Өнерлерін ортаға салу
Мақсаты мен мәні
Бұл мерекелік сайыстың негізгі мақсаты — отбасындағы әже мен немере, ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайту, әжеге деген сүйіспеншілікті арттыру. Сондай-ақ балаларды мейірімділікке, ата-ананы құрметтеуге тәрбиелеу, қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын бойға сіңіру және қатысушылардың өнерін көпшілікке ұсыну.
Тақырып
«Әжелер — көңілдің ажары, немере — өмірдің базары»
Жүргізушілердің ашылу сөзі
1-жүргізуші
Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! Босқа қарап тұрмаңыздар. Әже мен немере тойы басталмақшы, Қызықтан тыс қалмаңыздар!
2-жүргізуші
Бүгінгі сайысымыз — мереке. Мұны қалайша бекер дейміз? Ұстаздар, құтты болсын ару тойы! Әжелер, аналар, мерекелеріңіз құтты болсын!
Өмірдің иесі — сен, ғазиз Ана. Келтірген дүниеге небір дана. Анасыз батыр да жоқ, ақын да жоқ — Өмірдің алтын кілті сонда ғана. Бал бөбегін баптаған, Анам үшін мақтанам! Аялайтын біздерді, Көп жасасын жақсы адам. Менің әжем — гүл әжем, Алтын әжем, күн әжем. Апам үшін, мен үшін Нағыз ана тілі — әжем.
Сайыстың басталуы
Қазақ халқы жас ұрпақты тәрбиелеудің маңызын ерте түсінген. Әженің тәлім-тәрбиесін көріп, үйренбеген немере кемде-кем. Әжелеріміздің қадамы құтты, мәртебесі биік болсын деген ниетпен әжелерді немерелерімен бірге ортаға шақырамыз.
Қатысушылар
- 2 «А» сыныбы Максутова Әйгерім — Қансұлу әже
- 2 «Ә» сыныбы Жеткізген Арайлым — Айжан әже
- 2 «Б» сыныбы Бауыржан Толқын — Бақыт әже
- 3 «А» сыныбы Әлібекова Бақытгүл — Мария әже
- 3 «Ә» сыныбы Сафина Жібек — Мейрамгүл әже
- 3 «Б» сыныбы Қалжанова Күнсұлу — Әнипа әже
Беташар сөз
Мерекелік думанның беташар сөзін мектеп директоры Айсұлу Берікқызына береміз.
Сайыс кезеңдері
-
1) Таныстыру
Әже мен немере өздерін және жұптарын таныстырады.
-
2) «Өнер — ағып жатқан бұлақ»
Қатысушылар өнерлерін ортаға салады.
-
3) «Білгенге — маржан»
Әжелерге салт-дәстүрге қатысты сұрақтар қойылады, ал немерелер мақал-мәтелдерді жалғастырады.
-
4) «Шебердің қолы ортақ»
Әжелер де, немерелер де қолөнер шеберліктерін көрсетеді.
Әділқазылар алқасы
Әділдікпен баға берер ортада, Әділдікпен қара қылды жарарға. Әділқазы алқасын сайлайық, Нағыз Әжені бүгін таңдауға.
- Жақсыбаева Айсұлу Берікқызы мектеп директоры
- Кустубаева Айнұр тәрбие ісі жөніндегі директор орынбасары
- Утегенов Рүстем тәрбие ісі жөніндегі директор орынбасары
- Нағашыбаева Алтын ата-ана өкілі
Мерекелік бағдарлама
Құрмет
Аналарды сүйеміз, Сөзін ойға түйеміз. Әжені де ардақтап, Әдеппен бас иеміз.
Шашу
Той пердесін ашайық, Тойға шашу шашайық. Аналарды құрметтеп, Ән маржанын шашайық.
Әнмен ашылу
Ортаға 4 «Ә» сыныбының оқушысы Наурызбаев Қуандық шақырылады. Мереке «Ана» әнімен ашылады.
