Мұхтар әлеміне саяхат

Сабақ құрылымы

Тақырып пен формат

Сабақтың тақырыбы
Мұхтар әлеміне саяхат
Сабақтың түрі
Виртуалды саяхат
Пәнаралық байланыс
Тарих

Негізгі әдістер мен жабдықталу

  • Мазмұндау, рольдік бейнелеу, тест орындау, ойын, тапсырмалар.
  • М. О. Әуезовтің портреті, трек-сызба, Бөрілі көріністері, фотосуреттер, электрондық оқулық, мультимедиа тақта.

Сабақтың мақсаттары

Білімділік

Қазақтың ұлы жазушысы М. О. Әуезовтің өмірі мен шығармашылығын танып-білу.

Дамытушылық

Мұхтар Омарханұлының өскен ортасы туралы ой қорыта айту, дүниетанымды, ойлау және шығармашылық қабілетті дамыту; көпшілік алдында әдеби тілде еркін сөйлеу дағдыларын қалыптастыру.

Тәрбиелік

Әуезов ұлылығын, шығармаларының тереңдігін сезіндіру; адамгершілікке тәрбиелеу; надандық, зұлымдық, жалқаулық сияқты әлсіз қылықтардан сақтандыру.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Сыныптың назарын сабаққа аудару, бүгінгі виртуалды саяхаттың ережесін қысқаша түсіндіру.

II. Бекіту: компьютерлік тест

Өткен тақырыптар бойынша қысқа компьютерлік тест орындалып, нәтижелер талқыланады.

III. Жаңа тақырып: мультимедиалық таныстырылым

Мультимедиа тақтада М. О. Әуезовтің портреті көрсетіліп, кіріспе сөз айтылады: бүгін біз жазушының өмір жолы мен шығармашылық әлеміне саяхат жасаймыз. Бұл саяхатта бізге 9 «Г» сыныбының «мұхтартанушылары» жетекшілік етеді. Оқушылар жұппен жұмыс істеп, әрқайсысы өз тақырыбы бойынша дайындалған.

Кіріспе поэзиялық жолдар

Өр тұлғасы жаралған жылылыққа,
Есімі жүр әлемде, әр құрылықта.
Ұлы Абайды бар халыққа таныстырған,
Бас иемін Әуезовтей ұлылыққа.

Асқақ ойлы, көркем тіл, сөз зергерін,
Басқаға емес, қазаққа кез бергенін.
Айта алар кім ұлылықпен әлем асқан,
Абай, Мұхтар даналарға тең келгенін.

Түйін ой: М. О. Әуезов — жомарт табиғаттың жарық дүниеге тым сараң сыйлайтын біртуары. XIX ғасырдың асқар белі — Абай болса, XX ғасырдың заңғар биігі — Мұхтар Әуезов.

Дәйексөздер панорамасы

  • «Мұхтар Әуезов — біздің бүгінгі адамзатқа ортақ мәдениет шеруіне қатысуға жолдама алып берген елшіміз.»

    Н. Ә. Назарбаев

  • «Орыс мәдениеті үшін Пушкин қандай болса, шығыс халықтарының мәдениеті үшін Әуезов сондай.»

    Ш. Айтматов

  • «Қазақстан үшін Әуезов — екінші Абай.»

    Николай Погодин

Әуезов әлеміндегі Абай: либретто арқылы тану

Абай мен Мұхтардың рухани сабақтастығы

Ұлы Абайдай алыпты,
Қазақ деген халықты,
Таныстырып бар елге,
Абайды бізге танытты.

Адамдық пен надандық,
Жақсылық пен жамандық —
Суреттердің бәрін де
Оқып, содан нәр алдық.

Аталса Абай есімі,
Әуезов түсер есіме.
Абай — Мұхтар қос есім,
Киелі болған өзіме.

«Абай» трагедиясы және негізгі тартыс

Мұғалім түсіндірмесі: 1939 жылы «Абай» трагедиясын Мұхтар Әуезов Леонид Соболевпен бірге жазады. Басты кейіпкерлер — Абай, Айдар, Ажар.

Бай ауылдың қалыңдығы Ажардың дәстүрді бұзып, кедей жігіт Айдарды сүюі феодалдық ұғым бойынша «сұмдық оқиға» саналады. Осы шиеленіске Абай батыл араласып, жастардың еркіндігін, бақытын қорғауға ұмтылады.

