Соңғы тыныштық

Құндылық: Ақиқат Құндылық: Сүйіспеншілік Тақырып: Ұқыпты бала — әдепті бала

Қасиеттер

  • мейірімділік
  • қайырымдылық
  • ізгілік
  • таза ниет
  • адал еңбек

Сабақтың мақсаты

Балаларға әдептілік, сыпайылық және адамгершілік қасиеттер туралы түсінік беру.

Міндеттері

  • ұқыптылық пен жинақылықтың мәнін түсіндіру
  • сыпайы қарым-қатынас дағдыларын дамыту
  • ұқыптылыққа, жинақылыққа және әдептілікке тәрбиелеу

Ресурстар

Құралдар, суреттер, тақырыпқа арналған көрнекіліктер, оқулық, дәптер.

Сабақ барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

Балалармен жылы амандасып, сабаққа көңіл күйін бағыттау. Шаттық шеңберінде бір-бірімізге жылы жүрекпен жақсы тілек айту.

2) Тыныштық сәті: «Нұрға бөлену»

Жайлы әуен
  • ыңғайланып отыру
  • қолды тізеге немесе үстел үстіне қою
  • аяқты айқастырмау
  • арқаны тік ұстау
  • жайлы әуен тыңдау

3) Өлеңмен кіріспе

Балалар Ертай Ашықбаевтың «Мен өсемін» өлеңін бірге айтады.

Ертай Ашықбаев — «Мен өсемін»

Мен өсемін, өсемін,

Жасыма жас қосылып.

Інімнің де төсегін

Жинап берем — осыны ұқ.

Бұзауды да бағамын.

Айран керек, сүт керек,

Дейді әжем: «Қарағым,

Сенен соны күткен ек».

Баламын ғой мен деген,

Керек ойын-сауық та,

Бірақ қазір жем берем

Қаз, үйрек пен тауыққа.

Қызықсам да жиі мен

Шуылына көшенің,

Көмектесем үйіме —

Мен осылай өсемін.

Одан кейін балалар өз орындарына жайғасады. Өткен сабақта жылы жүрек пен жақсы тілектің адамды бақытты ететіні айтылған. Бүгінгі әңгіме — ұқыптылық туралы.

4) Дәйексөз

«Ұқыптының уақыты мол».

Ұқыпты бала өз жұмыстарын уақытында орындайды. Сондықтан ол оқуына да, үй шаруасына да, демалысқа да үлгеріп, жақындарының көңілін көтеруге уақыт табады.

Ұқыпсыздықтан арылу үшін істі кейінге қалдырмай, оқу құралын, киімді таза ұстап, әдеппен сөйлеп, әдеппен тамақтануға дағдылану маңызды. Ең бастысы — өз уақытыңды да, өзгенің уақытын да қадірлеу.

Дәйексөздің мағынасы түсіндіріліп, оқушыларға хормен, кейін ұлдарға және қыздарға жеке-жеке айтқызылады.

5) Әңгімелесу сұрақтары

Ұқыпты болу дегенді қалай түсінесіңдер?

Ұқыптылық не үшін керек?

Әдептілік дегенді қалай түсінесіңдер?

6) Мәтінмен жұмыс: «Ұқыптылық»

Мәтін оқылып, мазмұны талқыланады. Төмендегі сұрақтар арқылы ой тереңдетіледі:

  • Асыланның ұқыптылығын неден байқауға болады?
  • Жомарт неліктен қорыққа бармай қалды?
  • «Ұқыптының уақыты мол» дегенді қалай түсінесіңдер?

7) Тапсырма: мақал-мәтелдер мен жаңылтпаш

Оқулықтағы көп нүктенің орнына «ұқыпты» және «ұқыпсыз» сөздерін қойып, мәтінді дұрыс, мәнерлеп оқу. Мағынасын түсініп, жаттап, өмірде қолдануға үйрену.

Мақалдар

  1. ......ның тоны тозбас, ......дың ісі оңбас.
  2. ......тылық — істің көркі.

Жаңылтпаш

...... бала — кітапты түптеп тастады.

...... бала — кітапты бүктеп тастады.

Жұмысын басқаға жүктеп тастады.

8) Жаттығу: ойлану (топтық жұмыс)

Балалар үш топқа бөлінеді. Әр топ ұқыпсыздықтан арылудың жолдары туралы ойланылып, ұсыныстарын қағазға түсіреді. Мұғалім бағыт береді, қорытындылайды.

9) Шығармашылық жұмыс: сахналау

Топтар көшеде, көлікте, жол үстінде және табиғат аясында өзін-өзі ұстау ережелерін сахналап көрсетеді. Соңында әр топ өз ойларын қысқаша жазып ұсынады.

10) Топпен ән айту: Өтебай Тұрманжанов — «Ана өсиеті»

Ана айтты бір өсиет баласына,

Бір жолдың шығарсың сан саласына.

Ей, балам, шамаң келсе жақсылық ек,

Ақ пейіл адамзаттың арасына.

Егер де жол үстінде тікен жатса,

Кірер деп аяғына біреу басса,

Ерінбей-ақ иіліп қолыңменен,

Сол тікенді көтеріп алып таста.

Бұл еңбегің қалмасты босқа, бекер,

Соны көрген соңғы жас солай етер.

Жақсы үлгіні жалпы дәстүр жасап,

Жол тазарып, жолаушы жолдан өтер.

11) Үй тапсырмасы

«Ұқыпты бала» және «ұқыпсыз бала» туралы өз ойларын кесте түрінде дәптерге жазу (дәптермен жұмыс).

12) Соңғы тыныштық сәті

Жай әуен қойылады. Көзді жұмып, бүгінгі сабақтың сәттерін елестету: сабақ ұнады ма, қандай ой түйдің, өзіңе қандай шешім қабылдадың? Қысқаша тұжырым жасау.