Жыныстық қатынас

Түсіністік пен қолдау — басты қағида

Болашақта біз СПИД жұқтырған адамдармен кездесуі мүмкінбіз. Ол туған-туыстарымыз, жақындарымыз немесе достарымыз болуы ықтимал. Осындай жағдайда ең маңыздысы — қол ұшын беру, көмектесу және адамгершілік таныту.

СПИД-ке шалдыққан адамнан бас тартуға немесе қарым-қатынасты үзуге болмайды. Олар — жәбірленуші. Көп жағдайда адамдар бұл дерт туралы жеткілікті білмегендіктен қауіпке ұшырайды.

Сұрақ

1 желтоқсан қандай күн?

Жауап: 1 желтоқсан — Дүниежүзілік СПИД-ке қарсы күрес күні.

СПИД туралы қысқаша, бірақ маңызды мәлімет

СПИД (ЖИТС) — вирус арқылы жұғатын дерт. Вирус көзге көрінбегенімен, адамның қанындағы қорғаныс жүйесіне жауап беретін антиденелерді әлсіретіп, иммундық жүйенің жұмысын бұзады. Иммунитет әлсіреген адам әртүрлі ауруға тез шалдығады.

Жұқтырылған вирус кейде алғашқы үш айға дейін айқын білінбеуі мүмкін. Сондықтан нақты қорытындыны дәрігер қан талдауын толық зерттеген кезде ғана анықтайды.

Қалай жұғады?

СПИД вирусы негізінен қан және жыныстық қатынас арқылы жұғады.

  • Қан құю кезінде
  • Бір адамның қолданған шприцін екінші адамға қайта қолданғанда
  • Стерильді емес ине арқылы татуировка салғанда немесе құлақ тескенде
  • Жыныстық қатынас кезінде
  • Жұқтырған анадан балаға (жүктілік, босану, емізу кезінде)

Алғашқы белгілері қандай?

Кейбір жағдайда адамда тұмауға ұқсас белгілер байқалуы мүмкін:

  • жөтел, дене қызуының көтерілуі
  • бас айналу, әлсіздік
  • тәбеттің төмендеуі, арықтау
  • лимфа түйіндерінің ісінуі (кейде бірнеше аптадан соң бәсеңдеуі мүмкін)

СПИД-тің соңғы сатысында иммунитет күрт төмендеп, адам әртүрлі инфекцияларға төтеп бере алмай қалуы мүмкін.

Қай кезде жұқпайды?

Төмендегі жағдайларда СПИД жұқпайды:

  • Амандысқанда, құшақтағанда
  • Бір ыдыстан тамақ ішкенде
  • Бірге жуынып, бір орамалмен сүртінгенде
  • Ауа, су, ойыншық арқылы
  • Жәндіктер шаққанда
  • Есік тұтқасын, көлік тұтқасын ұстағанда

Дегенмен, әр адам жеке бас гигиенасын сақтауы қажет.

Өмір сүру ұзақтығы және қолдау

Бұл дертпен өмір сүретін адамдарға дер кезінде медициналық көмек пен тұрақты қолдау маңызды. Кей деректерде СПИД-тің асқынған түрінде өмір сүру ұзақтығы 10–15 жыл болуы мүмкін деп айтылады. Ең бастысы — науқас адамнан бас тартпай, жанашырлық таныту.

«Денсаулық — зор байлық» көрінісінен үзінді

1-оқушы

Салауаттылық — сергек те,
Таза жүру өмірде.
Адамзаттық келбетке,
Дақ түсірмеу тегінде.

2-оқушы

Балақай! Болсаң да әлі қаршадай:
Ойнау үшін шаршамай,
Оқу үшін мектепте,
Ашу үшін тәбет те,
Құру үшін сен саулық —
Керек жақсы денсаулық.

3-оқушы

Денсаулық — ол шыныққан,
Барлық денең мүшесі.
Денсаулық — ол тыныққан,
Жүйке-тамыр жүйесі.

4-оқушы

Денсаулық — ол күлуің,
Көңіл-күйің жадырай.
Денсаулық — ол жүруің,
Ешбір жерің ауырмай.

5-оқушы

Басты байлық — денсаулық —
Бабаң айтқан даналық.
Сақта жолын сен тауып
Осы шақтан, балалық.
Болар барлық мүшең сау
Жүрсе жылдар бойында,
Баяндалған осынау
Ережелер ойыңда.

Көрініс

«Аппақ бала» көрінісі. Мұғалім балаларға «Белгісіз хандықта болған оқиға» атты ертегіні әңгімелеп береді.

Пысықтау сұрақтары және қорытынды

Сұрақтар

  1. 1 СПИД қалай жұғады?
  2. 2 Қай кезде жұқпайды?
  3. 3 Аурудың қандай белгілері болуы мүмкін?
  4. 4 Салауатты өмір салтын қалай түсінесіңдер?

Ортақ ән

Оқушылар хормен «Болайықшы осындай» әнін орындайды.

Мұғалімнің үндеуі

Әр адамның болашағы өз қолында. Сондықтан нашақорлықтан, ішімдіктен, темекі шегуден аулақ болайық. Денсаулығы мықты ұрпақ — еліміздің де, ұлтымыздың да болашағы екенін ұмытпайық.