Қарсы тарап

Тәкежан, Оразбай, Жиренше — қатып қалған әдет-ғұрып үшін күреседі.

Абай ұстанымы

Абай және тілектестері — адам еркіндігі мен бақытын жақтайды.

Дәлелден тарыққан шонжарлар Айдарға у беріп өлтіреді. Абай бұл тартысқа өз басының қамы үшін емес, жаңашыл жас ұрпақты қорғау, ел болашағына жаңа көзқарастағы адам тәрбиелеу үшін қатысады.

Шығарманың «Еңлік — Кебек» драмасымен үндестігі — қос жастың қыршын кетуі.

Операға жол: музыка және мәтін

1940 жылы композитор Ахмет Жұбанов Әуезовтің «Абай» пьесасына музыка жазады. Бұл жұмыс «Абай» операсының жазылуына түрткі болады. Операны Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамиди бірлесіп жазған.

«Абай» — қазақ опера өнеріндегі іргелі туынды. Онда ұлы ағартушы Абай Құнанбаевтың феодалдық әдет-ғұрыпқа қарсы гуманистік бейнесі сомдалады. Операда Абайдың өз өлеңдері де орындалады.

Операда кездесетін өлеңдер

  • «Айттым сәлем, Қаламқас», «Сегізаяқ» (операда Айдар орындайды)
  • «Көзімнің қарасы», «Ұзын қайың», «Ата-анаға көз қуаныш»

Опера Абайдың 100 жылдығына арналып, премьерасы 1944 жылғы 24 желтоқсанда өтеді. Алғашқы қойылымнан кейін театрға Абай есімі беріледі. Либреттоның екінші редакциясы 1957 жылы жазылған.

Терминдер

Опера
Әнмен айтылатын оқиға, музыкалық драма.
Либретто
Операның мәтіні, сөздік негізі.

Негізгі ой және қосымша мағына

Негізгі ой

Жастардың басына әперілген азаттық.

Қосымша мағынасы

  • Абайдың феодалдық ұғымдарға қарсы күресі.
  • Адамгершілікке үндеу.
  • Надандықпен, сатқындықпен күрес.
  • Қандай жағдайда да махаббаттың жеңісі идеясы.

Сыныппен жұмыс

Оқулықтың 104-бетін ашып, мәтінмен жұмыс жүргізіледі.

Сөздік жұмысы

«Әзімнің ісіне балама табу» тапсырмасы орындалады: ажал, қастық.

Пікір кеңейту

Әлем әдебиетіндегі ұлы махаббат сюжеттерімен салыстыру: «Ромео мен Джульетта», «Тристан мен Изольда» және т.б.

Айдардың монологы (үзінді)

О, махаббат! Сен әлі тірі ме едің?
Көзімнен ғайып болған күнім едің, гүлім едің.
О, махаббат! Сен әлі тірі ме едің? Тірі ме едің?
Мен де енді тірілемін, ақ періште алдына жүгінемін.
Қолдай гөр, ғашықтардың пірі, мені!

Айдар мен Ажар махаббатына бір сәт тағзым ету — сабақтың эмоциялық түйіні.

Қорытынды және рефлексия

Сабақты қорытындылау

Бүгін біз Әуезов әлеміне виртуалды саяхат жасадық. Оқушылар тыңғылықты дайындалып, әрқайсысы өз үлесін қосты. Енді естігеніміз бен білгенімізді жүйелеу үшін «миға шабуыл» ұйымдастырылады.

«Миға шабуыл» (3 минут)

«Әуезов туралы не ұқтыңдар? Естеріңде не қалды?» — тақтадағы ассоциациялық сызбаға қысқа тірек сөздер түрінде жазу.

Үй тапсырмасы

  • Өткен тақырыптарды қайталау.
  • «Абай» либреттосындағы ұнамды кейіпкерлерге арналған галерея (сурет/постер) дайындау.

Сабақтан қалған ой: Әуезов тұлғасы — ұлттық руханияттың тұтас бір кеңістігі; ал сол кеңістіктің өзегінде — Абай мұрасы мен адам еркіндігін қорғау идеясы.