Бүгін Бөбек қорының негізін қалаушы Сара Алпысқызының туған күні
Мақсаты
Оқушыларға 12 ақпан — Сара Алпысқызы Назарбаеваның туған күні екенін жеткізу, бұл күннің біз үшін ерекше мәнін түсіндіру. Сара Алпысқызының өмір жолына тоқталып, тың мәліметтер беру.
Қазақстанның бірінші ханымы, «Бөбек» республикалық балалар қайырымдылық қорының президенті ретінде оның жалпыадамзаттық рухани құндылықтарға бастайтын қайырымдылық бастамаларын, еліміздегі адамгершілік-рухани білім берудің дамуына қосқан өлшеусіз үлесін, сондай-ақ халықтар арасындағы өзара түсіністік пен сыйластық қағидасын ашып көрсету.
Балалардың мейірімділік пен қайырымдылық туралы түсініктерін кеңейту.
Салтанатты жиынға кіріспе
Жүргізуші: Армысыздар, қымбатты ұстаздар мен оқушылар!
«Адам баласы өзінің жан дүниесін қайырымдылықпен, өзгенің қайғысын түсіне білу қасиеттерімен нығайтып, шынайы өмір сүре білуі керек», — деп Сара Алпысқызы айтқан екен.
Бүгін «Өзін-өзі тану» пәнінің негізгі авторы Сара Алпысқызы Назарбаеваның 12 ақпандағы туған күніне арналған «Жүрекке жол тапқан — мейірімді ана Сара Алпысқызы!» атты салтанатты жиынға қош келдіңіздер!
Арнау
Ел баласын мәпелеп, саялаған,
Әр баланы жан-тәнімен аялаған.
Біледі үлкен-кіші бар еңбегін,
Бала үшін күш-жігерін аямаған.
Жайсаң жанды, кең пейіл асыл ана,
Нәзік тұлға, шуақ шашқан бар балаға.
Елбасына тірек болып, қолдап жүрген,
Аман-саулық тілейміз, Сара анаға.
Сәлемдесу сәті
Оқушылар хормен
Иіліп сәлем бердік атқан күнге!
Иіліп сәлем бердік қонақтарға!
Иіліп сәлем бердік ұстаз сізге!
Иіліп сәлем бердік, достар бірге!
Шеңбердегі тілектер
Оқушылар ортаға шеңбер құрып, бір-біріне жылы жүзбен қарап, мейірлене күннің шуағына қол созады.
Күлімдеп күн бүгін (қолдарын көтереді),
Қарады маған да (қолдарын кеуделеріне қояды).
Күлімдеп күн бүгін (қасындағы балаға қарайды),
Қарады саған да,
Шуақпен төгіп нұр.
Өмірбаян және қоғамға қызмет
Сара Алпысқызы туралы дерек
Сара Алпысқызы Назарбаева 1941 жылғы 12 ақпанда Қарағанды облысы, Қызылжар ауылында дүниеге келді.
1992 жылғы ақпан айынан бастап — «Бөбек» республикалық балалар қайырымдылық қорының негізін қалаушы әрі президенті. Бүгін — «Бөбек» қорының негізін қалаушы Сара Алпысқызының туған күні.
Ол «Бөбек» қорын құрып, жетім балаларға қолдау көрсетті, «Өзін-өзі тану» пәнін білім беру бағдарламасына енгізуге ықпал етіп, жас ұрпақты ізгілікке баулуға қызмет етті.
«Өзін-өзі тану» пәнінің мәні
2010 жылдың 1 қыркүйегінен бастап «Өзін-өзі тану» пәні Қазақстан Республикасының үздіксіз білім беру жүйесіне жаппай енгізілді.
Бұл пән балаларға, ата-аналарға және ұстаздарға зор қолдау береді: өмірге жақсы көзқарасты күшейтеді, өзара қарым-қатынасты жақсартады, дұрыс бағыт таңдауға көмектеседі. Ең бастысы — адамның рухани жан дүниесін тануына жол ашады.
Сара Алпысқызының ойы: балалар дені сау, бақытты болып өссін; өмір даналығын игеріп, адамзатқа қызмет ете білсін; «кім екендігін, не үшін өмір сүретінін» пайымдай білсін. Әр адам өзін аша білуі тиіс.
Көркем сөздер
Ана туралы жыр
Анам менің аялаған ақ гүлім,
Анам менің бақытым мен шаттығым.
«Анашым» деп балаң жырын арнаған,
Неге ғана естімедің тәтті үнін?
Анам менің өмірдегі тірегім,
Анам менің кеудемдегі жүрегім.
Егер менің қасымда сен болмасаң,
Бұл өмірде қалай ғана жүремін?
Ана дейміз бәріміз де аңқылдап,
Ана дейді жас сәби де жарқылдап.
Ана деген — бәйтерегі өмірдің,
Ана деген — алтын қазық, алтын бақ.
Ана деген — асыл жандар болаттай,
Ана деген — мөлдір жандар бұлақтай.
О, адамдар, қадірлей біл ананы,
Жат қылыққа ақыл-ойды танытпай.
Ықылас пен алғыс
Анасыздар — кең байтақ далаңыздар,
Жаны жайсаң, жеңімпаз данаңыздар.
Көлеңке жоқ көңілінде, қылауы жоқ,
Үлбіреген жауқазын балаңыздар.
Сіздер — күнсіз аспанда жарқыраған,
Сіздер — өзен, тау суы сарқыраған.
Сіздер — ана, сіздер — жар, сіздер — қыздар,
Сіздер — жаңбыр, ақ нөсер сарқыраған.
Біз сіздерсіз тіршілік ете алмаймыз,
Дегенге де сіздерсіз жете алмаймыз.
Айнала ұшып, сіздерді көбелек боп,
Өртеніп қастарыңнан кете алмаймыз.
Сара Алпысқызына арналған тілектер
Өзің дара тұлғасың,
Мен үшін өзің данасың.
Мейірімді көзбен қарайсың,
Айналайын, Сара ана!
Ұқсайды дархан көңілің
Ұлан-байтақ далаға.
Ұсындың бізге мейіріммен
«Өзін-өзі тану» сабағын.
Берері мол бұл пәннің,
Мың алғыс саған айтамын.
Сара апа, қадір тұтар қасиетіңіз,
Бізге қымбат әр айтқан өсиетіңіз.
Сіздің әрбір ісіңізден өнеге алып,
Әрқашанда алдыңызда бас иеміз.
Қиындықты көрсем де жасымаған,
Қамқоршым да өзіңіз, Сара анам.
Қуанышқа кенеліп әр күн сайын,
Жүре беріңіз есен-аман.
Жүргізуші сөзі
«Нұрландырып ізгі жандар тілегімен, күн күлер мейірімнің реңімен. Әлемдік сыйластықтың қызыл жібі — өтеді әр адамның жүрегінен», — дегендей, салтанатты жиынның алғы сөзін аяулы ана, шәкірттердің сүйікті ұстазы, аса құрметті әрі білікті басшымызға ұсынамыз.
Қорытынды
Жүргізуші: Ананың бақыттысы, сымбаттысы, халқының ардақтысы, қымбаттысы. Өз-өзін танытып үлгі еткеніңіз үшін мың алғыс сізге, Сара Алпысқызы.
Жақсы қасиет барлығы бойымыздан табылды. Үйреткен бізге кім екенін — шешуін таптық біз бүгін: ол — «Өзін-өзі тану» пәні.
Сара Алпысқызының туған күні мен «Өзін-өзі тану» пәні апталығына орай ұйымдастырылған салтанатты кешіміз осымен аяқталды.