Сендер бәрің

Мерекенің мақсаты мен ұйымдастыру

Мақсаты

Балаларға мерекелік көңіл күй сыйлау; шыршаның әсем безендірілуіне назар аударта отырып, мерекенің басты қонақтары — Аяз ата мен Ақшақарды көтеріңкі көңіл күймен қарсы алу. Биыл кіретін жаңа жыл — мешін жылы екенін айту. Көңілді әрі қызықты ойындар арқылы достық қарым-қатынасты нығайтып, ұжымшылдыққа және бірлікке тәрбиелеу.

Әдісі

  • Сұрақ-жауап
  • Тосын сыйлар

Көрнекіліктер

  • Тақырып жазылған плакат
  • Шарлар, шырша, жаңа жылдық ойыншықтар
  • Залда баяу әуен

Негізгі идея

Бірлік, қуаныш, ортақ ойын мен өнер арқылы балалардың мерекелік әсерін күшейту және жаңа жылды жарқын қарсы алу.

Мерекенің басталуы

Жүргізушінің құттықтауы

Жаңа жылдың таңы неткен арайлы,
Ақ мамыққа бөлеп алды маңайды.
Жаңа жылмен құттықтаймын бәріңді!
Бақыт, шаттық, молшылық әкелсін,
Бәрімізге мына жыл арайлы!

Сиқыршының келуі

Жаңа жыл келді — азаймасын ән мен жыр!
Ел көңілін көтерсін! Құтты болсын жаңа жыл!
Құттықтаймын сіздерді!

Тезірек, тездетіп мұнда жиналыңдар —
Басталады Жаңа жылдық карнавал!
Маска да бар, би де бар — асығыңдар!
Басталады, басталады Жаңа жылдық карнавал!

Карнавалдың иелерін қарсы алыңыздар!

Шыршаның шамын жағу сәті

Жаңа жылдық киім киген балалар залға кіріп, шыршаны айнала жүреді. Сиқыршы шыршаның көңілсіз тұрғанын айтып, сиқырлы таяқтың көмегімен балалардың әдемі сөздері арқылы шамын жағуды ұсынады.

Бәрі (3 рет): Қуант бізді, таңырқат,
Шамдарыңды жарқырат!

Шырша шамы жанады, балалар қуанып қол соғады. Барлығы қол ұстасып, шыршаны айналып ән шырқайды.

Ән: «Шырша»

Шыршаға арналған тақпақтар

Сиқыршы балаларды тақпақ айтуға шақырады. Жүргізуші балалардың өнерлі екенін айтып, шыршаға арналған өлеңдерді кезекпен оқытады.

Бақдәулет

Тамаша, тамаша,
Шыршамыз тұр жараса.
Басында әсем жұлдызы,
Көз тоймайды қараса.

Ару

Әкелсін жыл ырыс-құт,
Әлемде болсын тыныштық.
Ән салайық жаңаша,
Жаңа жылым — тамаша!

Алдияр

Жасыл желек жамылған,
Асыл моншақ тағынған.
Міне, сұлу шыршамыз —
Көптен күтіп сағынған.

Ақбота

Жаңа жыл, жаңа жыл,
Жаңа жылда жаңа жыр.
Жасыл шырша жанында
Билеп жүр барша бала жүр.

Жахангер

Келді міне жаңа жыл,
Қарсы алайық бәріміз.
Күліп-ойнап, би билеп,
Ән салайық бәріміз.

Алуа

Жаңа жылмен шаттанып,
Жаңарады бар дала!
Шырша тойын тойлайды
Дөңгеленіп бар бала!

Би және тосын сый

Сиқыршы балаларды биге шақырады. Қыздар ортадағы қорапты айнала билеп, оны ашқанда ішінен Күлдіргіш шығып, ойыншықтар таратып, бірге билейді.

Би: «Ойыншықтар биі»

Қонақтарды шақыру және көңілді көріністер

Аяз ата мен Ақшақарды шақыру

Жүргізуші балалардан «Жаңа жылда бізге қонаққа кім келеді?» деп сұрайды. Балалар бәрі бірге қонақтарды шақырады.

Бәрі (3 рет): Аяз ата, Аяз ата, Аяз ата!
Ақшақар! Ау-у-у-у!

Күтпеген қонақ: Аю

Осы сәтте залға аю кіріп келеді:

«Мен қысқы ұйқыда болушы едім. Қатты айқай-шу, тасыр-тұсырдан шошып ояндым. Не болып жатыр мұнда? Машаны іздеп жүр едім, көрмедіңдер ме? Осында болар деп келдім».

Жүргізуші балалардан бұл кім екенін сұрайды. Балалар: «Аю!». Бірақ олар аюды емес, Аяз атаны шақырғанын айтып күледі.

