Жас берен

Сабақтың тақырыбы

«Алпамыс батыр» жыры

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Жырдың мазмұнын ашу, композициялық құрылысын және көркемдік ерекшелігін талдау. Жырдың мазмұны мен идеясын меңгерте отырып, Алпамыс бейнесін сыни тұрғыда жан-жақты ашу. Алпамыстың халықтың алып қуатының, қажымас қайратының, сарқылмас күшінің көрінісі екенін дәлелдеу.

Дамытушылық

Алпамыс бейнесіне тән қасиеттерді саралап, талдата отырып, оқушылардың сын тұрғысынан ойлауын дамыту. Көркем сөйлеу мен көркем жазу дағдыларын жетілдіру, шығармашылық әлеуетін арттыру.

Тәрбиелік

Оқушыларды адамгершілікке және батырлыққа тән қасиеттерге баулу. Өз Отанын, туған елін сүюге әрі құрметтеуге тәрбиелеу.

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Сабақтың түрі

Бекіту сабағы

Сабақтың әдістері

  • зерттеу
  • талдау
  • ой қозғау
  • мәнерлеп оқу
  • салыстыру
  • сұрақ-жауап

Көрнекіліктер

  • интерактивті тақта
  • батыр бейнесі
  • деректі фильм
  • сөзжұмбақ

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  1. Сәлемдесу.
  2. Оқушыларды топқа бөлу.

I топ

Аймира, Альбина, Олжас, Берекет, Индира, Арнұр.

II топ

Альбина, Альфия, Ернар, Ұлтай, Ақжол, Есбол.

III топ

Айымгүл, Айнұр, Серікбол, Үміт, Абай, Аят.

II. Жаңа сабақ: ой қозғау

«Ердің бағын ашпаса, ер мұратқа жетер ме?!
Ерінің сағын сындырса, ел мұратқа жетер ме?!»

— Әйтеке би

Әйтеке би айтқандай, елін-жерін жаудан қорғап, халқына бостандық пен бірлік сыйлаған батырлардың бірі — Алпамыс. Осы сабақта «Алпамыс батыр» жырының тақырыбы мен идеясын айқындап, басты бейнеге талдау жасаймыз.

Тақырыбы

Ерлік, батырлық, Отанды қорғау.

Идеясы

Өз елін жаудан қорғау арқылы Алпамыстың қаһармандық бейнесін ашу.

Қызығушылықты ояту

Деректі фильмнен үзінді көрсету.

III. Жырмен жұмыс: үзінділер мен талдау

I топ: композициялық талдау

Басталуы
Байбөрінің қайғысы.
Дамуы
Алпамыстың, кейін Қарлығаштың дүниеге келуі.
Шиеленісуі
Алпамыстың сүйген жары Гүлбаршынды іздеп барып, оны еліне алып келуі.
Шарықтау шегі
Елін шапқан қалмақ ханы Тайшыққа қарсы жорыққа аттануы.
Шешімі
Жеті жылдан соң еліне оралып, Ұлтанның көзін жойып, азып-тозған елін мақсат-мұратына жеткізуі.

II топ: көркемдік ерекшеліктер

Теңеу

«Кепедей, төбедей, ошақтай, пышақтай, зындандай, жыландай…»

Эпитет

«Қанды жас», «жас берен», «көк даңғыл».

Гипербола

«Ауыздықпен алысып, ұшқан құспен жарысып… Бір күн шапса Шұбар ат айлық жер алып береді.»

Аллитерация, ассонанс

Дыбыстық қайталаулар арқылы екпін мен эмоциялық әсерді күшейту.

III топ: сөздікпен жұмыс

Тірсек
Жан-жануардың артқы аяғы мен адамның аяғының бүгіліп-жазылуына қажетті сіңір; қылтаның жоғарғы тұсы.
Телі
Тентек, есірік, содыр-сотқар.
Әулиеге түнеді
Қадірлі, қасиетті орынға түнеп, тілегін тілеп, әулиеге табыну.
Әзірет
Дінбасы, молда, ғұлама.
Аса
Хан, би, қожа сияқты дәрежелі адамдар ұстайтын ерекше таяқ.
Машайық
Ақылды адам, абыз.
Сәруар
Қожа, ие, пір.
Берен
Өжет, өткір.
Қабынды
Желігу, желпіну.

IV. Кейіпкерлер әлемі

Талдауда әр топ мақал-мәтелмен бастап, «Қандай?» сұрағына жауап береді және жырдан дәлел болатын үзіндіні тауып, мәнерлеп оқиды.

I топ: Дос бейнесі

Достары: Алпамыс, Байбөрі.

