Қазақ қарт

Сабақтың өту әдісі

Сабақ баяндау, сұрақ-жауап, топтау, ой жинақтау, көрнекіліктермен жұмыс және талдау әдістері арқылы өткізіледі.

Пәнаралық байланыс

  • Тарих
  • Қазақ тілі
  • География
  • Өлкетану

Сабақтың мақсаттары

Білімділік
Жерлес ақиық ақынымыздың өмірі мен шығармашылық жолы туралы мағлұмат беру.
Дамытушылық
Тіл байлығын, шығармашылық қабілетті және ізденімпаздық деңгейін дамыту; туған жерді қадірлеп, сүюге жұмылдыру.
Тәрбиелік
Сабақты халықтық педагогикамен ұштастыра отырып, Абай айтқан “толық адам” тәрбиесіне бағыттау; ар-намысты жоғары қоятын тұлға қалыптастыру.

Сабақтың құрылымы

  1. I Ұйымдастыру бөлімі
  2. II Үй тапсырмасын тексеру
  3. III Жаңа сабақты түсіндіру
  4. IV Қорытындылау

Ой қозғау: ар, ұят, ынсап

Сабыр, сақтық, ой, талап болмаған жан —

Анық төмен болмай ма хайуаннан?

Ынсап, рақым, ар, ұят табылмаса,

Өлген артық дүниені былғағаннан.

Шәкәрім Құдайбердиев

Ынсап-ұят, ар-намыс, сабыр, талап —

Бұларды керек қылмас ешкім қалап.

Терең ой, терең ғылым іздемейді,

Өтірік пен өсекті жүндей сабап.

Абай Құнанбаев

Сұрақтар

  • Ар, ұят, намыс, ождан ұғымдарын қалай түсінесіздер?
  • Ар мен ұят туралы мақал-мәтелдер мен нақыл сөздер айта аласыздар ма?

Ар мен ұят туралы мақал-мәтелдер

  • 1. Әрлі болғанша, арлы бол.
  • 2. Ұялмаған арын жейді.
  • 3. Ұлдың ұяты — әкеге, қыздың ұяты — шешеге.
  • 4. Арыңды жасыңнан сақта.
  • 5. Өлімнен ұят күшті.

Жұбан Молдағалиев: тұлға және мұра

Жұбан Молдағалиев 1920 жылы 5 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысы, Тайпақ ауданындағы Жыланды ауылында дүниеге келген. Қазақ рухын асқақтатқан, әр бала жатқа білетін “Мен қазақпын” дастанының авторы ретінде ол ұрпағына өлмес мұра қалдырды.

Ақынның “Жесір тағдыры”, “Айттым сәлем”, “Қыран дала”, “Сел”, “Байқоңыр баспалдақтары” сияқты дастандары мен том-том еңбектері оның есімін ғасырдан ғасырға жеткізеді.

Біз, ұрпақтары, Жұбан ағаны Қазақстан мен КСРО Мемлекеттік сыйлықтарының иегері болғаны үшін ғана емес, біртуар ірі қазақ болғаны үшін ардақтаймыз.

Бүгін біз Жұбан атамыздың “Ар-ұят” тақырыбындағы өлеңімен танысамыз.

Жұмыс жоспары: өлеңмен жұмыс

  1. 1 Өлеңді мәнерлеп, жатқа оқу.
  2. 2 Өлеңнің мазмұнын талдау.
  3. 3 Өлең құрылысына талдау жасау.

Өлең құрылысы

  • Тармақ — өлең жолы.
  • Бунақ — тармақтың ырғаққа бөлінуі (буын арқылы жасалады).
  • Шумақ — тармақ санына қарай құралады (қазақ өлеңі көбіне 4 тармақты).
  • Ұйқас — тармақ соңындағы буын үндестігі.

Көркемдік тәсілдер

Анафора
Өлең тармақтарында белгілі бір сөздің немесе сөз тіркесінің жол басында қайталануы.
Эпифора
Өлең тармақтарында белгілі бір сөздің немесе сөз тіркесінің жол соңында қайталануы.

Өлеңнен үзінді: “Ар-ұят”

Ұятпен надандық өлшенеді,

Ұятпен адалдық өлшенеді,

Ұятпен арамдық өлшенеді.

“Ажалдан әркім-ақ бір өлер,

Ұяттан бір емес, күнде өлер.

Ұят — өлімнен күшті”, — деп,

Ұятқа ежелден түнеді ел.

Жігіт пен қария айтысы (үзінді)

Қазақ қарт: Ол — ұят!

Автор: — деді сол қазақ қарт.

Қазақ қарт: Өлсең де ожданнан безінбе!

Автор: Жас жігіт күлді, оны мазақтап:

Жігіт: Ұятың нан болса, езіп же.

Қазақ қарт: Жеп келем, жеп келем туғалы,

Адам боп жүргенім сондықтан, —

Автор: деп қария тепсініп тулады.

Әттең, тек жігіт жоқ оны ұққан.

Жігіт: Мен емес ұят деп өлетін, —

Автор: деп жігіт айтысты тұжырды.

Қазақ қарт: Сен де бір өліксің ендеше,

Тірі боп жүрсең де санақта.

Адам ол өледі “мен” десе,

Ұяттан айырылған сағатта.

Талқылауға арналған сұрақтар

  1. 1 Өлеңнің негізгі мазмұны не туралы?
  2. 2 Жігіттің өзінен үлкен адаммен айтысуы дұрыс па?
  3. 3 Адамның қандай адамгершілік қасиеттерін білесіздер?
  4. 4 Сіз үлкен адаммен айтысар ма едіңіз?
  5. 5 Жігіт дөрекі сөздер қолданды ма? Мысал келтіріңіз.

Ескерткіш және естелік сөз

1991 жылы мамыр айында Құрайлысайда Жұбан Молдағалиевке ескерткіш орнатылды. Ашылу салтанатына Қадыр Мырзалиев, Ақұштап Бақтыгереева, ақынның жұбайы Софья апай және ұлдары Қуандық пен Азамат қатысты.

Тебіреніп тобылғы мен тораңғы,

Туған жердің шуағына орандың.

Азамат боп кетіп едің бір кезде,

Ауылыңа ескерткіш боп оралдың!

Қадыр Мырзалиев, “Ақын рухымен сырласу”

Ақұштап Бақтыгереева жиналған жұртқа: “Халқым, өмірге Жұбанша биіктен қараңдар, үлкендерді Жұбанша сыйлаңдар, Жұбандай әулие ұрпақ өсіріңдер!” — деп, салиқалы сөз арнаған.

Болады бүгін қалай жырым мұңды,

Бейнеңе қарап тұрып сыр ұғындым.

Өлеңнің өлкесінде қыран едің,

Тауыпсың туған жерде тұғырыңды.

Сағынтай Бисенғалиев

Қорытынды

Кіммен таныстық?

Жерлес ақиық ақынымыз Жұбан Молдағалиевтің “Ар-ұят”, “ар-намыс” туралы өлең-толғамымен таныстық.

Нені ұқтық?

Ұят пен ождан — адамды адам ететін өлшем, ал ардан айырылу — рухани құлдыраудың бастауы.

Қандай болу керекпіз?

Жұбанша елді сүйіп, жақсы оқып, үлкенді сыйлайтын, үлгілі де жауапты азамат болуға ұмтылуымыз керек.