Бүгінгі менің ұрпақтарым

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе»: бесіктің бірі — мектеп

Ұлы Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген аталы сөзі ең алдымен ата-ана мен ұстаз қауымына арналғаны анық. Сол «бесіктің» бірі — мектеп екеніне талас жоқ. Сәбиді аялау қаншалықты киелі парыз болса, шәкірт тәрбиесін мойнына алу да сондай жауапкершілік.

Оқушыға тек білім беріп қою жеткіліксіз. Тәрбие мен білім — егіз. Тәрбиесіз білім беруге болмайды, ал тәрбие білім арқылы тереңдейді.

Тәрбие туралы ойлар: Толстой, Әл-Фараби, Руссо

Л. Н. Толстой

«Адамға ең алдымен білім емес, тәрбие беру керек. Тәрбиесіз берілген білім — адамзаттың қас жауы; ол келешекте өмірге апат әкеледі».

Әбунасыр Әл-Фараби

Білім алған баланың болашағына кепіл болатындай ұстаздың жауапкершілігі ерекше екенін ескертеді.

Жан-Жак Руссо

«Бала дүниеге келгенде ақ қағаздай таза. Үстіне қалай шимай салсаң, солай түседі» — яғни, баланың болмысы тәрбие арқылы қалыптасады.

Отбасы мен мектеп: жауапкершілікті бөлісу

«Балаларымызды бағып-қағуда қапымыз жоқ-ақ сияқты, бірақ кейде санымызды соқтырып, сөз келтіреді» деп ренжігендерді жиі естиміз. Абзал тәрбие беруде «әттеген-ай» дейтін сәттер аз емес.

Халық «өнегелі тәлімнен ұятқа қалдырар ұрпақ өспейді» дейді. Бұл — ата-анаға да, мектепке де зор талап. Әр саналы адам баласының бүгіні мен ертеңіне алаңдамай тұра алмайды, өйткені бала — қоғамның ең үлкен мәселелерінің бірі.

Жақсы бала — ортақ қуаныш

Ата-ана да «тәрбиеміз» деп мақтанады, мұғалім де «оқушымыз» деп мерейленеді.

Қиындықта — кінәні аудару емес, шешім табу

Тәртібі немесе үлгерімі төмен бала болса, ата-ана мектепке, мектеп ата-анаға сілтейді. Ал негіз көбіне отбасында қаланады. Сондықтан ата-ананың жауапкершілігін арттырып, оны түсіндіру маңызды.

Абай өсиеті: «Бес дұшпан» және «бес асыл іс»

Абайдың тәрбиелік мұрасы — бүгінгі ұрпақ үшін де өлшем. Ақын жасқа уақыттың қадірін түсіндіріп, білім мен өнер үйренуге шақырады. Жақсы қасиеттер туа бітпейді; олар тәрбие мазмұны мен қолданған әдіс-амалдарға байланысты қалыптасады.

Бес дұшпан

  • Өсек
  • Өтірік
  • Мақтаншақтық
  • Еріншектік
  • Бекер мал шашпақ

Бес асыл іс

  • Талап
  • Еңбек
  • Терең ой
  • Қанағат
  • Рақым

Осы өсиетті бүгінгі XXI ғасыр ұрпағы қаншалықты орындап жүр? Абай мұрасы — құр мәтін емес, мінезге айналатын күнделікті тәртіп.

Білімнің құны: Баласағұн сөзі және бүгінгі талап

«Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деген нақыл бүгінде шындыққа айналып келеді. Жүсіп Баласағұн білімнің адам өміріндегі орнын терең жеткізеді:

Жүсіп Баласағұннан

Жер үстінде адам өмір өткізер,
Бар нәрсеге білім қолды жеткізер.
Бар ізгілік тек білімнен алынар,
Білімменен аспанға жол салынар.

Қазіргі таңда еліміздің дамуы үшін шетелде білім алып, ғылым мен тіл үйреніп жүрген жастар көп. Сонымен қатар, мектеп жасындағы оқушылардың бойынан да имандылық пен мейірімділікті көріп жүрміз.

Қожа Ахмет Иассауи: өмірге керек төрт бағдар

1) Білімге шақыру

«Ғалымдар сөзін естіп, өзіңді біл» — оқуға, ізденуге үндейді.

2) Өтіріктен тыйылу

Жалған сөйлеме, дүние үшін иман мен дінді сатпа; сөзде де, істе де ұстамды бол.

3) Наданмен жолдас болмау

Жақсы мен жаманды ажыратып, адастырмайтын орта таңдауды меңзейді.

4) Мейірім мен қамқорлық

Ғаріпке шапағат ет, қорлама, ашумен сөз қатпа — мейірімділік пен имандылыққа тәрбиелейді.

Тәуелсіз елдің тірегі — білімді ұрпақ

«Тәуелсіз елдің тірегі — білімді ұрпақ» деген ой бүгінгі тәрбие мен білімнің бағыт-бағдарын айқындайды. Заманауи сынып жетекші мен оқушы қандай болуы керек деген сұраққа төмендегі қасиеттер жауап береді.

Оқушы бейнесі

  • С Салмақты
  • О Оқуға ынталы
  • Қ Қабілетті
  • Н Намысшыл
  • У Уәдеде тұратын
  • Ы Ыждаһатты

Сынып жетекші / ұстаз бейнесі

  • Ш Шығармашылық
  • П Парасатты
  • Ж Жан-жақты
  • Е Еңбекқор
  • Т Талапшыл
  • Е Елгезек
  • К Кемеңгер
  • Ш Шығармашыл
  • І Іздемпаз маман

Автор туралы мәлімет

Жамбыл облысы, Меркі ауданы, №28 орта мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі — Тайтелиева Сағаткүл Қадірбековна.