Алпамыс — досқа берік, жауға мейірімсіз. Батырға тән қасиеттері: текті, жаудан сескенбейтін, қорықпайтын, қалың дұшпанға қарсы шабатын, намыс пен арды жоғары қоятын, еліне қамқор, «отқа салса күймейтін, оқ өтпейтін, қылыш кеспейтін» қаһарман.

Үзінді

Ауызына қарадым — сұлуыды таңдап сүйгендей, Келбетіне қарадым — қамқаны таңдап кигендей. Қабағы қалың сол бала, Шұбар ат мініп келеді, Сол Шұбардың дүбірі Құлағыма келеді… Жейделі байсын жерінен, Қоңырат деген елінен Алпамыс атты жас берен Атқа мінген бола ма?! Алдынан шығып сол ердің Жылқысын берсем бола ма?! Жылқысының кегіне — Қызымды берсем бола ма?! Ер баласы ер еді — Кегін алмай қояр ма?!

II топ: Сұлулық пен адалдық

Бейнелер: Гүлбаршын, Аналық, Қарлығаш, Қаракөз.

Гүлбаршын — «жақсы әйел — жігітке біткен бақ». Ол тек сұлу қыз емес; салт-дәстүр мен сертке берік, адамдық ар-намыс жолынан айнымайтын адал жар. Көрікті, ақылды, өр мінезді қазақ қызының жинақталған үлгісі.

Үзінді

Гүлбаршын сонда сөйлейді, Сөйлегенде бүй деді: Етегім бе, жеңім бе, Өлең менің теңім бе, Айналайын, құдай-ау, Осы менің бегім бе? Құдай салсын аузыма, Бегім келсін қасыма. Айналайын, құдай-ау, Жалғызымның даусы ма? Көрінеді осы адам От жалын болып көзіме. Айналайын, құдай-ау, Осы тұрған диуана Жалғызымның өзі ме?!

III топ: Жаудың сипаты

Жаулар: Ұлтан, Тайшық хан.

Ұлтан — «жау жоқ деме, жар астында». Ол шын мәніндегі құл емес: Алпамыстың немере ағасынан тараған, Құлтайдан туған. Алайда өсе келе ел қамқоршысы болудың орнына өз үстемдігін көздейтін, зорлықшыл әрі мейірімсіз тұлғаға айналады.

Үзінді

Бір түрлі болды нұсқасы… Кеудесі болды кепедей, Мұрны болды төбедей. Көзі терең зындандай, Аузы үлкен ошақтай, Азу тісі пышақтай… Малда, жанда нең бар деп, Намаздыгер болғанша Жолатпай қойды үйіне… Есіткен адам зар жылар, Жыландай заһар тіліне…

V. Қорытынды және талқылау сұрақтары

«Алпамыс батыр» неге эпостық жыр (қаһармандық эпос) деп аталады?

Батырлар жыры — халық өмірінің тұтас бір дәуірін жан-жақты қамтып, сол кезеңдегі батырлардың сыртқы жауларға қарсы ерлік күресін, ел ішіндегі әлеуметтік қайшылықтар мен тартыстарды бейнелейтін мұра. «Алпамыс батыр» — осындай қаһармандық эпостың көрнекті үлгісі.

Жырдың тақырыбы халық арманымен қалай байланысады?

Алпамыстың «отқа салса күймейтін, оқ өтпейтін, қылыш кеспейтін» болып суреттелуі — халықтың жойылмайтын үміті мен арманынан туған. Ел іргесін берік ұстайтын, әділетті қорғайтын перзентке деген аңсар осы бейне арқылы көрінеді.

Жырдың тәрбиелік мәні бар ма?

Иә. Батырлар жырында қаһарман бұзылған тәртіпті қалпына келтіруші тұлға ретінде көрінеді: жауды жеңіп, әділеттілікті асқақтатып, елге береке орнатады. Оқиғаның тоймен аяқталуы — халық ұғымындағы «жамандықты жақсылық, жауыздықты қайырымдылық, зорлықты әділдік жеңеді» деген сенімнің көрінісі.

VI. Кері байланыс

Оқушыларға парақша таратылып, жауап жазылады және оқылады:

  • Не білемін?

    Бастапқы білім мен түсініктер.

  • Не білдім?

    Сабақта меңгерген негізгі ойлар.

  • Не білгім келеді?

    Келесі қадамға арналған сұрақтар.

VII. Үй тапсырмасы және бағалау

Үй тапсырмасы

«Батыр туса — ел ырысы» тақырыбында шығарма жазу.

Бағалау

Оқушылардың білімін «Алпамыс батыр» бейнеленген төсбелгілер арқылы бағалау.