Оқушылардың ойын тыңдау

Сабақтың барысы

Бұл сабақта оқушылар мәтінді талдап қана қоймай, қардың жылуды сақтайтынын тәжірибе арқылы дәлелдеуге дейін барады. Негізгі ой — қардың жануарлар мен құстарға табиғи паналау қызметін атқаратынын түсіну.

1) Ұйымдастыру кезеңі: «Шаттық шеңбері»

Сәлемдесу өлеңі:

Сәлем саған, күн нұры,

Сәлем саған, жер-ана.

Сәлем саған, достарым,

Сәлеметсіз бе, мұғалім!

Оқушылар бір-біріне жылы лебіз білдіріп, сабаққа жағымды көңіл күймен кіріседі.

2) «Миға шабуыл»: сурет арқылы еске түсіру

Жеке жұмыс

Интерактивті тақтадан суреттер көрсетіліп, оқушылар көргенін сипаттап, бұрынғы білімін еске түсіреді.

Проблемалық сұрақ

«Сауысқанды атқанда, неге қарға құлады?»
Оқушылар өз болжамын айтады, пікірлер тыңдалып, дәлелді ой айтуға бағытталады.

3) «Сөз бұлты»: түсіндірмелі сөздермен жұмыс

Оқушылар жаңа сөздерді өз ойынша түсіндіріп, кейін дұрыс жауабымен салыстырады. Соңында сөз тіркестерін құрастырады.

Сөздер Менің ойымша Дұрыс жауабы Сөз тіркестері
Қырат, таса, шілдер, жайбарақат, ғайып, ызғырық, омбылай-омбылай, шым-шытырық, сұқсам, дүмімен, шолақ, кеуек Оқушының болжамы Сөздік/мұғалім түсіндірмесі Қолдану үлгілері

4) Топқа бөлу және белсенді тапсырмалар

1-топ

Желтоқсан

2-топ

Қаңтар

3-топ

Ақпан

Жұмбақтар

  1. Қыста бар да, жазда жоқ.
  2. Тал басында, түндіксіз отау.

«Ненің ізі?» ойыны

Берілген суреттен құстың ізін табу арқылы бақылағыштық пен салыстыру дағдысы дамытылады.

5) Мәтінмен жұмыс: «Болжау стратегиясы»

Мәтін үш бөлікке бөлінеді. Әр топ өз бөлігін іштей оқып, бір оқушы мәнерлеп дауыстап оқиды. Әр бөлім соңында «Әрі қарай не болады?» деген сұрақ арқылы болжам жасалады.

Мәтін: «Қар астындағы ұялар» (аңшының әңгімесі)

Құстар неге қар астына ұя жасайды деп ойлайсыңдар?

Қыстың аязды, ашық күні еді. Мен мылтығымды иығыма асып, таудан төмен түсіп келе жаттым. Бет алдымдағы қыратта қар үстінде бір топ шіл көрінді. Мен ағаштардың тасасымен шілдерге қарай беттедім. Екі көзім соларда. Тесіліп қарап келемін. Шілдер мені көрген жоқ, еш нәрседен қауіптенбейтін сияқты. Оларды көріп мен де жайбарақаттанып, асықпай жүре бердім, шілдерге анда-санда ғана көз тастаймын.

Болжау сұрағы

Әрі қарай не болады деп ойлайсыңдар?

Осылай жүріп келе жатып, шілдерге көзімді тағы тіктім. Бірақ олар көрінбеді. Міне, ғажап! Шілдер қайда ғайып болды? Олар ұшып көкке көтерілген жоқ. Қар үстімен жорғалап, басқа жерге де кеткендей емес.

Үлкен арша ағашының түбінде отырып біраз демалдым. Шілдер жүрген қыратқа көз алмай қараймын, бірақ олар көрінер емес. Кешікпей солтүстіктен ызғырық жел тұрып, күн бірте-бірте суыта бастады.

