Қош келдің, Наурыз көктемім
Тәрбие сағатының мақсаты
Білімдік
Оқушыларды Наурыз мерекесінің шығу тарихымен таныстыру, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың мәнін түсіндіру.
Тәрбиелік
Оқушыларды ұлттық құндылықтарды құрметтеуге, бірлік пен сыйластыққа тәрбиелеу.
Көрнекілік
Нақыл сөздер, суреттер, плакаттар, ұлттық қолөнер бұйымдары, бесік, киіз үй жабдықтары, төрт түлік мүсіндері, көрпе-көпшік, ұлттық тағамдар.
Дастархан мәзірі
- Наурыз көже
- Қазы-қарта
- Тары-талқан
- Бешбармақ
- Қуырдақ
- Бауырсақ
Жүру барысы
1-жүргізуші
ҚұттықтауҚош келдің, Наурыз — көктемім!
Көз жүгіртем мынау байтақ көгіме,
Көк тәңірі бақыт сыйла еліме.
Ақ қар еріп, қыраттарға гүл шығып,
Наурыз келді, Наурыз келді еліме.
Наурыз көже таратылсын бәріңе,
Қыдыр келіп қонақ болсын төріңе.
Қозы-лағың ойнақ салып қырларда,
Жылқы ауылда құлын байлап желіге.
Ассалаумағалейкүм, ардақты ағайын! Ақ таңнан жағымды жаңалық күтетін, айға қарап табиғатты болжайтын, намысы барда бодан болмайтын қазақ елі — төл мерекеміз Наурызға қош келдіңіздер!
Жаңа келген жыл отбасыларыңызға ырыс-несібе, береке, бақыт пен қуаныш әкелсін!
2-жүргізуші
Ұлыс күні
Құт-береке Наурыз айым келді деп,
Жер түледі, жасыл желек желбіреп.
Айналайын атамекен, кең далам,
Толықсиды жырға бөлеп, елжіреп.
Армысыздар, алты алаштың айбынды ұрпағы! Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын! Күн мен түн теңеліп, жер анаға жылу сыйлаған Наурыз мерекесі құтты болсын!
«Қош келдің, Наурыз — көктемім!» атты тәрбие сағатымызды бастаймыз.
Жаршының шақыруы
Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар!
Той дабылын қағып тұрған мұнда біз бар! Наурыз тойы басталды! Бір орында тұрмаңыздар! Естімегендер естіңдер, тыңдамағандар тыңдаңдар — Наурыз тойын бастаймыз!
Келіңдер, Наурыз тойға бәрің бүгін,
Аямай өнерпаздар ән мен жырын!
Тойлайық халық тойын — Наурызымның,
Шуағын жерге төккен бақыт күнін!
Келіңдер, Наурыз күнін қарсы алайық,
Билейік, жыр жырлайық, ән салайық.
Қаһарлы қыстан өтіп, Наурыз келді,
Арқаңды кеңге созшы, уа, халайық!
Ал, кәнеки, халайық,
Асқақ әнге салайық.
Басы болсын бұл тойдың —
Шырқап-шырқап алайық!
Той кезінде, жас құрбым,
Жалтақтама, тойынба.
Тартқан күйің тамылжып,
Тіл бітірсін қайыңға.
Ән кезегі келеді —
Әндеріңді дайында!
«Наурыз — біздің әніміз»
Салтанатты ашылу
Бүгін — ұлыстың ұлы күні! Ата-бабаларымыздың сөзімен айтсақ, «Ақ түйенің қарны жарылған күн». Ендеше, Наурыз мейрамына арналған салтанатты жиынымызды ашық деп жариялаймыз!
Енді ортаға бүгінгі мерекеге алыстан ат арылтып келген қадірменді қонақтарымызды шақырамыз!
Кейіпкерлер мен көрініс
Қыздар тобы
Ау, аман ба, жарандар,
Келе жатыр жылымыз.
Мейрамдаймыз мұны біз,
Жас балаша нұрланып.
Жадырайды күніміз.
Күннің жаңа нұры бар,
Мұның ғажап сыры бар.
Халық сүйген мейрам бұл —
Қарсы алайық, тұрыңдар!
Алтын Күн
Сәлем, ана, ұстаздар, айналайын балалар!
Қыдыр баба аман ба?
Уақыт іздеп келдім мен,
Бақыт тілеп адамға.
Наурыз айы туыпты —
Әне, Наурыз келеді!
Әсемдендер жер енді!
Наурыз
Сәлем, анам — Алтын Күн,
Сәлем, қарты халқымның!
Уақытыма риза боп,
Бақытыма шалқыдым!
Наурыз Ару
Ашық болсын күніміз,
Ашылады нұрымыз.
Байтақ өңір төрінде
Айтылады жырымыз.
