Сабақтың барысы. Ақша қар
Сабақ туралы қысқаша мәлімет
Сабақтың тақырыбы
«Ақша қар» (Зейнолла Шүкіров)
Сабақтың түрі
Жаңа материалды меңгерту сабағы.
Әдіс-тәсілдер
- сұрақ-жауап
- түсіндіру
- әңгімелеу
- сыни тұрғыдан ойлау стратегиялары
Көрнекіліктер мен құралдар
- тақырыптық суреттер
- ақынның портреті
- қағаздан қиылған «қар қиыршықтары»
- интерактивті тақта
Сабақтың мақсаты
Білімділік
Өлеңді мәнерлеп, жатқа оқуға дағдыландыру; қыс мезгілінің ерекшеліктерін әңгімелеу.
Дамытушылық
Оқушылардың көркем сөйлеуін, өз ойын нақты жеткізу дағдыларын жетілдіру; сөздік қорын молайту.
Тәрбиелілік
Табиғатты қорғауға және сүюге тәрбиелеу.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Оқу құралдарын түгендеу, оқушыларды сабаққа дайындау.
- Психологиялық дайындық.
Ана тілің — арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте!— Қадыр Мырза Әли
Осы жолдарды негізге алып, ана тілі сабағын бастаймыз.
II. Үй тапсырмасын тексеру
Ауызша сұрақтар
- Мағжан Жұмабаев кім?
- «Балапан қанат қақты» әңгімесін оқып келу.
- Әңгімені мазмұндау және өз бетінше аяқтау (3–4 оқушының шығармашылық жұмысын тыңдау).
Білімді тиянақтау: тест
-
1) Жылдың қай мезгіліне байланысты шығармалармен танысып жатырмыз?
а) Күз ә) Қыс б) Желтоқсан
-
2) Қыс айларын ата.
а) қыркүйек, желтоқсан, қазан ә) желтоқсан, қаңтар, ақпан б) қаңтар, наурыз, мамыр
-
3) Қазір қай ай?
а) қараша ә) желтоқсан б) қыс
-
4) Мағжан Жұмабаевтың қандай шығармасымен таныстық?
а) «Қыс» ә) «Балапан қанат қақты» б) «Ақша қар»
-
5) Балапан жылы жаққа неге жете алмады?
а) Анасынан айырылып қалды. ә) Қанаты қатып, жете алмады. б) Суыққа тоңған соң.
-
6) Балапанның халі сендерде қандай көңіл күй туғызды?
а) Қорқыныш ә) Аяушылық б) Мейірім
Бүгінгі сабақ та қыс мезгіліне қатысты тақырыпқа арналады.
III. Жаңа тақырыпты түсіндіру
1) Қызығушылықты ояту
Ой ашар: жұмбақ
Қанттай ақ,
Мамықтай ұлпа.
Қыста жер бетін басады,
Жазда сайға қашады.
Жауабы: қар.
Жаңылтпаш
Қырбық қар құрғақ па,
Сұр қар құрғақ па?
Қырбық қар да құрғақ,
Құрғақ қар да құрғақ.
Үстінде ойнама,
Үстіңді былғар.
Жаңылтпаш арқылы қардың түрлерін ажыратамыз: сұр қар, кір қар, қырбық қар, құрғақ қар.
Сергіту сәті (қысқа қимыл-қозғалыс жаттығулары).
2) Мағынаны тану
Сынып жұмысы
Күні: желтоқсанның оны
Тақырып: «Ақша қар»
Автор: Зейнолла Шүкіров
Автор туралы
Зейнолла Шүкіров (1927–1979) — Қызылорда облысы, Арал ауданындағы Бөген қыстағында дүниеге келген ақын-жазушы. Бастауыш білімнен кейін ауыр науқасқа шалдығып, төсекке таңылса да, қайсарлық танытып өздігінен білім алды. Бар ғұмырын қаламға арнап, өмірінің соңына дейін жазушылық жолынан таймай, ондаған кітап ұсынды.
Мәтінмен жұмыс
- Өлеңді мұғалімнің мәнерлеп оқуы.
- Оқушылардың іштей оқуы; түсініксіз сөздерді белгілеу және мағынасын ашу.
- Өлеңді дауыстап, мәнерлеп оқу.
- Сұрақтарға жауап беру, тақтада кластер жасау.
Кластер: «Қар қандай?»
- Ақ мамықтай
- Ақ жібектей
- Ақ тауықтың жүніндей
- Ақ көрпедей
- Ақ қанатты көбелектей
Суретпен жұмыс
- Қандай қар жауып тұр?
- Тау-тас, сай-сала нені жамылған?
- Ауылдың көрінісі қандай?
«Бес жолды өлең» үлгісі
1) Не? — Қар
2) Қандай? — Ақ, суық
3) Не істеді? — Жайды, еріді, ұшқындады
4) Қар биыл қалың жауды
5) Табиғат
Топтық тапсырма: топтастыру
I қатар
Қысқы ойын түрлері
II қатар
Қысқы табиғат
III қатар
Қысқы киімдер
IV қатар
Қыстағы адам еңбегі
Қорытындылау
Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,
Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.
Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,
Басқан жерін сықырлап келіп қалды.
Қыстағы мерекелер
- 1 желтоқсан — Тұңғыш Президент күні
- 16 желтоқсан — Тәуелсіздік күні
- 1 қаңтар — Жаңа жыл
Үй тапсырмасы және бағалау
Үйге тапсырма
- «Ақша қар» өлеңін жаттау.
- Өлең мазмұны бойынша сурет салу.
Бағалау
Оқушылардың жұмысы қағаздан қиылған «қар қиыршықтары» арқылы бағаланады:
Ақ қар
5
Көк қар
4