Таныстыру кезеңіне кіріспе
Кішкентай арулар мен әжелер де келіп жетті, Бойындағы бар дарынды ортаға салуға. Қорықпастан сахнаға көтеріліп, Әдеппен, ізетпен танысуға.
«Өнер — ағып жатқан бұлақ»
Асыл сөздің атасы — өнер. Білім, еңбекке жақын болар ұрпақпыз. «Өнер — өнерліге ғана оңай», — дегендей, әр сыныптан келген әже мен немере өз өнерін көрсетеді.
«Білгенге — маржан»: салт-дәстүр және мақал-мәтел
Әжелерге сұрақтар
- Ерулік беру — қазақтың салт-дәстүрінің бірі. Мағынасын түсіндіріңіз.
- Қазақтың әдет-ғұрпының бірі — қалау (қалап алу). Мағынасын түсіндіріңіз.
- Сарқыт деген әдет-ғұрыптың мағынасын түсіндіріңіз.
- Сәлемдеме беру деген әдет-ғұрып бар. Мағынасын ашыңыз.
- Базарлық деген не?
- Асар деген салт-дәстүрдің мағынасын түсіндіріңіз.
Немерелерге мақал-мәтелдер
- Қарға баласын «аппағым» дейді, кірпі баласын «жұмсағым» дейді.
- Ана алдында — құрмет, ата алдында — қызмет.
- Ананың ізін қыз басар, атаның ізін ұл басар.
- Ана сүті бой өсіреді, ата тілі ой өсіреді.
- Ақ шашты ана: «жастығым — балам» дейді. Ақылды бала: «ай-күнім — анам» дейді.
- Ақ жаулығы ананың — ақ көрпесі баланың.
Қатысушылар дайын болғанша, ортаға 4 «Ә» сыныбының көңілді би тобы шақырылады.
«Шебердің қолы ортақ»: қолөнер кезеңі
Шеберлерім, өнер тамар қолынан, Жаңылмаған ата-баба жолынан. Шебер қолдар өз өнерін көрсетсін, Біз айтайық төрелігін соңынан.
Бұл кезеңде әжелер әртүрлі қолөнер түрлерінен сынға түседі, ал немере қыздар түрлі түсті қағазбен жұмыс жасайды. Барша қатысушыларға сәттілік тілейміз.
Сахналық әндер мен арнаулар
Ана туралы арнау
Анам менің — аялаған ақ гүлім, Анам менің — бақытым мен шаттығым. «Анашым» деп балаң жырын арнаған, Неге ғана естімеске тәтті үнің? Анам менің — өмірдегі тірегім, Анам менің — кеудемдегі жүрегім. Егер менің қасымда сен болмасаң, Бұл өмірде қалай ғана жүремін?
Ән
3 «Ә» сыныбының оқушысы Төлегенова Сымбаттың орындауында «Асыл әжем» әні ұсынылады.
Әже туралы арнау
Менің әжем — бұл әжем, Айтқан сөзі — дәл әжем. Аман болса, көреді Қызығымды әлі әжем. Менің әжем — нар әжем, Көп жасаған кәрі әжем. Ауырғанда мен үшін Әр сүйгені — дәрі әжем. Менің әжем — жыр әжем, Шуағы мол, нұр әжем. Ақ таяққа сүйеніп, Аман-есен жүр, әжем!
Даналық иесі, әжем — жаның таза, Мейіріммен айтқан сөзің — күн шуақта. Білімді, қайдан жиған парасатты? Өзіңдей ақыл айтқан Сократ та.
Қорытынды және алғыс
«Әжелер — көңілдің ажары, немере — өмірдің базары» атты сайыс мәресіне жақындады. Ендігі сөз кезегі — әділқазылар алқасында.
2-жүргізуші
Осымен бұл қызықты тамамдасақ, Бұл жайды айтамыз ба жаман болсақ. Үйрендік білмегенді осы жолы, Тағы да үйренеміз аман болсақ.
1-жүргізуші
Сайысқа қатысушыларға ақ ниетімізбен алғыс айта отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілейміз. Келесі кездескенше аман-сау болыңыздар.