Кеней - ұсақ асық

Сабақ тақырыбы

Асығым

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Ұлтымыздың негізсіз ұмытылып бара жатқан ойынын жаңғырту; бабаларымыздың ойыны туралы түсінік беріп, қызығушылық ояту.

Дамытушылық

Мәтінді өз бетімен зерттей оқу арқылы ойлануға баулу және шығармашылық дағдыларды дамытуға жағдай жасау.

Тәрбиелік

Оқушыларды ұлттық құндылықтарды қастерлеуге баулу; қазақ халқының брендтерін сақтап, оларды әлемдік деңгейдегі спорттық ойындар қатарына қосу туралы ой қозғау.

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушыларды түгендеу.
  • Қажетті құрал-жабдықтарды белгілеу, олармен таныстыру, психологиялық ахуал қалыптастыру.

II. Ой қозғау

Мұғалім

Асық туралы не білеміз?

Оқушылар

  • Асық — қазақ халқының ұлттық ойыны.
  • Асық — қазақтың ырым-тыйымында қадірлі саналатын сүйектердің бірі.
  • Балалардың ермегі, ойыншығы, сүйікті ойыны болған.

Талқылау

Компьютерлік ойындар баланы ашушаң, қатігез, мейірімсіз етуі мүмкін және көз жанарына кері әсер етеді. Бүгінде екі баланың біріне жуығы көзілдірік киеді деген пікір айтылады. Ал асық ойыны бұрын батырларды мергендікке, дәлдікке тәрбиелеген.

III. Кіріспе түсіндіру

Ұлттық ойындар көбіне әр халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайына және шаруашылық мүмкіндіктеріне байланысты қалыптасады. Қазақ халқының ұлттық ойындарының басым бөлігі табиғи заттармен ойнауға негізделген.

Қазақтың дәстүрлі шаруашылығы мал шаруашылығына сүйенгендіктен, ұлттық ойындар да соған икемделді. Әсіресе қой шаруашылығы кең тарағандықтан, балалар ойындарының көбі қой асығымен байланысты.

Неге асық ойыны маңызды?

  • Жүйке жүйесін шынықтырады.
  • Дәлдікке, ұстамдылыққа, байсалдылыққа тәрбиелейді.
  • Төзімділік пен шыдамдылықты қалыптастырады.
  • Қозғалыс белсенділігін арттырады.

Асықтың еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін ойнайтын түрлері болған. Бұл ойын баланың күні бойғы қимыл-қозғалысына айрықша әсер етеді.

Ойын барысында жиі кездесетін қимылдар

жүгіру жүру иілу секіру сақа иіру көздеп тигізу лақтыру ату

IV. Мәтінмен жұмыс және әдістер

Оқулықпен жұмыс

  • Мұғалімнің оқуы.
  • Оқушылардың оқуы.

Сергіту және оқу тәсілдері

  • Сергіту сәті.
  • Тізбектей оқу.
  • «Түртіп алу» стратегиясы: оқи отырып, түсініксіз сөздерді қарындашпен белгілеу.

Сөздік жұмысы

Кеней

Ұсақ асық.

Құлжа

Арқардың аталығының асығы.

Сақа

Арқардың асығы.

Жабайт

Еліктің асығы.

Асық

Қой мен ешкінің асық жілігінен алынатын сүйек.

Шүкімайт

Қозы мен лақтың асығы.

Асықтың түсу қалпы (жатысы)

Асықты иіріп тастағанда оның түсу қалпы әртүрлі аталады. Төменде жиі қолданылатын атаулар берілген.

Алшы

Ең сәтті түсуі. Көп жағдайда ұтысқа баланады.

Тәйкі

Төңкеріліп түсуі. «Тәуекел» мәнімен байланыстырылып айтылады.

Бүк

Екбетінен жатып түсуі.

Шік

Шалқасынан түсуі (іш жағы көрініп жатады).

Омпа

Еңкейіп, тұмсығымен тік қадалып түсуі.

Қырта

Таза тұрмай, қырынан қисайып түсуі; дауға себеп болатын қалып ретінде айтылады.

Талқылау сұрақтары

  • Ақын алшы тұрған асыққа неге қуанды?
  • Өлеңде асықтың тұрыстары туралы не айтылған?

V. Асыққа байланысты ырымдар

1) Босанар шақтағы ырым

Келіннің аяғы ауырлап, босануға таяғанда енесі не атасы ырымдап асық жинап жүреді. Мұндағы ниет — «Құдай ұл берсін» деп тілеу. Кейде оны келінге сездірмей, оңаша жинайды: «көз тимесін, келін аман-есен босансын» деген ақ тілекпен байланысты.

2) Бесікке тағылатын тұмар-нышан

Ер баланың бесігіне қасқырдың асығын немесе тырнағын тағуы мүмкін: ауырмасын, көз тимесін, айбатты әрі қайсар болсын деген ырым. Қыз баланың бесігіне еліктің асығын тағу — сұлу, көрікті, ел қызығар ажары болсын деген ниет.

3) Аң асығының қадірі

Ерте кезде табиғат қатал болып, аңның олжаға оңай ілікпейтіні белгілі. Сондықтан аңшылық адал еңбекпен, ер азаматтың қайраты және жаужүректілігімен байланыстырылған. Осы себептен аңның асығы да қадірлі саналған.

Бекіту тапсырмалары

  • Сақа асықты қалай дайындайды?
  • «Асық» сөзіне 5 жолды өлең құрастыру.

Үй тапсырмасы

Асыққа байланысты қазақ халқының мақал-мәтелдерін жинап, жаттап келу.