Абай шығармашылығы туралы оқушыларды іздендіру
Тәрбие сағаты туралы мәлімет
Қарағанды қаласы №101 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ахметова Гүлденсін Елубаевна ұйымдастырған тәрбие сағатының тақырыбы — «Абай шығармашылығы».
Мақсаты
- Оқушыларды Абай мұрасын зерттеуге, ізденуге бағыттау.
- Парасаттылықты, сөз құдіретін және көркемсөздің мәнін бойға сіңіру.
- Ұрпақ бойынан шешен, тапқыр сөйлеу мәдениетін қалыптастыру.
- Ұлы тұлғаларды құрметтеу арқылы оқушы санасында мақтаныш сезімін ояту.
Көрнекіліктер
Интербелсенді тақта арқылы аудио-бейнежазбалар мен презентация көрсетілді. Сонымен қатар «Абайдың дүниеге келуі» тақырыбындағы бейнефильм ұсынылды.
Көрініс: Абайдың дүниеге келуі
Айша
Иә, алып тұлғалы, қазақтың біртуар ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы осылайша дүниеге келген екен.
Альфара
Абай өмірі мен шығармашылық жолын хронологиялық кесте арқылы қарастырайық.
-
1845 жыл, 10 тамыз
Шыңғыс тауының баурайында дүниеге келді. Анасы Ұлжан мен Айғыздың тәрбиесінде Телғара атанып өсті.
-
1855–1857 жылдар
Ауыл молдасынан сауат ашты. 9 жасында «Кім екен деп келіп ем, түйе қуған…» деген алғашқы мысқыл өлеңін шығарды.
-
1857–1859 жылдар
Семей қаласындағы Ахмет Риза медресесінде білім алды. Қосымша түрде үш ай орыс мектебінде (приходская школа) оқыды. Араб, парсы, түркі тілдеріндегі шығыс ақындарының еңбектерімен танысты.
-
1870 жыл
Семейде Лев Толстойдың кітабын сұраған сәтінде Е. П. Михаэлиспен танысты.
-
1876–1878 жылдар
Қоңыр Көкше елінде үш жыл болыс болды. Үш сайлауда інісі Ысқақты, екі сайлауда Оспанды, бір сайлауда Шәкәрімді болыстыққа сайлауға ықпал етті. 28 жастағы Абайдың үстінен күндес топтар жоғарыға өтірік арыз-шағымдар жазды. Үзікбай Бөрібаевтың жалған арызы негізінде Семей ұлықтары тергеу ісін қозғады.
-
1877–1878 жылдар; 1884 жыл
Абай 12 іс бойынша тергеліп, Семейде 3–4 ай жатады. 1884 жылы 700 адам куәлік беріп, Абай ақталып, қылмыстық іс жабылды.
-
1880 жыл
Михаэлис арқылы Н. И. Долгополов, С. С. Гросс, П. Д. Лобанский, Н. Коншин сияқты орыс демократтарымен танысты.
-
1889 жыл
25-ке жуық өлең жазды. Сол жылы «Күлембайға», «Жаз» өлеңдері Омбыдағы «Дала уалаяты» газетінде Көкбайдың атымен жарияланды.
-
1890–1898 жылдар
«Қара сөздерін» жазды.
-
1891 жыл
Інісі Оспан қайтыс болғаннан кейін мұңды өлеңдер жаза бастады.
-
1895 жыл
Баласы Әбдірахман 27 жасында дүниеден өтті.
-
1898 жыл
Бала күнгі досының ұйымдастыруымен ру басылары Абайды соққыға жығып, дүниесін тонады.
-
1899 жыл
Өлеңдерінің саны арта түсті. (Сабақта Абай шежіресінің сызбасы тақтадан көрсетілді.)
Әлішер
Кеңес өкіметі тұсында Абайдың әкесі Құнанбай туралы теріс пікірлер қалыптасты. Оны елді қанап, қиянат көрсеткен «шынжыр балақ, шұбар төс шонжар» ретінде бейнелеу жиі кездескен.
Алайда шын мәнінде Құнанбай — белгілі ру басы, ел құрметіне бөленген, көпке танылған, адал әрі шешен адам болған. Поляк революционері Янушкевич өз жазбаларында оның іскерлігі мен адамгершілігіне сүйсініп, шешендігі мен тапқырлығын батыстың белгілі ойшылдарымен қатар қояды. Тиісті білім алса, олардан да асып түсер еді деп бағалайды.
Перизат
Құнанбай қажы — ел жадында ұзақ сақталатын асыл тұлғалардың бірі. Ал Абай — сол асылдың тот баспайтын сынығы.
Әжесі сүйікті немересі Абайға ұзақ кеш бойы ән-жыр, ертегі айтып беріп отыратын. Анасы Ұлжан Абай үшін елге танымал әнші-жыршыларды әдейі шақыртып, бірнеше күн қонақ етіп, өнерін тыңдатып, кейін үлкен сый-құрметпен шығарып салатын.
Осылайша Абай жастайынан туған халқының рухани байлығынан мол сусындап өсті.
Руслан
Өмірінің көпшілігін далада өткізген көшпелі елдің баласы Абайға қоршаған табиғаттың әсері ерекше болды. Туған жердің әсем көрінісі сезімтал жастың ақын болып қалыптасуына елеулі ықпал етті.
Абай табиғат, қоғам және адам өмірі бір-бірімен тығыз байланысты екенін жастайынан сезінді. Бұл сезім оның табиғатқа деген сүйіспеншілігін тәрбиелеп, кейін шығармаларында туған жер табиғатын да, халық болмысын да шынайы бейнелеуіне жол ашты.
Бала Абай діни оқумен шектелмей, білімін өз бетінше тереңдетуге ұмтылды.