Қоғамдық көліктегі әдептілік

Әдептен озбайық: әдеп, мәдениет, ізгілік

Бұл сынып сағатының мақсаты — оқушыларды қоғамдық ортада өзін дұрыс ұстай білуге, ізеттілікке, мәдениеттілікке, үлкенді сыйлауға, кішіге үлгі болуға және жаман әдеттерден аулақ жүруге тәрбиелеу.

Нақыл: «Әдептілік — ар, ұят, адамдықтың белгісі» және «Әдепсіз өскен адамнан, тәртіппен өскен тал жақсы».

«Әдепті болу» деген ұғымның мағынасы өте кең: адамның әрбір іс-қимылы, жүріс-тұрысы, сөйлеу мәнері, өз-өзін ұстай білуі — бәрі оның мәдениеті мен тәрбиесін танытады.

Ой қозғайтын сұрақтар

  • 1. «Әдептілік» сөзінің баламаларын атаңдар.

  • 2. Әдепті адамды (әдепті бала, әдепті қыз) қалай тануға болады?

  • 3. Әдептілікті бізге кім үйретеді?

«Ой жалғастыру» ойыны

Бастапқы сөйлем берілген. Әркім өз ойымен жалғастырып, толықтырады.

1) Әдепсіз болғым келмесе…

Не істеуге болмайды?

2) Әдепті бала атану үшін…

Не істеу керек?

Әдептілік сәлемнен басталады

Тіршілік оянудан басталады: таңертең оянған әдепті адам жақындарымен амандасады. Сәлемдесу — ізеттіліктің негізі, ал ізеттіліктен әдептілік туындайды. Бұл — адам бойындағы мейірім мен құрметтің белгісі.

Сәлемдесудің түрлері

  • Дауыстап сәлем беру
  • Қол алысып амандасу
  • Иіліп сәлем беру
  • Алыстан қол көтеріп амандасу
  • Ыммен, қас-қабақпен, қимыл-әрекет арқылы ізет көрсету

Амандасуға арналған сөздер

«Сәлеметсіз бе?», «Ассалаумағалейкум», «Қайырлы таң», «Қайырлы күн», «Кеш жарық».

Амандасу тәртібі

  • Жастар үлкендерге бірінші болып сәлем береді.
  • «Сәлем» — көбіне құрбы-құрдасқа, жолдасқа айтылады.
  • Қол алысып амандасу көбіне ер адамдарға және үлкен кісілерге тән.
  • Алыстап бара жатқан адамға айқайлап сәлемдесудің қажеті жоқ: көрсең, бас изеп не иіліп амандас.

Түйін

«Адамдықтың белгісі — иіліп сәлем бергені» деген сөз бекер емес. Халқымыз амандасуды адамгершіліктің негізгі қағидаларының бірі деп санайды: таныс-бейтанысқа қарамай сәлем беру — адамдық парыз.

Қоғамдық ортадағы әдеп: 3 тақырып, 3 жағдай

Оқушылар үш топқа бөлініп, әр топ бір тақырыпты талқылайды. Соңында ортақ қорытынды жасап, ереже құрастырады.

1) Қоғамдық көліктегі әдеп

  • Көлікке итермей, кезекпен кіру.
  • Жол ақысын уақытылы төлеу.
  • Үлкендерге орын беру.
  • Қарт кісілердің мініп-түсуіне көмектесу.
  • Көлік ішінде дауыс көтеріп сөйлемеу.

2) Үстел басындағы әдеп

  • Үстел басында өзін дұрыс ұстау.
  • Қол жуып, сырт киімді шешіп келу.
  • Ауызды тамаққа толтырып алып сөйлемеу.
  • Амандасу үшін ас тұрған үстелдің үстінен қол созбау.
  • Пышақты оң қолға, шанышқыны сол қолға ұстау.

3) Кітапханадағы әдеп

  • Кітапхананы құрметтеп, жиі баруды әдетке айналдыру.
  • Тыныштық сақтау.
  • Алған кітапты ұқыпты пайдалану.
  • Кітап бетін жыртпау, шимайламау.
  • Кітапты уақытында өткізу.

Мен қандай болуым керек?

Жақсы адам болу үшін бойымыздағы жақсы қасиеттерді күшейтіп, жаман қасиеттерден арылуға ұмтылу қажет.

Мейірімдікүншіл

Кішіпейілөркөкірек

Еңбекқоржалқау

Кеңпейілқызғаншақ

Өзгені сыйлайтынменмен

Сөзінде тұратынжауапсыз

Адалөтірікші

Жаман әдеттер мен теріс мінездер — жақсы қасиеттерімізді көлегейлейтін «бұлт» сияқты. Сол «бұлттарды» сейілту үшін тек жақсы қасиеттерді таңдап, қысқаша эссе жазу ұсынылады.

Тренинг: «Жылы сөз» шеңбері

Қалай өтеді?

  1. 1 Оқушылар орындарынан тұрып, шеңбер құрып, қол ұстасады.
  2. 2 Бір оқушы қасындағысына қарап күлімсіреп: «Мен сені жақсы көремін» дейді.
  3. 3 Екінші оқушы басын изеп, күлімсіреп сол сөзді қайталап, келесі оқушыға жалғастырады.

Түйін

Ниетің түзу болса, біреуге жақсылық жасап, жылы сөз айтсаң — ол өзіңе қайта оралады. Сондықтан бір-бірімізге үнемі ізгі сөз айтып, жақсылықты көбейтейік.

Қорытынды

Ақыл, сана, біліммен — өнеріме сенемін.
Арым таза, ақ көңіл — адалдыққа сенемін.
Абыройлы ақ ниет — адамдыққа сенемін!

Адамды әсем ететін — тек сыртқы келбет емес, ішкі жан дүниесі, әдептілігі мен мәдениеті. Сендердің әдепті, тәрбиелі оқушы болып өсетіндеріңе сенім мол.

Үй тапсырмасы

«Әдепті бала — көпке үлгі» тақырыбында шығарма жазу.