Мен орнымнан тұрып, қайтадан жаңағы шілдер жүрген қыратқа қарай аяңдадым. Қыратқа қалың қар түсіпті. Омбылай-омбылай жүріп, шілдердің ізіне де жеттім. Шым-шытырық көп ізге үңіле қарап біраз тұрдым. Қар үстіндегі іздердің арасынан әр жерден ін аузына ұқсас тесіктер көзіме түсті. Ішіне қолымды сұқсам — жып-жылы. Қардың астына әдейілеп ін жасағандай.

Мен әлгі іннің маңын аяғыммен таптап, мылтығымның дүмімен ашып тазалауға кірістім. Көп кешікпей бір шіл ұстап алдым.

Қардың құстарға қаншалықты пайдасы бар екенін білгілерің келе ме?

Шолақ тонымды шешіп тастап, жұмысқа кірістім. Қар асты тармақ-тармақ ін екен. Кейбір жерлері дөп-дөңгелек, үп-үлкен — бейне бір қоянның кеуегі тәрізді қуыстар да кездеседі. Олар қыстың суығынан қорғанатын шілдердің ұялары екен.

Сөйтіп, мен осы жолы шілдер жасаған қар астындағы ұяларды өз көзіммен көрдім. Қай жерді ашсам да, жер беті де, шөп те жып-жылы. Құр, кекілік сияқты құстар да осылайша қар астына кіріп, суықтан қорғанады. Қоян да кеуегін қар астына жасайды екен. Ал тышқандар қысты күні қар астындағы індерінде жатып, балалайды.

Мұның бәрі қардың жануарлар мен өсімдіктерді суықтан қорғайтынын көрсетеді.

6) Блум таксономиясы арқылы қорытындылау

Талдау

Мәтіндегі негізгі ойды, себеп-салдарды анықтау.

Жинақтау

Қардың «табиғи жылу сақтағыш» қызметін дәлелдермен тұжырымдау.

Бағалау

Проблемалық сұрақтарға жауапты негіздеп, өз пікірін қорғау.

Топтық жұмыс форматы

Әр топқа проблемалық сұрақ беріледі. Оқушылар пікірін параққа түсіріп, 10 минут ішінде ортақ жауап дайындайды.

7) Рефлексия

Оқушылар сабақтан алған әсерін смайликтер арқылы бейнелеп, қысқаша түсіндіреді.

8) Үй тапсырмасы және шағын жоба

Үй тапсырмасы

  1. Тәжірибе жасау.
  2. «Неліктен құстар қар астына ұя жасайды?» кестесін толтыру.
  3. 2 аптаға жоспарланған қысқа мерзімді жоба (2–3 оқушы): нәтижесін кураторлық сағатта қорғау.

Кесте үлгісі

Жұмыс түрі Нәтиже Нені шешу керек?
Тәжірибе Бақылау қорытындысы Себебін түсіндіру

Оқушы тәжірибесі: қар астындағы жылу

Сабақ соңында оқушыларға үйде эксперимент жасау тапсырылды. Келесі күні Ануаров Аслан өз тәжірибесін сынып алдында қорғап, байқағанын түсіндірді.

Қадам 1

Қатты аяз күні екі шөлмекке су құйып, аузын мықтап бекітті.

Қадам 2

Бір шөлмекті қардың астына көміп, екіншісін қардың үстінде қалдырды.

Қорытынды

Қар астындағы шөлмектегі су қатпаған, ал қар үстіндегі шөлмектегі су қатып қалған.

Негізгі тұжырым

Қар қабаты жылуды сақтап, табиғи «оқшаулағыш» ретінде қызмет етеді. Сондықтан кейбір құстар мен жануарлар қыста қар астын паналайды.

Оқу идеясы: табиғатты түсіну — тәжірибеден басталады

Бұл сабақтың құндылығы — мәтінді оқып қана қоймай, табиғат құбылысын тәжірибе арқылы тексеріп көруінде. Оқушы дәлелге сүйеніп сөйлеуге, сұрақ қоюға және қорытынды жасауға үйренеді.