Хат сөзіне дыбыстық талдау жасау

Сабақ тақырыбы: «Х» дыбысы мен әрпі

Бұл сабақта оқушылар жаңа дыбыспен танысып, «Х» әрпін анық әрі дұрыс айтуға машықтанады. Сонымен қатар тілдік қорын байытып, ой-өрісін кеңейтуге бағытталған тапсырмалар орындалады.

Негізгі мақсат

Жаңа дыбыспен таныстыру, әріпті анық әрі дұрыс айтуға дағдыландыру.

Дамытушылық мақсат

Балалардың ой-өрісін кеңейту, тіл байлығын арттыру, тапқырлық пен ізденімпаздықты дамыту.

Ұйымдастыру

  • Сабақ түрі: жаңа сабақ
  • Әдіс-тәсілдер: сұрақ-жауап, дыбысты дұрыс айтқызу, пікірлесу
  • Көрнекіліктер: кеспе әріптер, тірек-сызбалар, суреттер, дидактикалық материалдар

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі: «Шаттық шеңбері»

Балалар қол ұстасып шеңбер құрып, көңіл-күйді көтеретін өлең жолдарын айтады:

Арайлап таң атты
Алтын сәуле таратты.
Жарқырайды даламыз,
Қайырлы күн, достарым!
Қайырлы күн, ұстазым!

II. Өткен сабақты пысықтау

Үй тапсырмасы тексеріліп, сурет бойынша әңгіме құрастыру арқылы өткен тақырып қайталанады.

Жұмыс түрі

Сурет бойынша әңгіме құрастыру

Нәтиже

Ойды жүйелеу, сөйлеу дағдысын белсендіру

III. Жаңа сабаққа кіріспе: суретпен жұмыс

Оқушылар суретке қарап, шағын мәтін құрайды. Құрастырылған мәтіндер тыңдалып, ең сәтті сөйлемдер талқыланады.

Үлгі мәтін

Марат қалада тұрады. Ал оның атасы ауылда тұрады. Марат ауылда тұратын атасына хат жазады. Атасы Мараттың хатын алып қуанады.

IV. Жұмбақ арқылы жаңа ұғымды табу

Жаңа дыбысқа байланысты жұмбақ шешіледі:

Аяғы жоқ, қолы жоқ,
Жүрмейтін жолы жоқ.

Жауабы: хат

V. «Х» дыбысы және әрпімен таныстыру

Әріп түрлері

«Х» әрпінің баспа және жазба түрлері көрсетіліп, жазылу ерекшелігі түсіндіріледі.

Дыбыстық талдау («хат»)

  • Х — дауыссыз дыбыс
  • А — дауысты дыбыс
  • Т — дауыссыз дыбыс

VI. Оқулықпен жұмыс: «Х» әрпі бар сөздер

Оқушылар «Х» әрпінен басталатын суреттерді атап, сөздерді оқиды: хат, халат, халба, хабар және т.б.

Сөз басында

Хабар, хор, хат

Сөз ортасында

Шахмат, Ахмет, рахат

Сөз соңында

Ах, шах, пух

Тірек-сызбамен оқу және мағынасын ашу

Төмендегі сөздер оқылады, мағынасы сұралады, кейін буынға бөлініп айтылады (қол шапалақтау арқылы буын саны саналады).

Дәріхана Аспазхана Мейрамхана Ұстахана Дәмхана Емхана Қымызхана Кітапхана

Мысал

Дә-рі-ха-на — 4 буын

Тағы мысалдар

Ем-ха-на, Қы-мыз-ха-на

VII. «Кітапхана» сөзін түсіндіру

Оқушылар «кітапхана» сөзін қалай түсінетінін айтып, өз ойларын ортаға салады.

VIII. «Пікір алу» стратегиясы және сергіту сәті

Сұрақ-жауап

  • Сұрақ: Біздің мектепте кітапхана бар ма?
  • Жауап: Иә, кітапхана бар.
  • Сұрақ: Кітапханада нелер бар?
  • Жауап: Журналдар, газеттер, қызықты кітаптар, ертегі кітаптар.

Мұғалім кітапхана туралы қысқаша мәлімет беріп, оның білім алудағы рөлін түсіндіреді.

Сергіту сәті

Шынығамыз жастай біз,
Жаттығуды бастаймыз.
Бір, екі, үш,
Бір, екі, үш,
Бойымызға жинап күш.
Шынығамыз жастай біз,
Жаттығуды бастаймыз.

IX. Кітап туралы нақыл сөздер

  • Өмірде ең жақын кеңесші — кітап.
  • Кітапсыз үй — жансыз дене.
  • Кітап — ғажап дос.
  • Білім — біздің шамшырағымыз.
  • Кітап — біздің ұстазымыз.
  • Кітап — ақылды қуаттандыратын құрал.

X. Тірек-сызба: «Кітап» ұғымын кеңейту

Оқушылардың зейіні тақтадағы тірек-сызбаға аударылады. «Кітап» сөзінің мағыналық байланыстары талқыланады.

Кітап →

Білгір Кеңесші Білім Ой-қиял Ғалым Ерік Ақылшы Ұстаз

XI. Дәптермен жұмыс: қорытынды және жаңылтпаш

Сабақ қорытындыланып, оқушыларға жаңылтпаш жаттатылады. Белсенді қатысқан балалар мадақталады (жұлдызша тарату).

Жаңылтпаш

Хабиба сөмке көтерген,
Хат-хабарды күнде әкелген.

XII. Үй тапсырмасы

«Х» дыбысына байланысты сөздер тауып, сол сөздермен шағын әңгіме құрастырып келу.