Маша келеді

«Керемет! Қандай әдемі шырша! Аю, осындай шырша менің үйімде де болса ғой!»

Аю Машаны тыныштандырып, балаларға кедергі жасамауды өтініп, екеуі залдан шығып кетеді.

Қой жылымен қоштасу

Күлдіргіш балалардан: «Биыл қай жылды шығарып саламыз?» деп сұрайды. Балалар: «Қой жылы!». Ортаға Қой шығып, жылы сөзін айтады.

Бір жыл бойы сендермен
Бірге жүрдім, ойнадым.
Енді міне, балалар,
Кезек келді қоштасар.
Қош сау болыңдар, балалар!

Аяз ата мен Ақшақардың келуі

Қоңырау үнімен шақыру

Қоңырау үні сыңғырла,
Аяз ата, Ақшақар!
Біз сендерді сағындық,
Тез келіңдер ортаға!
Аяз ата, Ақшақар! (3 рет)

Әуенмен бірге шана сүйретіп Аяз ата мен Ақшақар келеді.

Аяз атаның сөзі

Құтты болсын, балалар,
Келген жаңа жылдарың!
Алаңдамай өсіңдер,
Еркелеп қыз-ұлдарым.

Өткен жылы келіп ем,
Бәріңді де көріп ем.
«Жыл өткізіп келем» деп
Уәдемді беріп ем.

Ойларың мен бойларың да
Бірдей өсіп қалдыңдар ма?
Ал, мен кіммін айтыңдаршы,
Мені тани алдыңдар ма?

Балалар: «Аяз ата!»

Ақшақардың таныстыруы

Сәлеметсіңдер ме, балалар! Жаңа жылдарың құтты болсын!

Сүйсіндірер маңайды,
Ақшақармын арайлы.
Жалт-жұлт еткен жүзімнен
Күміс сәуле тарайды.

Ақшақармын аппақпын,
Қалай тыныш жатпақпын?
Менсіз қыстың сәні жоқ —
Әнмін, жырмын, тақпақпын.

Өнер көрсету және сыйлық уәдесі

Аяз ата: «Жаңа жылға арнап кім маған тақпақ айтып, би билеп береді? Кім жақсы өнер көрсетсе, соған сыйлығым бар!»

Аружан

Безендіріп шыршаны,
Жыл қуантты баршаны.
Той-маскарад басталды,
Аяз оны басқарды.

Ерасыл

Өлең де әзір, ән де әзір,
Ойын да әзір — бәрі әзір.
Кел, жаңа жыл, біздерге,
Кел, жаңа жыл, жаңа жыл!

Азамат Н.

Ақшақарға малынып,
Аппақ тонын жамылып.
Сақалы мен мұртына
Күміс моншақ тағынып,
Аяз ата келеді —
Балаларды сағынып.

Айжан

Жаңа жылдың бастауын
Өздеріңмен тойлаймын.
Аман болсын халқымыз,
Арта берсін даңқымыз.

Мырза Әли

Жаңа жылда барлық үйге
Аяз ата келеді.
Жаңа жылда сәбилерге
Сыйлық әкеп береді.

Кел, келе бер! Кел, келе бер!
Аяз ата, келіңіз!
Көп болсын мерекелер,
Көп қызыққа бөленеміз!

Алуа М.

Біздің балабақшада
Шырша тойы болады.
Аяз ата, Ақшақар —
Бізбен бірге мәз болады.

Би: «Джентльмендер» (ұлдар орындауында)

Тосын сәт: мешін жылы

Сыйлық қапшығындағы құпия

Аяз ата сыйлық таратуға кіріскенде, қаптың ішінен мешін шығады. Аяз ата таңырқап, сыйлықтардың қайда екенін сұрайды. Сиқыршы бұл тосын сыйды балалар биыл кіретін жылдың атауын білсін деп жасағанын айтады.

Мешіннің амандасуы

Сәлеметсіздер ме, балалар!
Мен тұрмын қуанып,
Шаттыққа бөленіп.
Бір жыл бойы сіздермен
Дос болайық шаттанып.

Жүргізушінің қорытындысы

Биыл Жаңа жыл — мешін жылы. Балалар мешінге «Қош келдің!» деп хормен айтып, қол шапалақтайды.

Жаңа жылға арналған тақпақтар

Әмина

Жаңа жылым мол болсын,
Басқан қадам оң болсын.
Төрле, төрле, жаңа жыл,
Бізге құтты жыл болсын.

Арман

Жаңа жылды қарсы алып,
Жасаймыз той жылда біз.
Жарқын-жарқын ән салып,
Жалғасады жырға жыр!

Гүлерке

Аппақ, аппақ жапалақтап,
Қар жауады тынбастан.
Қалың орман қар жамылған,
Маужырайды түнгі аспан.