Жайнатамын гүл-гүлді,
Сайратамын бұлбұлды.
Мерейлі жұрт тойласын,
Мейрам етіп бұл күнді.
Жүргізуші: Рахмет, Наурыз Ару, Күн ана! Тойымызға келген қадамдарыңызға нұр жаусын!
Шағын көрініс: Қыдыр ата және даналар
Қыдыр ата: Уа, ағайын! Бүгінгі күн — қасиетті Наурыз. Күн мен түн теңескен, жарлы мен бай, хан мен қара теңескен мереке баршаңызға құт әкелсін!
Төле би: Беу, халайық! Әз Наурыз әр отбасына береке әкелсін!
Қазыбек би: Асыға күткен киелі Наурыз — жер жүзіне мейірім мен жылулық әкелсін, жастарды шаттыққа бөлесін!
Жиренше шешен: Наурыз тойға жиналған халқым менің, бәріңнің ойға алғаның — жарқын сенім. Бүгінгі той — ертеңгі ардақты ісің, татулықтың тепе-теңін арттырсын.
Алдар Көсе: Келді Наурыз — бұла күш, тасқынменен. Тамыр тал бүршік жарып, табиғаттың ықыласымен тас та жібіген.
Жиренше шешен: Наурыз тойға басып аяқ жүріңдер, қалыс жан болмасын. Ән шырқап, би билейік — өнерді аяйтын уақыт емес!
Ақындардың өлең шашуы
Армысың, Қыдыр күнім, қызық күнім,
Жайнапты рахман нұрдан жүзің бүгін.
Ырыс боп, ынтымақ боп, игілік боп,
Жер-көкке жүре берсін құзырың бүгін!
Наурыз қайта оралды, аты да аңыз,
Сұрамаймыз алғыс та, ақы да біз.
Кең дастархан — даламыз, сахнамыз,
Ұлы мейрам Наурызға шақырамыз!
Наурыз — шыр айналған жылдың басы,
Адамның өлшенеді өмір жасы.
Қазақтың пейіліне жарасады,
Әр үйде дастарханға толған асы.
«Наурыз — жыл басы»
Бата
2-жүргізуші: Дүбірлі тойымыз өз мәресіне жеткендей. Ата салтын сақтай отырып, елге сыйлы ақсақалымыз — Қыдыр атадан бата сұрайық.
Қыдыр ата:
Елдеріңнің іргесі берік болсын,
Жасқа құрмет, кәріге күтім болсын.
Сөздерің серттей берік болсын,
Ісің ілгері, ақылың серік болсын.
Еккендерің өнімді болсын,
Өмірлерің көңілді болсын.
Төрт түлік төлді болсын,
Баққандарың шөлді болсын.
Ақ көп болсын, қайғы жоқ болсын,
Пейілдерің кең болсын,
Сапарларың оң болсын.
Мына ұлыстың ұлы күні әр отбасыңа бақыт әкелсін!
Ұлыс оң болсын! Әумин!
Салт-дәстүр көріністері
Келін түсіру рәсімі
Құрметті халайық! Сіздердің алдарыңызға келін түсіру рәсімін ұсынамыз.
Жар-Жар айтысы:
Алып келген базардан — қара насыр, жар-жар,
Қара мақпал сәукеле шашың басар, жар-жар.
Мұнда әкем қалды деп қам жемеңіз, жар-жар,
Жақсы болса қайын атаң орнын басар, жар-жар.
Есік алды қара су майдан болсын, жар-жар,
Ақ жүзіңді көргендей айнам болсын, жар-жар.
Қайын атасы бар дейді-ау осы қазақ, жар-жар,
Айналайын әкемдей қайдан болсын, жар-жар.
Беташар айту үшін алыстан ат арылтып келген әнші Мұхтар ағамызға сөз береміз.
Отпен аластау
Келін түскенде, жас отау шаңырағы көтерілгенде жасалатын жақсы ырымдардың бірі — отпен аластау. Бұл — «Отан оты өшпесін, ошақтан от кетпесін» деген тілекпен сабақтасқан көне ғұрып.
Рәсім көрсетіледі.
Наурыз көже және ақ тілек
Шапағатын аямай бұл жақта аспан, жадырайды әр адам мұң шақпастан. О, ағайын, келіңдер! Бүгін бізде — Наурыз көже: құрт-қатық, тары қосылған.
Қонақтарға Наурыз көже таратылады.
Наурыз мерекесі әрқайсыңызға көтеріңкі көңіл күй, қажымас қайрат, өшпес үміт пен шексіз махаббат әкелсін. Өмірлеріңіз шаттық пен қуанышқа толсын.
Бүгінгі тәрбие сағатымыз аяқталды. Көңіл қойып тыңдағандарыңызға рахмет!