқушылар асты сызылған сөздерге қатысты ережені айтып, талдау жасайды.

1-карточка

«Желтоқсан көтерілісі» — қазақ халқы тарихындағы ақтаңдақтардың бірі.

2-карточка

Дегенмен, осы оқиғаның ақиқаты әлі күнге дейін толық ашылған жоқ.

3-карточка

Қазақстанның бостандығын меңзеген көтеріліске студент жастар топ-топ болып шықты.

III. Жаңа сабақ

Мәтінмен жұмыс

Интерактивті тақтадағы өлең оқылып, дәптерге көшіріледі:

Мекендеп құз-қияны,
Қыран тасқа қонса да,
Шыңға салар ұяны.
Мұқалмайды тұяғы.

Проблемалық тапсырма

  • Күрделі сөздерді тап.
  • Олардың қалай жасалғанын бақыла.
  • Мағынасын түсіндір.

Ой қорыту

Қос сөздер екі жолмен жасалады: бір сөздің қайталануы және екі түрлі сөздің қосарлануы арқылы.

Дәптердің ортасына: «Қос сөздің жасалу жолдары» деп жазамыз.

IV. Практикалық жұмыс

Өлеңді тарихи оқиғамен байланыстыру

Өлеңдегі «қыран» және «мұқалмайды» сөздерін Желтоқсан оқиғасымен байланыстыруға бола ма?

  • «Қыран» — көтеріліске шыққан қайсар жастардың бейнесі.
  • «Мұқалмайды» — олардың ерлігі ескірмейді, есімдері ұмытылмайды.

1 минут үнсіздік және мәтіннен қос сөздерді табу

Желтоқсан құрбандарын 1 минут үнсіздікпен еске аламыз. Одан кейін төмендегі естелікті оқып, ондағы қос сөздерді тауып, теріп жазамыз және жасалу жолын ауызша түсіндіреміз.

Естелік

Желтоқсан оқиғасының дүбірлеп өткеніне 25 жыл толып отыр. Әйтсе де, сол бір ызғарлы үш күн әлі де көкейден кетер емес. Кейде еске түсе қалса, жүрегіміз лүп-лүп етіп шаншиды. Бұл атышулы оқиға қазақ халқының басына қаншама қайғы-қасірет әкелді. Соның ішінде талай ұл-қызымыздың қаны судай ақты. Қаншама жап-жас қыршын осыншама жазықсыздан жұмыстан немесе оқудан қуылды. Талай-талай боздақтарымыз қайғы-қасіретке душар болып, көбі мүгедек болып қалды. Қаһарман ағаларымыздың ерлігін еске алмау, әрине, біздің ар-намысымызға сыймайды. Олар мәңгі жүрегімізде!

Сұрақ

Халық қаһарманы атанған жастар кімдер? Ләззат, Ербол, Сәбира, Қайрат.

V. Оқулықпен жұмыс

1) 83-бет, 56-жаттығу

  • Қос сөздерді қатыстырып, сөйлемдер құрастырып жазу.
  • Жасалу жолдарына ерекше назар аудару.

2) Ұжыммен жұмыс: 57-жаттығу

Қос сөздерді теріп жазып, олардың жасалуына көңіл бөлеміз:

мөп-мөлдір тап-таза сап-сары мап-майда ап-анық тіп-тік судыр-судыр

VI. Жинақтау және қорыту

Қорытынды сұрақ: қос сөздер қалай жасалады?
Жауап: қайталану және қосарлану арқылы.

VII. Рефлексия

«Поэзия минуты»

Көп нүктенің орнына тиісті қос сөздерді қойып, өлең жолдарын толықтырамыз:

Ызғарлы сол бір күндері,
...-... болып уыздай.
...-... бұлақ суындай,
Алаңға шықты ағалар.

Алаулап жанған жүздері,
...-... болып көздері,
Елім! деп соққан жүрегі,
Тұрды ғой біздің әпкелер.

Тәуелсіз Туын көтерген,
Ағалар мен әпкелер!
Сіздер салған сара жол,
Мәңгіге кетер өмірлік!

VIII. Қорытынды

Сабақ барысында қос сөздердің жасалу жолдары нақты мысалдар арқылы бекітіледі, олардың емлесі мен қызметі пысықталады.

IX. Бағалау

Оқушылардың жауаптары мен жұмыстарын орындау сапасына қарай бағаланады.

Үй тапсырмасы

1-деңгей

58-жаттығу.

2–3 деңгей

56-жаттығу.