Кел, билейік, үйренейік
Ол келгенше жаңа жыр.
Құтты болсын, құтты болсын,
Құтты болсын Жаңа жыл!

Нұрлан

Тілеймін мен бар әлемге —
Дос көп болсын, Жаңа жыл!
Ата-әже, ата-әже,
Құтты болсын Жаңа жыл!

Балнұр

Жаңа жыл — жаңа қадам, жаңа бағыт,
Болашақ сыйлайтындай жаңа бақыт.
Жақсылықтың белгісі — жаңа уақыт,
Келіп міне жатырмыз, қауқылдасып.

Бірге соғып бар әлемнің сағаттары,
Он екіні күтер қалмай тағаттары.
Ғасырдың он алтыншы жылы келді
Құстай ұшып, қырау шалған қанаттары.

Құтты болсын Жаңа жыл, барша қауым!
Құтқа орансын кең байтақ дархан елім.
Қазақтың пейіліне тарту етсін
Табиғат ашық аспан, таң шапағын!

Би: «Буратино»

Ақшақардың сұрақ-жауабы

Ақшақар балалардың білімін тексеру үшін ойын ұсынады: ол бастайды, балалар хормен аяқтайды.

1. Қарға мүлгіп дала тұр, келе жатыр... Жаңа жыл!

2. Қызыл мұрын, ақ мұртты — білсең атын тез ата, келеді бізге... Аяз ата!

3. Шырша бүгін кәделі! Сендер бәрің... Әдемі!

4. Көңілсіз бір бала жоқ, ойын-күлкі таралсын. Құтты болсын... Жаңа жыл! (3 рет)

Ақшақар

Сендер білімді екенсіңдер. Сұрақтарыма дұрыс жауап бердіңдер. Көп рақмет! Жаңа жылдарың құтты болсын!

Аяз атаға арналған тақпақтар мен көрініс

Мұхаммед

Жаңа жыл, жаңа жыл,
Сені күттім елеңдеп.
Өзіңменен ілесіп
Аяз ата келер деп.

Диана

Жаңа жылда жаңаша
Тақпақ айтамыз.
Болсын риза балаша,
Аппақ Аяз атамыз.

Нұрислам

Қалып едік сағынып,
Күтіп алдық жабылып.
Жолын қойдық жарық қып,
Шыршаларға шам іліп.

Әли

Той, мереке, салтанат
Думандатты шартарап.
Келді міне жаңа жыл
Тартуларын арқалап.

Омар

Аппақ тонға оранып,
Базарлығы мол болып,
Келді алыс сапардан
Аяз ата оралып.

Әділ

Оралдың өлкеме,
Жаңа жыл, армысың!
Оранды ақ көрпеге
Асқар тау, қарлы шың!

Ерлан

Бақша іші — мереке,
Ойын-күлкі, асқақ ән.
Жақсы әпкелер жаңа кеп,
Мерекені бастаған.

Ән: «Аяз ата»

Түлкінің қулығы

Түлкі келіп, Аяз атадан сыйлықты алдымен өзі алғысы келетінін айтады және өлең оқып береді.

Ананы да алдадым,
Мынаны да алдадым.
Мен түлкімін — айлакер,
Аяз ата, сыйлық бер.

Аяз ата түлкіге сыйлық бермейтінін айтып, балалардан ән айтып, би билеуді үйренуге кеңес береді. Түлкі ренжіп, басқа жаққа кетіп қалады.

Би: «Пингвиндер» Ән: «Шырша жыры»

Сыйлық тарату және қоштасу

Сыйлықтарды табыстау

Аяз ата сиқыршыдан сыйлыққа толы қапты әкелуді сұрап, балаларға берген уәдесін орындайды. Аяз ата мен Ақшақар сыйлықтарды таратады.

Балалар: «Аяз ата, Ақшақар, рақмет сіздерге!»

Аяз атаның жылы лебізі

«Жарайсыңдар, балаларым! Бүгін мені қуанттыңдар, алыс жолдан шаршап келгенде көңілімді көтердіңдер. Барлығың да ақылды, білімді, өнерлі екенсіңдер. Киімдерің де қандай әдемі! Сыйлығымызға риза болыңдар. Енді біз жолға шығайық. Сендер өсе беріңдер, өркендей беріңдер. Аспандарың ашық болсын! Қош болыңдар!»

Балалар: «Сау болыңыздар! Рақмет сіздерге!»

Қорытынды

Жүргізуші мерекенің аяқталғанын хабарлайды: «Төрлет бізге, Жаңа жыл!» атты мерекеміз аяқталды. Көріп тамашалағандарыңызға рақмет. Жаңа жыл құтты болсын! Отбасыларыңызға тек бақыт пен қуаныш әкелсін!