Хор Ананың тілі
Сабақтың тақырыбы: «Ана – өмірдің шырағы»
Сабақтың мақсаты
Оқушыларды ананың еңбегін ақтауға, анаға деген сүйіспеншілікке, ананы құрметтеп, сыйлауға тәрбиелеу.
Сабақтың көрнекілігі
Нақыл сөздер.
І. Ұйымдастыру кезеңі
Ана – өмір қолдаушысы әлемнің,
Шаңырақтың шаттығы мен шуағы.
Сейілмесін жанарынан ананың,
Тіршілікке төккен нұрлы шуағы.
Аялайық аналарды әрдайым,
Қуанышқа бөлейікші өздерін.
Әжелердің, аналардың, қыздардың,
Мұң шалмасын күлім қаққан көздерін.
Ана – барлық өмірдің бастауы
Ана адамды өмірге әкеледі, тәрбиелейді, өсіреді. Адам бойындағы асыл қасиеттер күннің нұрынан, ананың ақ сүтінен дариды.
Көктем мерекесі – 8 Наурыз
Алда келе жатқан тамаша көктем мерекесі – 8 Наурызбен сыныптағы қыздарды шын жүректен құттықтаймын! Жер бетіне өмір сыйлаушы нәзік те ақылды, сымбатты да мейірімді жандарға арналған бұл күннің мәні ерекше.
Қоғамдағы әйелдің орны
Тәуелсіз еліміздің тұрғындары ертеңгі күнге сеніммен қарайды. Бұл сенім қойылған мақсаттарға қол жеткізуге, ауқымды жоспарларды іске асыруға жігер береді.
Әйел қауымынсыз әлемді елестету мүмкін емес. Бірі – ғалым, бірі – саясаткер, енді бірі – дәрігер, кәсіпкер. Солардың бірі – аяулы ұстаздар. Қоғам өмірінің әйелдер араласпайтын саласы жоқ деуге болады.
Анаға тағзым
«Әлемдегі ең асыл жан – Ана» деген сөз жүректе махаббат пен мейірім сезімін оятады. Бала тілі шыққан сәттен-ақ ең алғашқы сөзін «ана» деп айтады. «Ана» деген үш әріптің аясында қаншама қасиет, қаншама жылылық жатыр десеңізші!
Ару – ана, ару – асыл жар,
Ару – көңілдің гүлі, ару – өмірдің жыры.
Айта берсең, сөз жетпейді.
Бір ғұлама: «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген екен. Бұл – өте нақты айтылған ой. Құдайдан кейінгі құдірет иесі – ана. Сондықтан да ана алдында бәріміз бас иеміз.
Арнау
Құтты болсын, ардақты анам,
Асыл анам, мерекең!
Құтты болсын, ұстаздарым,
Қуанышты берекең!
Өзіңе еліктеп өсермін,
Борышты өтермін қалайда.
Тым нәзік, жұтаңдау жырымды,
Жүректе жылытшы, жарай ма?
Мұғалім: «Ананың тілі» (хор).
Тәрбиелік әңгіме
Ерте заманда қазақ даласына шабуыл жасаған дұшпанның қалың қолы бір қаланы қоршап алады. Қалаға келетін ауыз суды тоқтатып, қорғаннан өте алмаған жау халықтың берілуін күтеді. Бірнеше күн өтсе де қала берілмейді.
Сонда дұшпанның әскербасы: «Қаладан көтергенше жүк алып, әйелдердің кетуіне рұқсат етемін», – деп бұйрық береді. Әйелдер бір-бір қапшық арқалап, қаладан шығып кетеді. Дұшпан қалаға кіріп қараса, бірде-бір еркек жоқ екен: әйелдер ер азаматтарын қапқа салып көтеріп әкетіпті. Кішкентай қыздар ұл балаларды, кемпірлер шалдарды көтеріп, қаладан шығарып жіберген екен.
Осылайша бір халықты әйелдер аман алып қалған. Сен осылай жасай алар ма едің?
Алтын анам жасымнан аялаған,
Мен үшін игілікті аямаған.
Сабақтан шаршап үйге келгенімде,
«Бал сөзім, жаным» деген сая маған.
Нақыл мен өнеге
- Мұсылман қауымында: «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, парызынан толық құтыла алмайсың» деген сөз бар. Бұл – ананың ақ сүті мен еңбегінің өлшеусіз екенін білдіреді.
- Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) сахабалары: «Бұл өмірде кімге бірінші сәлем беру керек?» – деп сұрағанда, ол: «Анаңа», – деген. Екінші рет сұрағанда: «Тағы да анаңа», үшінші рет: «Тағы да анаңа», ал төртінші рет: «Әкеңе», – деп жауап берген.
Бұл – аналарға деген ерекше құрметтің айғағы. Салт-дәстүрін қадірлеген әр адам анасын қадірлеуі тиіс. Әрқашан да аналардың беделі биік болсын!
Осы тілекпен сынып сағатымызды аяқтаймыз.